Қоғам • 25 Қаңтар, 2024

Ақыл шешетін түйін

223 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір қоғамда «гендерлік теңдік» тіркесінің мағынасы толық айқындалмай тұр. Тіпті жұртшылық осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбітсе, әйелдердің ғана тұлғалық ерекшеліктерін қорғайтын түсінік ретінде қарастырады. Әлдебіреулер оған басты себеп, менталитетімізге сай келмейтін шетелден келген еліктеушілік десе, енді бірі адам теңдігі мен гендерлік теңдік ұғымының ара-жігін ажырата алмағандықтан дейді.

Ақыл шешетін түйін

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Гендер – бұл ерлер мен әйелдердің мінез-құлқын, олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты нақтылайтын, олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөл­де­рінің жиынтығы. Сәйкесінше, ген­дер­лік теңдік стратегиясы негізінен ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатындағы билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталған көзқарас. Бұған көп жағдайда қазақ этногендерология сипатында қарайды. Яғни ер мен әйелдің қарым-қатынасы ер адамды сыйлау, үлкен адамды құрметтеу, қыз тәрбиесі, тағы басқа құндылықтармен өлшейді. Содан болар дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік туралы жыл сайынғы баяндамасында Қазақстан былтыр 142 елдің ішінен 62-орынға жайғасыпты. Сарапшылар адамдардың мансабын, білімін, денсаулығын, өмір сүру деңгейін, саяси құқықтары мен мүмкіндіктерін талдап, екшеп, ескерген. Дәл осындай зерттеуді еліміздегі Қоғамдық даму институты да жүр­гізді. Құжатта респонденттердің 51,9 пайызы азаматтардың құқы мен мүм­кін­діктері бірдей десе, 41,5 пайызы ер азаматтарға басымдық берілетінін жа­сырмаған. Ал 3,5 пайызы ғана әйел­дер­дің мүмкіндігі көп деген нұсқаны таңдапты.

Осы ретте елге танымал психолог Роза Әшірбекова әлеуметтік желідегі парақшасында «Еркектің басын төрге де, көрге де сүйрейтін әйел». «Әр мықты еркектің артында ақылды әйел тұрады» деген пікірден арылу керек деген ойын ортаға салды.

«Әйел де еркек сияқты жеке тұлға. Өзінің өмір жолын өзі құрады және ол өзінен басқаға байланысты емес. Бізде көп жағдайда әйелдер гендерлік теңдікті қалайды. Бірақ оның жауап­кер­шілігін түйсіне бермейді. Мәселен, отбасында еркек табыс табуы керек деп, жауапкершілікті өзгеге жүктейді. Негізінде бірдей жұмыс істеп, кірісті немесе қандай да бір мәселені қалай шешеміз деп бірге ақылдаса отырып, әрекет етуі қажет. Көп әйел өмірде өз жолын таппай, социумнан қорқып, үйде отырып қалады. Бұл да әсер ететін факт», дейді ол.

Жалпы, зерттеулерде де елімізде әйелдердің еріне немесе азаматтық серіктесіне экономикалық тәуелділігі гендерлік теңсіздікке ықпал ететін дерек ретінде келтіріледі.

«Мәселен, 2023 жылғы зерттеу дерегіне сәйкес, әйелдердің 9,4 па­­йы­зы (2022 жылғы деректер бо­йын­ша 9,9%) азаматтық серіктесіне не­ме­­се күйеуіне экономикалық тұр­ғыда тәуелді. Отбасында күйеуі, аза­мат­­тық серіктесі жұмыс істейді, ал әйел­дердің ешқандай жеке табысы (еңбек­ақы, жәрдемақы және т.б.) жоқ. Әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау шаралары туралы қыз-келін­шек­тердің хабардар болу дең­гейі де төмен. Мұны ҚҚДИ екі жыл қата­рынан жүргізген әлеуметтанулық сауал­нама нәтижелері растайды. Сон­­дай-ақ әйелдердің кәсіпкерлік бел­­сенділігі деңгейінің төмендігін, гендерлік негізде жалақының алшақ­тығын, көбіне ерлердің пайдасына шешілетінін, басшылық лауазым­дар­дағы әйелдер санының төмендігін атап өтуге болады», деді ҚҚДИ Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшысы Арна Дүйсенова.

Қоғамдағы барлық азаматтың өзара құрмет және теңдік құндылықтарын жалғастыру және бекіту – дамыған елде бар қағидат. Демек қай жағынан қарасақ та, тепе-теңдік орнауы үшін еліміз әлі де жұмыс жүргізуі керек. Осы орайда журналист Марғұлан Ақан гендерлік теңсіздік, жалпы теңсіздіктен кереғар теория іздей бергенше, мәселені дұрыс қа­был­дай алуға бейімделу қажет екенін алға тартады.

«Менің айтқым келетіні бойдың не басқаның теңдігі емес, ойдың теңдігі. Саяси жүйесі әлі бір ретке түсе алмай жатқан елде отырып, әлі сол қаңсық пікірге сеніп, әлі сол отбасындағы әйелдің өмірін екінші рөлге қалдыру – абсурд. Қарапайым мысал, жұмыста бастығынан сөз естіп келген еркектің үйіндегі әйеліне айғайлауы не ұруы қаншалықты заңды? Өзінің теңдігін қорғай алмай, үнсіз қалып, сол жүйенің бір бөлшегі болуға келіскен еркек, үйіне келгенде әйелін де сол үнсіздікке үйретуге тырысады. Бұл жай ғана мысал, бірақ бұл мәселе – көп отбасындағы даудың басы, басты проблема. Әлеуметтік жағдайымыз оңып тұрған жоқ. Өміріміз таныс пен жемқорлыққа байланған қоғамда күн кешіп жатырмыз. Ендеше есейіп, басқаша бір көзқараста өмір сүруге ұмтылудың жолын іздеу керек. Бұл ең алдымен отбасы ішіндегі ұрыс-керіс, дау-жанжалды азайту және барынша екі саналы әрі білімді азаматтың қоғамға шығуымен өлшенеді. Бір ғана еркектің білімі қазір бәріне жетпейді: кредит, ипотека, бала бағу, күнделікті шығын, ата-анаға көмектесу бар. Таптаурын ой, ескі түсінік дегеннен де қорқудың қажеті жоқ. Шынайы өмірдің есігін қағуға қорықпау керек. Әйелің білімді болып кетсе, сені ұрып, балағаттамайды. Керісінше, саған сүйеу болады, көмектеседі. Ал біз ше? Біз тапқанымызды, істегенімізді міндетсінеміз», деді Марғұлан Ақан.

Оған қоса «Мені осылай қабылда!» деген позициялық ұстаным да мінез­ділік пен сыпайылықтың алдын көл­денең кесіп тұр. Яғни түптеп келгенде қоғам түйсігіндегі тұлғалық еркін позицияны «өзім білемнің» эгосы басып кетпеуі қажет.

Әңгіменің төркіні отбасындағы жарасымға жол салу үшін ер де, әйел де іштей ой қууы керек. Гендерлік теңдік қағидатына өту үшін де азаматтар өсудің, жетістікке жетудің кілтін тауып, ашық қоғамның іргесін қалауы қажет. Яғни мәселе мақұлмен емес, ақылмен шешілуге тиіс.