Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Негізінде АЭС-тің бірден-бір пайдасы қарапайым тұтынушыға, өндіріс ошақтарына қажетті мөлшерде электр қуатын берсе, екіншіден, арзан электр энергиясының есебінен отандық тауардың өзіндік құнының арзандауына да септігін тигізеді. Бұл – біздің пайымымыз. Ал арзан тауар әрқашан ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да төмен бағасымен тұтынушыларды қызықтырады. Мәселен, бұл проблеманы еліміздің оңтүстігінде жылыжай шаруашылығымен айналысатын шаруалар қатты сезінеді. Өйткені диқандар көршілес елдерден келетін бағасы арзан көкөністен көбірек зиян шегеді. Әсіресе, ішкі нарықты Түрікменстанның арзан қызанақтары басып қалады. Сондай кезде диқандар табиғи таза өнім өндірсе де бағасы жағынан бәсекеге төтеп бере алмай жатады. Ал тұтынушының бірінші кезекте арзан дүниеге қарай жүгіретіні белгілі. Көршілес елдердің көкөнісін арзан еткен фактордың бірегейі – жылы климаты мен төмен бағадағы газы. Ал елімізде газ да, көмір де арзан емес. Соған қарай тауардың өзіндік құны да жоғары болатыны сөзсіз.
Ауыл шаруашылығы нарығындағы шынайы жағдай аңғартқандай арзан энергия көзінің расында да диқандардың бәсекеде жеңіп шығуына үлкен көмегі бар. Ендеше дәл осылайша басқа салаларда да қуат көзінің арзандығы кәсіпкерге тиімді жағдай туғызатынын байқауға болады. Мәселен, ауыл шаруашылығынан бөлек түрлі дайын тауарлар өндірісінде арзан қуат көзі әрдайым отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны анық.
Ғылым саласы күн сайын дамып жатыр. Өткен ғасырда индустрияландыру үдерісі орын алса, жаңа ғасырда адамзат цифрландыру дәуіріне аяқ басты. Бұл салада адамзаттың жеткен ең үлкен жетістігі – ІТ технология мен жасанды интеллект. Ураннан энергия алу да адам баласының ғылымды бағындырғандағы үлкен бір жетістігі дер едік. Дегенмен, адамзат мұнымен де шектелмей, енді көкте жарқыраған жұлдыздардың энергиясын жерде өндірудің жайын ойластырып жатыр. Мәселен, жұлдыздарда термоядролық реакция жүріп, нәтижесінде алапат энергия бөлініп шығады. Дәл сондай реакцияны жер бетінде жасау үшін өте жоғары температурадағы плазманы ұстап тұратын берік нысан керек. Ғалымдар қазір сол мәселені шешумен бас қатырып жүр. Өзбекәлі Жәнібек атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің физика кафедрасында ұстаздық ететін маман Дәулет Бердәлиевтің айтуынша, адамзат осы күнге дейін атом энергиясының басқарылмайтын және басқарылатын түрлерін игерді. Басқарылмайтын атом энергиясы ядролық қару болса, басқарылатын түрі – атом электр стансасы. Сол секілді термоядролық энергияның да басқарылмайтын түрін бағындырды. Ол – сутегі бомбасы. Енді адам баласының алдында термоядролық энергияның басқарылатын түрін игеру ғана қалып тұр.
Әлемнің дамыған елдері уранды қойып жұлдыздарға қол созып жатқанда, АЭС деген бір жеңіл дүние шығар деп те қарауға болмас. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің бас басылымына берген сұхбатына қайта оралып, болашақ атом электр стансасының құрылысына байланысты белгілі қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразалы Сәбденнен бірауыз пікір сұраған едік. Бұл жөнінде ғалым: «АЭС – жеті рет өлшеп, бір рет кесетін мәселе. Өйткені Чернобыльдегі апат, Жапониядағы жағдай бәрімізге сабақ болуға тиіс. АЭС-тен бұрын оның қауіпсіздік мәселесі қиын болып тұр. Осы жағдайды ескергендіктен әлемдегі ең озық ел Германия атом энергиясынан бас тартып, өзіндегі АЭС-терді бірінен кейін бірін жапты. Ал Франция кезінде атом электр стансаларын көп салып, қазір қуат өндірісінде АЭС-ке тәуелді болып қалды. Яғни Францияның 65-70 пайыз электр қуатын АЭС қамтамасыз етеді. Сондықтан менің пікірімше, баламалы энергия көздері жел, күн, судың да әлеуетін есепке алу керек. Президент Жолдауда да, сұхбатында да атом электр стансасының келешек тағдырын халық шешсін деді. Алайда мен референдумның шынайы өткенін қалаймын. Тек есеп үшін халық пікірін сараптаудың қажеті жоқ. Өйткені бұл – еліміздің, қала берді әрқайсымыздың жеке тағдырымыз. АЭС құрылысына байланысты референдум алдында зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар белсенді жұмыс атқаруы қажет. Халық тарапынан бұл мәселеде ешқандай түсінбеушілік болмауға тиіс. Яғни АЭС құрылысы «екіге екіні көбейтсең, төрт болады» деген секілді ашық та мөлдір әрі түсінікті болуы керек. Сонымен бірге тағы да терең талдаулар жүргізген жөн болады. Бүгінгі таңда өндіріске электр қуаты жеткілікті ме, жоқ па, оны баламалы қуат көздерімен толықтыра аламыз ба? Елімізде электр энергиясы тапшылық тудыратындай ірі өндіріс ошақтары көп емес. Міне, алдымен осы сауалдарға жауап алу керек секілді. Сосын барып АЭС құрылысы жөнінде әңгіме қозғаған жөн», деді.
Қалай болғанда да АЭС құрылысының күн тәртібіне шығуы тегін емес. Демек, шын мәнінде оған қажеттіліктің туындағаны рас. Дәл бүгін керек болмаса да, келешекте елімізді энергетикалық тәуелділіктен құтқару үшін қажет. Бұл мәселеде ғалым ағамыз айтып өткендей, жеті рет өлшеп, бір рет кеспек керек.
ШЫМКЕНТ