Білім • 25 Қаңтар, 2024

ҚазҰУ ғалымдары Үрімжіде

143 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдарының Қытайдың Үрімжі қаласына екі күндік жұмыс сапары басталды.

ҚазҰУ ғалымдары Үрімжіде

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Қытайға ҚХР Білім вице-министрінің шақыртуымен барды.

Сапар барысында делегация мүшелері Қазақстан мен Қытай университеттерінің халықаралық ғылыми симпозиумына қатысып, баяндама жасайды. Мұнымен қоса ҚазҰУ ғалымдары табысты инновациялық жобаларын Қытай ЖОО-ларына кеңінен таныстыру, сондай-ақ нәтижелі ғылыми жобаларды коммерцияландыру, өндіріске енгізу бойынша серіктестер тарту, тәжірибе алмасу мақсатында ғылыми көрме өткізбекші. Көрме алаңында ең үздік 30 ғылыми-инновациялық жоба көрсетіледі деп жоспарланып отыр.

ҚазҰУ делегациясы Үрімжі қаласында орналасқан жоғары оқу орындарына барып, университет басшыларымен бірқатар кездесулер өткізуді де жоспарлап отыр. Жүздесуде тараптар серіктестікті арттыру және ортақ жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жұмыстарын пысықтайды. Бұған қоса Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайдың жоғары оқу орындарымен және институттарымен ынтымақтастық жөнінде келісімдерге қол қойып қайтпақшы.