Үкімет • 26 Қаңтар, 2024

Агроөнеркәсіптің жол картасы

138 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңес қорытындысы бойынша тиісті құжат бекітілді.

Агроөнеркәсіптің жол картасы

Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа деңгейіне шығару және жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы мақсатта агроөнеркәсіп кешенінің әрбір бағыты бойынша шаралар қарастырылған Жол картасы әзірленді.

Мәселен, елімізде егіс алқап­тарын әртараптандыру жандандырылады, бұл ылғалды көп қажет ететін дақылдардың үлесін азайтады және жоғары рентабельді өсімдіктер, мысалы, майлы дақылдар өндірісінің көлемін арттырады. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу, тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасын қарқынды жаңарту жоспарланған.

Сондай-ақ Жол картасына ірі және ұсақ мал басын көбейтуге, ет пен астық өңдеуді арттыруға, тауарлы-сүт фермалары және басқа да нысандарды іске қосуға бағытталған шаралар да енгізілген. Жол картасын жүзеге асыру агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімін 2028 жылға қарай 2 есеге арттырып, 17 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Негізгі түйткілді мәселелер және агроөнеркәсіп кешенін дамыту бо­йынша ұсынылып отырған шаралар туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндама жасады. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету жоспарлары туралы айтты. Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа шараларын талқылауға Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Жамбыл және басқа облыстардың әкімдері қатысты.

Премьер-министр алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Ауыл шаруа­шылығы және Су ресурста­ры министрліктері өңірлердің әкім­дік­терімен бірлесіп, жұмыс істеу тәсіл­дерін қайта қарау қажет екенін баса айтты.

«Әрбір өңір үшін өсудің қолда бар резервтері мен даму әлеуетін ескере отырып, көрсеткіштер айқындалды. Моно және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайту арқылы сұранысқа ие дақылдардың алқаптарын кеңейтіп, минералды тыңайтқыштар қолдану деңгейін арттыру қажет», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық тұқымдары үлесін, машина-трактор паркін жаңарту деңгейін және су үнемдеу технологиялары енгізілген алаңдарды арттыру қажет.

«Әкімдіктер мен министрліктер тарапынан аталған көрсеткіштерге қол жеткізуге тұрақты бақылау орнату қажет. Бүгінде біз жұмысымызда жаңа тәсілдер қабылдап жатырмыз. Облыс әкімдіктері Жол картасында көзделген өз көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуі керек. Бұл үшін жеке жауапкершілік артылады»,  деді Премьер-министр.

Ә.Смайылов Жол картасының орын­да­луына ай сайын мониторинг жүр­гізу­ді және аталған мәселені тоқсан са­йын Үкімет отырысына шығаруды талап етті.