Қоғам • 26 Қаңтар, 2024

Жетісуда кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорғандағы Көркемөнер галереясында «Jetisu book fair» кітап жәрмеңкесі басталды. Онда «Ziyat», «Атамұра», «Асыл қазына» сияқты кітап дүкендері мен жергілікті ақын-жазушылар еңбектерін сатылымға шығарды. Сондай-ақ жиын аясында жазушы Қанат Тілеуханның «Шатырдағы әйел» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жетісуда кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр

Фото: Дмитрий Ерофеев

Аталған жәрмеңкеде әлем және қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары, балаларға арналған ертегілер мен энциклопедиялар, публицистикалық, мотивациялық еңбектер де бар. Мәдени іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев кітаптың мән-маңызына тоқталды.

«Ұрпақ тәрбиесінде, қоғамның дамуында кітаптың рөлі зор. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен насихаттау, қазақ әдебиетін дамытуға қолдау жасау – біздің ортақ міндетіміз. Адам өмірде өз орнын тапқысы келсе, қандай да бір жетістікке жетемін десе, ең алдымен кітап оқуы керек. Бүгінгі жәрмеңкені жазғы мезгілді күтпей, жылдың басынан бастап кетті. Енді бұл кітаптарды басқа аудан-қалаларға да жеткізетін боламыз», деді М.Көлбаев.

Іс-шараға арнайы келген Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Серік Сарыбай өз сөзінде Жетісу кітапханасы сериясымен жарық көрген кітаптардың бірнеше данасын Ұлттық Академиялық кітапхананың қорына тапсырып, кітаптардың PDF форматтағы нұсқасын kazneb.kz сайтына беру керектігі туралы ұсынысын жеткізді. Ал Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай цифрлық технологияның қаншалықты қарқынды дамығанына қарамастан, кітап адамзаттың ең басты серігі болып қала беретінін айтты. 

«Өткен жылы 13 кітаптың тұсауын кестік. Бұл кітаптар да бүгін осы жәрмеңкеде оқырманға ұсынылып отыр. Биылғы жылы да бұл игі іс жалғасады. Бұл ретте Жетісу тарихына және өлкетануға қатысты кітаптар шығаруға басымдық бергелі отырмыз», дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.

Кітап жәрмеңкесінде өз туындыларын сатылымға ұсынған жергілікті ақын-жазушылар, журналистер мен суретшілер арасында атап айтқанда Нүсіпбай Әбдірахым, Әміре Әрін, Жақан Баримбеков, Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасен, Жангелді Немеребай, Самат Слямғазин, Қажет Андас, Азамат Нұрмұхан бар.

Кітап жәрмеңкесін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен С.Сейфуллин атындағы кітапхана өткізіп жатыр. Жәрмеңке 29 қаңтарға дейін жалғасады. Іс-шара аясында «Muzycal party» класcикалық музыка кеші, «Сан сұраққа саяхат»  викториналық ойындар және  «Библио спорт» алаңында тоғызқұмалақ және шахмат ойындары ұйымдастырылады.