Қоғам • 26 Қаңтар, 2024

Алматыда Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш ашылды

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда Түркияның тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Ескерткіш Алматы қаласының әкімдігі Мұстафа Кемалдың құрметіне өткен жылы ашылған «Ататүрік скверінде» бой көтерді.

Алматыда Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш ашылды

Фото: Ашық дереккөз

Салтанатты іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, түрік диаспорасы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиын барысында министр Аида Балаева ескерткіш орнату туралы тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапары кезінде бергенін атап өтті.

«Түбі бір, тарихы тамырлас Түрік елі біз үшін кеше де, бүгін де тілегі ортақ, мақсаты бір бауырлас мемлекет. Мемлекет басшыларының арқасында осы күндері біздің елдер арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, қазіргі таңда барлық салалар қарқынды дамып келеді. Әсіресе, бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықтың алтын көпірі болған мәдени байланысымыз зор. Бұл ретте Түркия тарихында өшпес із қалдырған қазіргі түрік мемлекетінің негізін қалаушыға ерекше мән беріледі. Ол жүзеге асырған мәдени, саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларымен заманауи қоғамның құрылуына баға жетпес үлес қосты. Мемлекеттің дамуына негіз болатын реформалар күні бүгінге дейін жалғасып келеді», деген Аида Балаева ескерткіш Түркияның тарихи мұрасын құрметтеуді ғана емес, екі елдің достығы мен ынтымақтастығын да бейнелейтінін атап өтті.

Биіктігі 3 метрге дейін жететін қола ескерткіштің тұғыры граниттен жасалған. Ескерткішті мүсіншілер – Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов қашады.