Қоғам • 28 Қаңтар, 2024

«Қызықты ономастика»

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ІТ мамандары қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында түрлі жобалар жасап жүр. Соның бірі – «Қызықты ономастика» мобильді қосымшасы.

«Қызықты ономастика»

Фото: kaz.inform.kz

Ономастика ежелгі грек тілінен аударғанда «ат қою өнері» дегенді білдіреді. Бұл өнім қолданушы­ларға адам есімінің, географиялық нысандардың, жануарлар мен құс атауларының мағынасы мен шығу тегін қазақ тілінде ұсынады.

Цифрлық өнімнің басты ерек­шелігі – 800-ден астам жеке атауды біріктіруінде. Олар 100-ге жуық семантикалық белгілер бойынша топ­тастырылған. Қосымшада жаңа туған нәресте есімін таңдау және өз есімінің мағынасын білу мүм­кін­дігі бар. Қуантарлығы, пайдаланушы­лар қосымшада жоқ есімдерді мағы­на­сымен бірге өздері енгізе алады. Атал­ған бағдарламаның басты мақсаты – қазақ тіліндегі ІТ ресурстарды кеңейту.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілде цифрлық өнімдерді арттырудың маңыздылы­ғын атап өтті. Біз көпшілікке ыңғай­лы «Қызықты ономастика» мобильді қосымшасын іске қостық. 1,5 жыл бойы табанды еңбек еттік. Соның нәтижесінде көптеген зерттеу жүр­гізілді. Бұл жобамыз есімдердің шы­ғу тегі мен этимологиясын білуге мүм­кіндік береді. Егер есіміңіз бірнеше сөзден тұрса, олардың әрқайсысының жеке мағынасын таба аласыз. Сон­дай-ақ цифрлық платформада пайда­ланушыларға ыңғайлы болуы үшін алфавит бойынша сұрыптау да бар. Іздеу тарихы сақталады әрі таңдаған есімдерді бөлек сақтауға болады, – деді жоба жетекшісі, университеттің Цифрлық даму және қашықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекманова.

Цифрлық платформада ыңғайлы бағыт-бағдар мен жылдам іздеу жүйесі бар. Мобильді қосымша қазір Android платформасында қолжетімді. Отандық ғалымдардың қазақ тілінің аясын кеңейтіп жатқаны көңіл қуантады.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті