Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ал қазір ше? Тілшілік сапармен ауыл шаруашылығы жұмыстарын көреміз. Дән себу кезінен орақ түскенге дейінгі шаруалардың тыныс-тіршілігінен хабар береміз. Кейбір жеке шаруашылықтардың егіс даласында боламыз. Сонда көретініміз, ылғи жаңа техника. Германиялық «Class» маркілі комбайн мен трактор, канадалық «МacDon» деп аталатын жатка. Шөп басатын техникасы, жер жыртар соқасына дейін заманауи. Трактор атаулы да түгел өзгерген. Шетелдік дүние болған соң, шиыршық атып ширақ көрінетін. Демек жағдайымыз бұрынғыдан әлдеқайда жақсырақ...
Рас, кейінгі жылдары осы асыраушы саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Аграрлық сектордың қай бағыты болсын өзгеріс көп. Соның бірі – осы ауыл шаруашылығы машиналарын жаңарту мәселесі. Мысалы, 2017 жылы елде ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 1,9% болса, былтыр бұл көрсеткіш 2 есеге артып, 4,4%-ды құраған. Ал салалық министрлік берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы республика бойынша ауыл шаруашылығы саласында 149 мың 800 трактор, 38 мың комбайн, 4 900 егіс кешені және 76 мың 300 тұқымсепкіш, сондай-ақ 219 мың әртүрлі топырақ өңдеу құралы тіркелген.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
– Шіліңгір ыстықта дала диқандары күрішін баптап, одан жоғары өнім алуды ниет ететіні анық. Ал межелеген мақсаттан шығу үшін, ең алдымен, шаруашылық техникасы жақсы болуы керек. Біз екі жыл бұрын жаңа маркадағы «Class Lexion 750» комбайнының екеуін, «Class Axion 820» тракторының үшеуін алдық. Фермерлік үш соқа, бір дискілі тырма, екі жер тегістегіш лазерлік тырма және бұған қосымша жаңа түрік технологиясымен дайындалған екі тұқым сепкіш алып отырмыз. Бұл – біздің өнімді арттырып, сапасын жоғарылатуға көп көмегі болары сөзсіз, – дейді бізбен тілдескен Қызылорда облысындағы «Шаған жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов.
Төрағаның айтуынша, шаруалар үшін техникалық база аса маңызды. Егінді төкпей-шашпай жинап, одан мол өнім алуда оның атқарар рөлі ерекше. Айталық, былтыр науқан басталар тұста серіктестіктің базасы тағы кеңейіп, жаңа техникалар алыныпты. Атап айтсақ, алты «Class Axion 820», үш «Zoomlion 1604», үш «Zoomlion 904» маркалы трактор, «Case 4099» маркалы комбайн, жаңа түрік соқасы, екі «Class Lexion 750» маркалы комбайн, үш лазерлік жоспарлаушы мен «Zoomlion 160» маркалы бульдозер-экскаватор тиегіш және телескоптық жүк тиегіші егінші ағайынның жүгін жеңілдетіп тұр. Бұған қосымша 4,5 метрлік дискілі тырма және «MacDon» маркалы өздігінен жүріп шөп оратын машина шаруашылықтың бар жұмысын атқарып жатыр.
Бірақ әлі де орнын толтырар олқылық көп бізде. Кейбір шаруашылық өз жағдайына қарай кем-кетігін енді түгелдеуде. Расымен, биыл алған өнімнің бар қаржысын жаңа техникаға жұмсаса, келер жылғы егін дайындығын қайтпек? Қарамағындағы диқандар ше? Оларға төленетін жалақы да бар емес пе?!
Десек те бәрібір осы саладағы күн тәртібінен түспей тұрған мәселе – машина-трактор паркін жаңалау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», деген еді.
Ал жалпы бұған дейін де Үкімет тарапынан қолдау жоқ емес еді. Өзіміздегі мемлекеттік қолдау ресурстарын пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін сапалы және заманауи техникаларға қолжетімділік артып келеді. Мысалы, 2018 жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға берілетін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау (10 пайызға дейін) бағдарламасы қайта жанданды. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2027 жылға қарай 10 мыңға дейін отандық трактор және өзге де техника сатып алу жоспарланған еді. Бұл – өзіміздің машина жасаушыларға да үлкен көмек.
Отандық демекші, бүгінде Қазақстанда түрлі маркадағы трактор мен комбайн құрастыратын 8 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Бұлар – «Агромашхолдинг KZ» АҚ, «ҚАИК» ЖШС, «СемАз» ЖШС, «KAZROST Engineering Ltd.», «Қостанай трактор зауыты» ЖШС, «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» ЖШС, «Kaz Kioti» ЖШС және «СТ ЭСЭМБЛИ» ЖШС. Қазір жергілікті фермерлер осы отандық өндірушілерден өзіне ұнамды модельдерге қолма-қол қаржы немесе лизинг арқылы қол жеткізіп жүр.
Мысалы, осы бағытта жұмыс істеп жатқан «Қостанай трактор зауыты» базасын айтуға болады. Кәсіпорынның қуаты – жылына 700 трактор. Жоба Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асқан. Қостанай қаласының индустриалдық аймағында «Петербург трактор зауыты» АҚ-мен ынтымақтастық негізінде басталып, қос тараптың өнімі ауыл шаруашылығы саласында қолдау тапты.
«Кировец» маркалы қуатты техниканың тарихы да тым әріде. Біздің шаруалар үшін мықты әрі төзімді трактор саналатын бұл 1924 жылдан бері шығады. Ал 2014 жылдан бастап жаңартылған нұсқасы пайдалануға берілді.
Мұнан бөлек, ресейлік және Беларусь мемлекетінің тракторлары сұранысқа ие. Біздің шаруалардың да көптеп пайдаланып отырғаны – осылар. Сондай-ақ қазіргі агроқұрылымдарда АҚШ, Германия, Канада, Түркия, Швеция секілді шетелдерден түрлі ауыл шаруашылығы жабдықтары мен құрылғыларын жеткізетін компаниялар да көбейген. Жоғарыда айтқандай, шетелдік комбайн мен жаткалардың түр-түрі елге жетіп жатыр.
Қорыта айтсақ, ескі техниканы шұқылай-шұқылай шаршаған шаруашылықтың астық өндіруде, не мал азығын дайындауда көп кедергіге ұшырайтыны анық. Тозығы жеткен техника жұмысты тұралатады. Бұл – анық. Наурыз бен қарашаның соңына дейін дала басындағы шаруаның көлігі жап-жаңа болса ғана жаны жадыраңқы. Жұмысы да жүйелі. Келесі бұған «су тапшылығы болмаса» деген тілекті де қосамыз. Әсіресе оңтүстік өңірлерде. Сол үшін осындай кері кеткен дүниені қалыпқа келтіріп, биылғы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табар деген сенім бар. Әйтпесе, ескі техниканың есті жиғызбайтындығы – басы ашық нәрсе.