Саясат • 29 Қаңтар, 2024

Түсіністікке қол жеткізілді

151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәскеуде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақ­тастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) тең төрағаларының кездесуі өтті.

Түсіністікке қол жеткізілді

Фото: primeminister.kz

Вице-премьерлер Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук екі ел үшін маңызды көлік саласының мәселелерін талқылап, өзара түсіністікке қол жеткізді. ҮАК жұмы­сына Қазақ­стан делегациясы құрамында Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы қатысты.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – Ресей-Беларусь шекарасында навигациялық пломбаларды орнатуды талап ететін жүктерді тасымалдау кезінде қазақстандық көліктер кездесетін қиындықтар. Бұл мәселе биыл жыл басында басталған келіссөздердің жалғасы болды. Қазақстандық тарап Псков облысында орналасқан «Лобок» бақылау-өткізу пунктінде жүктің жекелеген түрлерін анықтау құралдарының жетіспеушілігі мәселесіне назар аударды.

2023 жылы 12 желтоқ­санда және 2024 жылы 8 қаңтарда Ресей-Беларусь шекарасында Ресей мен Беларусь азаматтары саналмайтындар үшін үш өткізу пункті толығымен жабылған еді. Салдарынан Еуропадан Беларусь аумағы арқылы Қазақстанға баратын барлық транзит кесілді. Бұдан бөлек, Бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайында Қазақстан мен Беларусь ара­с­ындағы өзара сауда-саттыққа қауіп төнді. Қазақ­стандық тараптың бірнеше мәрте өтіні­шінен кейін «Лобок» өткізу пункті арқылы жүк ағы­нын қайта бағдарлау арқылы жағдай рет­телді.

Қазіргі уақытта навигациялық плом­ба­лар орнатуды талап ететін жекелеген жүк­терді қоспағанда, қазақстандық тасымал­дау­шылардың барлығы дерлік шекарадан өтті. Бұл объектіде сәйкес жүйе болмағандықтан, мұндай жүк түрлерін транзитпен тасымалдау тәртібі пысықталмаған. Диалог аясында ресейлік тарап 2024 жылғы 1 ақпанға дейін өткізу пунктін навигациялық пломбаларды орнату жүйесімен және көлік құрал­дарын өлшеуге арналған жабдықпен жарақ­тандыруды аяқтау ниеті туралы хабарлады.

Сондай-ақ ҮАК қатысушылары теміржол арқылы экспорттық жүктерді тасымалдауға өзара жеңілдіктерді қолдану мүмкіндігін талқылады. Атап айтқанда, бүгінгі таңда РФ бойынша біздің елдің экспорттаушылар үшін көмір мен темір рудасын тасымалдауға арналған қолданыстағы т/ж тарифі жөнелту көлемінің ұлғаюын тежейді. Сонымен қатар 2023 жылы Вентспилс портына (Латвия) қазақстандық көмір экспортының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 60%-ға немесе 1,5 млн тоннаға қысқарды. Бұл еуропалық өткізу нарықтарындағы көмірдің 1 тоннасы үшін бағаның орта есеппен 350 доллардан 110 долларға дейін төмендеуіне және Ресей теміржолдарының қолданыстағы теміржол тарифтеріне байланысты, бұл жиынтығында қазақстандық экспорттаушыларды бәсекеге қабілетсіз етті.

Серік Жұманғарин ресейлік тарапқа Вентспилс порты бағытында көмір мен темір рудасын кенін тасымалдауға арналған РЖД транзиттік тарифіне төмендету коэффициентін қолдануды қарастыруды ұсынды. Қазақстан өз тарапынан Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс тармағы бойын­ша ресейлік астықты тасымалдауға ҚТЖ тарифіне төмендету коэффициентін қол­дануды қарастыруға дайын.

ҮАК аясында қатысушылар кедендік реттеу, электрондық сауда салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды талқылады. Өнеркәсіп, денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды іске асыру барысын және Еура­зиялық экономикалық одақтағы интегра­ция үдерісін тереңдету келешегін қарастырды.