Көрме • 29 Қаңтар, 2024

Жетісудағы кітап жәрмеңкесі

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорғандағы Көркемөнер галереясында «Jetisu book fair» кітап жәрмеңкесі басталды. Онда «Ziyat», «Атамұра», «Асыл қазына» сияқ­ты кітап дүкендерінің кітаптарын, жергілікті ақын-жазушылар еңбек­терін сатылымға шығарылды. Сондай-ақ жиын аясында жазушы Қанат Тілеуханның «Шатырдағы әйел» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жетісудағы кітап жәрмеңкесі

Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев

Аталған жәрмеңкеде әлем және қазақ әдебиеті классиктерінің шығар­малары, балаларға арналған ерте­гілер мен энциклопедиялар, публи­цистикалық, мотивациялық еңбектер де бар. Мәдени шараның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев кітаптың мән-маңызына тоқталды.

«Ұрпақ тәрбиесінде, қоғамның дамуында кітаптың рөлі зор. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен насихаттау, қазақ әдебиетін да­мытуға қолдау жасау – біздің ортақ мін­детіміз. Адам өмірде өз орнын тапқысы келсе, қандай да бір жетіс­тікке жетемін десе, ең алдымен кітап оқуы керек. Бүгінгі жәрмеңкені жазғы мезгілді күтпей, жылдың басынан бас­тап кетті. Енді бұл кітаптарды басқа аудан-қалаларға да жеткізеді», деді М.Көлбаев.

Іс-шараға арнайы келген Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Серік Сарыбай өз сөзінде «Жетісу» кітапханасы сериясымен жарық көр­ген кітаптардың бірнеше данасын Ұлттық академиялық кітапхананың қорына тапсырып, кітаптардың PDF фор­маттағы нұсқасын kazneb.kz сайтына беру керектігі туралы ұсынысын жет­кізді. Ал Жазушылар одағы төраға­сының орынбасары Бейбіт Сарыбай цифрлық технологияның қаншалықты қарқынды дамығанына қарамастан, кітап адамзаттың ең басты серігі болып қала беретінін айтты.

«Өткен жылы 13 кітаптың тұсауын кестік. Бұл кітаптар да бүгін осы жәр­меңкеде оқырманға ұсынылып отыр. Биыл да бұл игі іс жалға­сады. Бұл ретте Жетісу тарихына және өлкетануға қатысты кітаптар шығаруға басымдық бергелі отырмыз», дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.

Кітап жәрмеңкесінде өз туынды­ларын сатылымға ұсынған жергі­лік­ті ақын-жазушылар, журналис­тер мен суретшілер арасында, атап айт­қан­да, Нүсіпбай Әбдірахым, Әміре Әрін, Жақан Бәрімбеков, Сағы­ныш На­мазшамова, Гүлбақыт Қасен, Жангелді Немеребай, Самат Слямғазин, Қажет Андас, Азамат Нұрмұхан бар.

Кітап жәрмеңкесін облыстық мә­дениет, архивтер және құжаттама бас­қар­масының қолдауымен С.Сей­фул­лин атындағы кітапхана өт­кізуде. Жәрмеңке қаңтар айының соңына дейін жалғасады. Іс-шара аясында «Muzycal party» класcикалық музыка кеші, «Сан сұраққа саяхат» викто­риналық ойындар және «Библиоспорт» алаңында тоғызқұмалақ және шах­мат ойындары ұйымдастырылады.

 

Жетісу облысы