Аймақтар • 30 Қаңтар, 2024

Жеті адам жауапқа тартылмақ

146 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Майқайың алтын кенішінде жер астына түсіп кеткен автобус­тағы екі құтқарушыны іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жұма күні апаттың себеп-салдарын тексеріп жатқан арнайы ко­миссия нәтижелерін жария етті. Комиссия қайғылы оқиғаға кә­сіп­орынның жеті адамы жауапты деген ұйғарымға келген.

Жеті адам жауапқа тартылмақ

Еңбек және ха­лықты әлеу­меттік қор­ғау министр­лігінің ұйымдастыруымен құ­рыл­ған арнайы комиссия 4-24 қаңтар ара­лығында тергеу жүр­гізді. Атал­ған кезең ішінде Тө­тен­ше жағдайлар министрлігі Өнер­кәсіптік қауіпсіздік комитеті төр­ағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия мүшелері жобалық құ­жаттаманы зерделеп, тергеуге 4 сараптамалық ұйымды, оның ішінде Ресей Федерациясының сарапшысын тартқан. Мамандар алтын өндіруші кәсіпорынның куәгерлері мен лауазымды тұл­ғалары арасында сауалнама жүр­гізді. Сонымен қатар комиссия мүшелері шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеді.

«Біздің комиссия жан-жақты тергеу жүргізе отырып, барлық жайтты назарға алды. Комиссия тау-кен массасының құлауы салдарынан орын алған топтық жа­затайым оқиғаның себептері ретінде келесілерді атайды:

– Жұмыс өндірісі қанағат­танарлықсыз деңгейде ұйымдас­тырылған;

«Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүр­гізілуіне өндірістік бақылау тиісті түрде жүзеге асырылмаған;

– Блоктарды өңдеу кезінде қазбалардың құлау үдерісін бақы­лау тиісінше жүзеге асырылмаған деген қорытындыға келді.

Сонымен қатар шахта үстін­дегі бос кеңістіктерге тиісті ба­қылау жүргізілмегені, жобалық құжаттамаға сәйкес әзірленген тазарту кеңістігіндегі бос жерлердің құлау ықтималдылығы бар екені назарға алынбағаны анық­талды. Осының салдарынан кенеттен тау массасы құлап, жазатайы­м оқиға орын алған», деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіп­сіздік комитеті Павлодар облысы бойынша де­партаментінің басшысы Данияр Андасов.

Тергеу нәтижелері бойынша комиссия мүшелері жазатайы­м оқиғаның себептерін жою жө­ніндегі іс-шараларды және олар­дың орындалу мерзімдерін ай­қындады. Оның ішінде шахта директорының, бас инженердің, бас маркшейдердің, учаскелік маркшейдерлердің лауазымдық нұсқаулықтары өнеркәсіптік қа­уіпсіздік саласындағы заңна­маның талаптарын ескере отырып, қайта қаралмақ.

Д.Андасовтың айтуынша, бұ­дан басқа тау-кен қазбаларының өнеркәсіптік қауіпсіздік талап­тарына сәйкестігіне егжей-тег­жей тексеру жүргізіледі. Құ­лауы мүмкін аймақтарды және қа­уіп­сіздік нормаларын қамтамасыз етуді ескере отырып, автокөлік қоз­­ғалысының маршруттары да әзір­ленеді.

Комиссия шешімі бойынша, топтық жазатайым оқиғаның орын алуына кінәлі ретінде 7 адам жауапты деп танылып отыр. Ең­бек заңнамасына сәйкес тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді.

Апат болған жерде авариялық-құтқару жұмыстары оқиға орын алған сәттен бастап ұдайы жүр­гі­зіліп жатыр. Бұған дейін ойық тү­бі­не шағын экскаватор түсі­­рі­ліп, гео­логиялық сканер арқы­лы бел­гіленген жер­лерді қазу жұмыс­та­ры жалғасып жатыр.

«Қазіргі уақытта құтқару­шы­лар экскаватордың жолына бөгеу болып тұрған салмағы 5 тоннадан асатын аса ірі емес тастарды пневмо-электр құрал­дарының көмегімен алып тастап жатыр. Құтқарушылар ауыр жағдайда жұмыс істеуде. Ойық шетіндегі топырақтың төмен сыр­ғуы әлі де жалғасып жатыр. Барлық жұмысқа 147 адам, 45 тех­ника жұмылдырылған», дейді Павлодар облысы төтенше жағ­дайлар де­пар­таменті басты­ғының орынбасары Олег Трещев.

Құтқарушылардың сөзіне сүйенсек, шұңқырдың астында бос кеңістіктер бар. Жұмыс іс­теп жатқандар кез келген сәтте әлгі ойықтарға түсіп кетуі әб­ден мүм­кін. Сондықтан құтқару­шы­лар аса сақтықпен қимылдап жатыр.

Айтпақшы, жер астына тү­сіп кеткен құтқарушыларды іздеуге Айгүл есімді көріпкелдің Май­қайыңға келгені туралы ақпар тара­ған еді. Төтенше жағдай де­партаменті балгерді табылмай жат­қан азаматтардың туыстары шақыртқанын хабарлады.

«Төтенше жағдайлар департа­ментінің бұл көріпкелдің келуіне ешқандай қатысы жоқ, қайғылы оқиға орнына ізделіп жатқан құт­қарушылардың туыстары ша­қыртқан. Олардың бұл әре­кетіне ешқандай ведомство кедер­гі келтіре алмайды. Көріпкел әйел туыс­тарымен бірге ойықтан қа­уіпсіз арақашықтықта тұрды. Құтқарушылар жүргізіп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстарына жақындаған жоқ. Төтенше жағдай мамандары мен өзге де мамандар нұсқаулыққа сәйкес жұмыс істеп жатыр. Жұмыста топырақтың қозғалуын сканерлейтін техника, геологиялық сканер және металл іздегіш қолданылған. Сондай-ақ ойықтың түбінде кинологиялық топ іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Жұмыс бағытымыз арнайы аспаптардың көрсеткіштері негізінде түзетіліп отырады», деп хабарлады өңірлік төтенше жағ­дайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті