Аймақтар • 29 Қаңтар, 2024

Жаңа қоғамдық көліктер беріледі

385 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Балқаш қаласына жаңа автобустар барады. Енді қала тұрғындары мен қонақтары тозығы жеткен қоғамдық көліктермен қатынамайды.

Жаңа қоғамдық көліктер беріледі

Өндіріс өркендеген шағын шаһарға жаңа 29 автобус келеді. Жа­ғым­ды жаңалықты «Ор­та­­лық­ТрансСервис» ЖШС бас ди­рек­торы Рустам Исаев жет­кізді.

– Қала тұрғындары үшін өте қолайлы автобус­тар қа­тынайды. Сыйым­дылығы үлкен автобустар Бал­қаштың климатына сәйкес келеді. Отандық өнім. Біздің талабымызға сәйкес автобус­ты мейлінше жолаушыларға ыңғайлы етіп жасаған. За­ма­науи үлгідегі ұзындығы 10,5 метр болатын іші кең автобустар. Сонымен қатар қыста автобус ішін жылыту үшін пештер саны көбейтілген. Балалы жолаушылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы орын­дар бар. Жазғы қапырықта ыстықты басатын кондиционері де қойылған. Арнайы бейнекамерамен де жабдықталған, – дейді Р.Исаев.

Бүгінде қалаішілік жолау­шыларды тасымалдауда 25 автобус жұмыс істеп келеді. Осы айдың соңына дейін жаңа қоғамдық көліктер шаһарға жетеді деп жоспарланып отыр. Осылайша, балқаштықтар енді ескі автобустармен қош айтысады.

 

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы