Қоғам • 29 Қаңтар, 2024

Тұлға тағылымы туралы туынды

2249 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби мұрағаттанушы, тарихшы, драматург Амантай Сатаевтың өмір белестері мен ғылыми ізденістерін арқау еткен деректі фильмнің тұсауы кесілді. «Қазақтың тұңғыш архивариусы» деп аталған туындының авторы – Асқарбек Махмұтов. Ерен тұлғаның 90 жылдығына орай Мәдениет және ақпарат министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің тиімділігін арттыру» бағдарламасы аясында жарық көрген таңдамалы шығармалар жинағы – ұлт руханиятына қосылған құнды мұра.

Тұлға тағылымы туралы туынды

Фильмде Амантай Сатаевтың өмір жолымен қатар шығармашылықтағы табанды еңбегі баяндалады. Себебі ол – кеңестік кезеңде төл тарихымыздың құнды жауһарларын жасқанбай жинап, оны төрге сүйреген бірегей тұлға. Оның шығармалары арқылы тарихымыздағы «ақтаңдақтар» ашылып, мазмұнды мұ­ра­ларымыз зерделенді. Ел тағдырына қа­тысты өзекті де өткір тақырыптарға бар­ғаны үшін зиян тартқан кездері де аз болмаған.

Амантай Сатаев әр жылдары «Совет­тік Қарағанды», «Жұлдыз», «Қазақ әде­биеті» басылымдарында қызмет етті. «Қазақфильм» студиясында редактор бола жүріп, 40-тан астам деректі фильм­­ге сценарий жазды. Мәселен, оның «Қара табан, қанды жол» атты толық­мет­раж­ды деректі фильмі – қа­зақ дала­сын­дағы реп­рессия мен аштық туралы жазыл­ған алғашқы туындының бірі.

Деректі фильм мен тарихшының таң­дамалы шығармалар жинағының та­ныс­тырылымына қатысқан зиялы қауым бір басына сан түрлі санаткерлік тоғыс­қан тағылым иесінің тағдыр жолы, ізденіс іздері туралы ой бөлісті.

«Ұлт тарихы мен мәдениетіне қа­тыс­ты небір сирек әдеби-тарихи дерек­терді сұңғыла білімпаздық зерделі­­лік­пен жинастырып, жаңғыртқан, әрбір құбы­лыстың, оқиғаның түп-тамы­ры­на, бастау-негіздеріне үңіліп, сыр түйген Аман­тай Сатаев – табиғаты бө­лек қайраткер. Оның шығармашы­лық жолы, мақсаткерлігі – ұлтын сүюдің жарқын өнегесі. Бүгінгі іс-шаралар бірегей тұлғаның есімін ұрпақ жадында жаңғыртып, зерттеулерін ғы­лыми айналымға шығаруға бағытталып отыр», дейді профессор Серік Негимов.

Амантай Сатаев жинаған архивтік мұраларда ұлы тұлғаларымыздың қай­­раткерлік жолы, ұлтымыздың қасиет-қалыбы туралы сыр шертетін ма­ңызды мағлұматтар аз емес. Бүгінде қайрат­кердің қос қызы Жанар мен Сәуле Са­тае­валар архив саласында еңбек етіп, әке­­лері­нің мұрасын насихаттауға ау­қымды үлес қосып жүр. Амантай Рақым­жанұлы бір естелігінде: «Заман өзгереді, әлі-ақ зердесі ояу жастар келеді. Менің жазғандарымның бәрі – қазақ халқын бір сатыға көтеретін дүниелер», деп тол­ғаныпты.

– Табандылық пен талмай іздену оны үлкен еңбектерге алып келді. Жұмыс­тан үйге келгесін демалуды білмейтін. Бәріміз ұйқыға кеткенде жазу үстеліне жайғасатын әкелерін таңертең сабаққа баратын балалары әлі сол орында көріп таңғалатын. Өзі ойға алған тақыры­бы­на қатысты әлдеқандай тың дерекке қол жеткізсе, балаша қуанатын. Сарғай­ған парақтарға сарыла қарап, том-том кітапты тауыса оқитын. Бұл қасиет оның бойында жастайынан қалыптас­са керек. 16 жасында Мәскеу Архив және тарих институтына оқуға түскенін білесіздер. Сабақтан қолы қалт еткенде Ленин атындағы кітапханаға ба­рып, ондағы қазаққа қатысты ақпарат­тар мен деректердің бәрін қағазға түсі­ріп ала­тын көрінеді. «Мәскеуге барған­да бірауыз орысша білмейтінмін, араға алты ай салып орыстарды да басып оздым», деп күлетін. Мәскеулік профессор оның ізденімпаздығына таңғалып: «Сатаев, сен орыс әдебиетінен емтихан тапсырмасаң да болады. Зачет», дейтін көрінеді. Аттила, Абылай хан, Бөгенбай батыр, Нияз батыр, Абай, Тәттімбет, Төле би, Шоқан, Мұстафа, Әміре, Мағжан сынды тарихи тұлғалардың өмірі мен шы­ғармашылығына қатысты зерттеу ­ма­қа­лалар жазды, әдеби шығармала­­ры­на да олардың бірсыпырасын арқау етті. 1966 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті­не академик Әлкей Марғұланға арнап «Көне мазарлардың сыры қандай?» деген та­қы­рыппен ашықхат жазды. Әлекең көп ұзатпай тарих тереңіне үңілген інісіне жауап жолдады. Мұ­ның бәрі жеке бастың мәселесі емес, ұлт тарихын түгендеуге қосылған ұшан-теңіз еңбек еді, – деп еске алды Амантай Сатаевтың жары Гүлжан Сатаева.

«Тұран» университетінің профессоры Сәуле Тастүлекова «Қазақтың тұңғыш архивариусы» деректі фильмі кейіпкер­дің тарихи бейнесін, кісілік келбетін аша білген туынды деп бағалады. Ғалым идея авторларына алғыс білдіре отырып, аталған туындыны республика­лық телеарналардан көрсету қажет деген ұсынысын жеткізді.

 

АЛМАТЫ