Қоғам • 29 Қаңтар, 2024

Ауылдың астынан «су» шықты

7739 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бас басылымның «Егеменге елден келді» айдарымен Казатком ауылы тұрғындарының шағымына байланысты «Ауыл ауыз су құбырын тартуға наразы»(№51, 2019 жыл) атты мақала шығып, онда суы бар елге тағы қосымша су желісі тартылып, орынсыз мемлекет ақшасының шашылуына саналы түрде жол берілгені атап көрсетілген еді. Топалаңнан өлген мал өлекселері көмілген аймақтан өткен жаңадан төселген су құбырлары қазіргі істеп тұрған өзіміздің суға жалғанбай, одан бері 5 жылдай тыныштық орнаған сияқты еді. Бірақ олай емес екен, біз ұмыта бастағанмен әкімдер ұмытпапты. Бұл мәселе облыстық «Алатау арайы» басылымының былтырғы №17 санында жарқ етіп қайта көтерілді.

Ауылдың астынан «су» шықты

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жалпы, ауылда 1966 жылы қазылып, 100 метр тереңдіктен өз қысымымен шығып, оның үстіне ешкімнің көк тиыны шашылмай, бар шығынын кеңес заманы көтеріп алған және жарты ғасырдан бері санэпидемиялық сараптамадан еш күмәнсіз, әр уақытта мінсіз өтетін су көзі – скважинамыз болған. Бұл ауыл тұрғындарының суға қажеттілігін толықтай өтейтін. Осы су көзі – сол заманның бізге қалдырған мұрасындай, ата-әжелеріміздің көзіндей ауылдағы бар байлығымыз, тіпті мақтанышымыз.

90-жылдардағы жекешелендірудің аяғы бара-бара ханталапайға ұласып, сол кездегі ауылдың мал-мүлкі, жері көлденең көк аттының қанжыға-бөкте­рінде, ұстағанның қолында, тісте­ген­нің аузында кетіп, ел-жұрт тақырға оты­рып қалғанмен, басқа ауылдармен салыс­тырғанда біз өте бай едік. Қолда тұрған берекеміз осы су көзі еді.

Кейбіреулер 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ақшаның шеті көрінгеннен ауылды көкпарға салып, аяқасты пысықтық танытып, сыртымыздан жоспар құрып, кесіп-пішіп ауылдағы су мәселесін үлкен дауға айналдырып, атқарушы билік Еңбекшіқазақ ауданындағы су тапшылығының азабын әбден тартып отырған бес ауыл болса, 2015 жылы осы қосаққа су проблемасы жоқ біздің ауылды да санэпидемиялық нормаға сай емес деген түбі шикі уәжбен алтыншы етіп кіргізіп жіберіпті.

Биліктің қолындағы судың сапасы туралы №907/250-251 хаттама елді алдау, жалған екенін арнайы шақырылған тәуелсіз сарапшылар дәлелдеп беріп, судың сапасы санэпид нормаға сай екенін айтса да жергілікті билік біздің тәуелсіз сараптамадан өткен №242-18\481 хаттаманы мойындамай отырып алды. Сонда ауыл 1966 жылдан бері су емес «у» ішіп, ал осыған жауапты мекеме – санэпид стансасы бізді 52 жыл бойы алдап келген бе?

Сол кездегі аудан әкімінің экономика саласына жауапты орынбасары, қазіргі әкім Алтай Досымбаевтың қатысуымен 2018 жылы 5 шілдеде өткен жиналыста ауыл адамдарының бар ұзындығын қосқанда 1,5 км-ден аспайтын үш-ақ көшесі және су проблемасы түбегейлі шешіліп қойған шағын ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 470 млн теңге бөлініп, оның үш жылға созу­дың не қажеті бар еді? Бұл мемлекет ақ­шасының орынсыз жұмсалуы емес пе деген елдің таңданысына әкім: «Ауылға су түсіру идеясын мен ойлап тауып, тықпалап отырған жоқпын. Казаткомға бөлінген ақша игерілуі керек, енді бұл конвейерді ешкім тоқтата алмайды», деп ештеңені сылап-сипамай лақ дегізіп айтарын бірақ айтты.

Ал сол кездегі аудан басшылары Б.Искаков пен Н.Құдайбергенов (бұл азамат қазір облыс әкімінің бірінші орынбасары) және сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашев 2018 жылы 27 тамызда ауылдағы тағы бір жиналыста аз да болса дипломатия қағидаларын сақтап, елді есіркеп, мүсіркегендей кейіппен осы жолы ауылға мысықтабандап былай деп келді: «Ауылда заманауи инфрақұрылым мен 100 үйі бар жаңа шағын аудан бой көтеріп, яғни бұрынғы көшелерге тағы 3 көше қосылып, ауыл үлкейеді, екіншіден, сіздерге айтар тағы басқа екі қуанышымыз бар. Бұл 140 орындық бассейні бар Т.Молдағалиев атындағы су жаңа мектеп және алыс-жақыннан туристер келетін ақынның музей-үйі де осы жолы қоса салынады. Енді осы аймақтағы инфрақұрылым үшін ең бастысы таза су керек». Бұл жерде де 1966 жылдан бергі қолданыстағы су көзі санэпидемиялық нормаға сай емес екені айтылды.

Ел-жұрт өзінің болашағын ойлап, 2018 жылдан бері айтылып, баспасөзде жазылып, телеарналарда көрсетілгендердің аздан кейін қызығы жайына қалды да, біз үшін жаңадан шын уайым пайда болып, енді тағы да ауылда топалаңға байланысты басқа айғай-шу шықты. Ауыл тұрғындарының сол кездегі Премьер-министр А.Маминге топалаңға байланыс­ты жазылған шағымына аудан әкімдігі тарапынан Премьер-министрге жауап беріліп, көшірмесі бізге жолданыпты (75-05-29.835. 17.04.2019 ж), онда «по поводу захоронения больного скота разъяс­няем что, водопроводные трубы через неблагополучные очаги не проходят о чем свидетельствует репортаж телеканала КТК, Информбюро, ЕВРАЗИЯ», депті. Сібір жарасы табылған аймақтар түгелдей жабық темірмен қоршалғанын, географиялық ендік пен бойлығы белгі­леніп, Казгеодезия мекемесі арқы­лы пайдалануға болмайтын аймақ кадас­тріне тіркеліп, картаға түсірілгені қоса айтылыпты. Ал біздің айтарымыз: әкімдік­тегілер А.Маминге географиялық бойлық пен ендікті басқаша айтып балаша алдаған, скотомогильниктер басқа жерден кейін салынды, ол ауылдың кіреберіс оңтүстік шығысы мен батысы және ол жерде ештеңе де жоқ, яғни құбырлар да ол жерден өтпейді. Әкімдік Премьерді алдағанмен, бізді алдай алмайды.

Ал осы топалаңға байланысты Қ.То­қаевқа жазылған ауыл өтінішін Пре­зидент әкімшілігі оны барынша тексе­ріп, анықтығына жеткен соң, ауыл тұр­ғындарына жауап беру үшін, яғни ел аманаты сол қалпында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жүктелген екен. Іле-шала баруынан ке­луі тез вице-министр қол қойған жауап та келді. Онда министрліктің тек елді ме­кендерден тыс су қорын пайдалану, қорғау және сумен жабдықтау, су бұру саласын қадағалауды реттейтінін, ал ауыл ішіндегі осы аталған қызмет түрлері Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне міндеттелген депті және қызығы, жауапта сібір жарасы жөнінде бір сөз жоқ.

Міне, осылай билікке айтып та, жазып та көтерген еңбегіміз еш, тұзымыз сор болды. Олар әдеттегідей «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі» заңының 14-бабы 6-тармағына сәйкес лауазымды тұлғалардың іс-әре­кеттеріне немесе өтініш бойынша қабылданған шешімге шағым жа­зуыңызға болады деп айналымға түсіп, әр­дайым осылай аяқталады. Біз де мойын­ұсынып, міне 5 жыл болды, бәрін бір Аллаға тапсырып, күдер үзіп, шаршап қойғанбыз.

Қысқасы, ауылдағы бұрынғы пай­даланған «Ақбұлаққа» дейінгі өз суымыз сол қалпында әлі істеп тұр. Ауылдың бар тілегі – біреу, оны айтудан бүкіл ауыл жалыққан емес, әлі де айтамыз. Сөз соңында ауыл үшін айтар бір ғана әттеген-айымыз да бар! Әттең, кім біледі ел ішінде кең пейілді, ауқатты жомарт жандар табылып, 1966 жылы геология министрі А.Сәлімбаев салып берген су көзінің айналасын бетондап көтеріп, қоршап берсе, нұр үстіне нұр болар еді!

 

Қалиақбар ДОСЫМОВ.

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы,

Казатком ауылы