Айта кетейік, бір, екі және үш бала туған кезде біржолғы жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, төртінші және одан да көп балаға 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғайды. I топтағы кембағал адамдарға берілетін жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топтағы жәрдемақы – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топтағы жәрдемақы 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін өсті. Бұған қоса мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 7%-ға көбейді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айжан Ағыбаеваның айтуынша, облыста 137 482 зейнеткердің зейнетақысы артты.
– Облыс бойынша 19 784 мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушы азаматқа, 8 731 асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушыға, 18 478 арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушыға, 1 755 бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы алушы азаматтарға, сондай-ақ 7 973 көпбалалы отбасына, «Алтын алқа», «Күміс алқа» дәрежесімен марапатталған көпбалалы 3 769 аналардың төлемі өсті, – деді Айжан Ағыбаева.
Сондай-ақ мемлекеттік корпорациямен көрсетілетін 26 мемлекеттік қызмет түріне электронды түрде онлайн өтініш беруге болатынын, ол үшін қызмет алушылардың ұялы телефон нөмірлері міндетті түрде мобильді азаматтар базасына (МАБ) тіркелуі керек екенін жеткізді.
– Біздің зейнетақымыз жыл сайын өсіп келеді. Уақтылы алып отырмыз. Өзім – «Алтын алқа» иегерімін. Бұл үшін де қосымша жәрдемақы аламын. Ең бастысы, аспанымыз тыныш болсын! – дейді зейнеткер Қадиша Ахметова.
Шығыс Қазақстан облысы