Сұхбат • 30 Қаңтар, 2024

Нұрлан Әбдіров: Мақсат – азаматтардың еркін таңдауына жағдай туғызу

1581 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы VIII шақыры­лымдағы Парламенттің 1-сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс», деген болатын. Осы орайда еліміздің сайлау органдарына да жүктеліп отырған міндет зор екенін ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Әбдіровке бірнеше сауал қойған едік.

Нұрлан Әбдіров: Мақсат – азаматтардың еркін таңдауына жағдай туғызу

– Нұрлан Мәжитұлы, қай сайлаудың болсын әділ өтуі жер­гілікті сайлау комиссияларына байланысты. Олардың бұ­рынғы құрамын жаңарту мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Сайлау комиссияларының қатарында міндетті түрде білімді, тәжірибелі, өз қызметін адал атқаратын азаматтар болуы өте қажет. Олардың құрамы жаңар­ты­лып тұрғаны да маңызды. Бұл талапты мәслихаттарға сайлау комиссияларының мүше­лерін ұсынатын саяси партия­лар да, тиісті шешімдерді қа­был­дайтын мәслихаттар да ес­керуге тиіс. Былтыр өткен мәс­лихаттардың сессияла­рын­да өкілеттігі аяқталған сай­лау ко­миссияларының бәрі­нің құ­рамы жаңартылды. Соның ішінде учаскелік сайлау комис­сия­ла­ры­ның 12 344 мүшесі жаңа адамдармен ауысты­рыл­ды. Астана, Алматы, Шымкент қа­ла­ларының және облыс­тар­дың 20 аумақтық сайлау комис­сия­сының құрамы 28 пайызға, аудандық, қалалық сайлау комис­сия­ларының құра­мы 31 пайызға жаңартылды.

Бір айта кетерлік жайт, бұ­рын сайлау комиссияларының құрамына, негізінен, бірер сая­си партияның ғана өкілдері ен­гі­зілген болса, енді ресми тір­кел­ген барлық саяси партия­ның, соның ішінде бертінде ғана құрылған «Respublica», «Байтақ» сынды партиялардың өкілдері де кірді. Жалпы, біз сайлау комиссияларының тәуел­сіздігі мен кәсібилігін арт­тыруға ерекше мән беріп отырмыз. Бұрын ОСК ғана кәсіби негізде қызмет атқарып келсе, 2023 жылдан бастап облыстардағы және мега­по­листердегі аумақтық сайлау комис­сияларының (АСК) төра­ға­лары, олардың орын­ба­сарлары, хатшылары мен мү­ше­лері, сондай-ақ аудан­дар­дағы аумақтық сайлау комис­сияларының төрағалары, орынбасарлары мен хатшылары өкі­леттіктерін кәсіби негізде жүзеге асыратын болды.

– Сайлау комиссия­ла­ры­ның жаңадан сайланған мү­­ше­­ле­рінің біліктілігі де ма­ңызды ғой.

– Бұл мәселе – ұдайы назарымызда. АСК мүшелерін мәс­лихаттар сайлағанымен, олар ОСК бекіткен біліктілік талап­тарына сәйкес келуге тиіс. Мұны әрдайым қадағалап оты­­рамыз. Бұған қоса АСК-лердің жаңадан сайланған мү­ше­лерін электоралдық оқы­ту жоспарланған. Оқыту осы қаң­тар айының соңынан сәуір айы­на дейін Мемлекеттік бас­қару академиясындағы Элек­торалдық оқыту орталы­ғының базасында офлайн ре­жімде ұйымдастырылады. Аталған орта­лықта АСК-лердің өзге мү­ше­лерін оқыту сәуір айынан бас­тап жыл соңына дейін онлайн режімде жүргізіледі.

– Өткен жылдың соңында ОСК-нің 30 жылдығын атап өттіңіздер. Осы кезеңде елі­міздің сайлау жүйесінің да­муын қалай бағалайсыз?

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, Жоғарғы Кеңестің 1993 жылы 8 желтоқсандағы қау­лы­сына сәйкес ОСК мемле­кеттік деңгейде сайлау үдерісін бас­қа­ратын алғашқы арнайы мем­лекеттік орган ретінде құ­рыл­ған. Сол сәттен бастап ол елі­міз­дегі саяси эволюция аясында дамыды. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып кіргендіктен, еркін және бәсекелі сайлау өткізу б­о­йын­ша қабылдаған барлық мін­дет­темесін орындауға күш салып келеді.

еаг

Арада өткен кезеңде еліміздің сайлау органдары 39 ірі сайлау науқанын өткізді. Соның ішінде 5 елдік науқан – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі 2022 жылғы ре­ферендум, одан кейінгі Пре­зи­дент, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің және барлық дең­гей­де­гі мәслихаттардың сайлау­лары бас-аяғы бір жылға жет­пейтін уақыт ішінде өткізілді. Бұған қоса 2021 жылы ауыл әкімдерінің сайлауы енгізіліп, содан бері олардың 87 па­йызын халық тікелей сайлады. Сондай-ақ былтыр аудандар мен облыстық маңызы бар қала­­лардың әкімдерін сайлау қанатқақты режімде жүзеге асырылды. Ауыл әкімдерінің сайлауы қазіргі кезде апта сайын өткізіледі. Осылайша, еліміздің сайлау органдары ұдайы сайлау науқаны жағдайына көшіріліп отыр.

– Ал ОСК-нің 30 жыл­ды­ғына орай өткізілген ха­лық­­аралық ғылыми-прак­ти­калық кон­фе­рен­ция­ның ма­ңы­зы неде?

– Қазіргі заманда кез келген мерейтой той тойлау үшін емес, ең бастысы – өткенге көз жіберіп, қол жеткен жетіс­тіктер мен жіберілген кем­шіліктерді жан-жақты талдап, алға қойылған міндеттерге жету жолдарын пысықтай түсу мақсатын көздеуге тиіс. Біз өткіз­ген «Конституциялық ре­форма және сайлау жүйесі» тақы­рыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық кон­фе­рен­­ция осы тұрғыдан ма­ңыз­ды. Конференцияға 16 шет мемлекеттің орта­лық сайлау органдарының және 6 беделді халықаралық ұйымның – Дү­ние­жүзілік сайлау органдары қауымдастығының, Еуро­падағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымы Де­мо­кра­тиялық институттар мен адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ/ ДИАҚБ), Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) Атқару комитетінің, Парла­мент­аралық Одақтың, Түркі мем­лекеттері ұйымының, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл еліміздегі саяси реформаларға, соның ішінде сайлау жүйесін жетілдіру барысына бүкіл әлем назар аударып отырғанын көр­се­теді.

Мемлекет басшысы кон­ферен­цияға қатысушыларға құт­тықтау жолдап, еліміздегі саяси реформалар кезеңінде сайлау заңнамасын үнемі жетілдіріп отыруға баса мән берілетіндігін және осы күрделі әрі жауапты міндетті орындау үшін сарапшылар қауымымен тығыз қарым-қатынас орнатудың ма­ңызы зор екенін айтты.

Конференцияға қатысу­шылар, әсіресе Грузия ОСК төрағасы Георгий Калан­да­риш­вилидің өз елінің сайлау жүйесіндегі өзге­рістер туралы айтқан сөзін ықы­лас қоя тыңдады. Бір қызық­ты мысал: Грузияда саяси партия­лар­дың Парламентке өту шегі 2012 жыл­ғы сайлауда – 5 пайыз, 2020 жылғы сайлауда  1 пайыз болған екен, ал былтыр қайтадан 5 пайыз болып белгіленіпті, яғни қазір біздің елдегімен бірдей. Түркия Республикасы Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер 2023 жылы 3 қара­­шада Астанада өткен Түркі мем­лекеттері ұйымының (ТМҰ) саммитінде Қазақстан Пре­зи­денті ТМҰ-ға мүше мем­ле­кеттер орталық сайлау орган­да­рының консультативтік ке­­ңесін құруды ұсынғанын еске алып, осы бас­тама бауырлас елдердің демо­кра­тия­лық бас­­­қаруды нығайтуға деген ұжымдық міндеттемесін прак­ти­калық деңгейге көтере­ті­ні­не се­нім білдірді.

Конференция аясында Ар­мения, Өзбекстан, Түркия ел­де­рінің орталық сайлау орган­дарының басшыларымен Өзара түсіністік туралы меморан­дум­дар­ға қол қойдық. Құжат сайлау жүйелері мен сайлау үдерісін да­мытудағы өзара ынты­мақ­тас­тықты одан әрі нығайтуға мүм­кіндік береді.

– Сіз аталған конференция­да ОСК-нің жаңа перспек­ти­валық даму стратегиясы туралы айттыңыз. Осы жаңашыл­дық­тың мақсаты неде?

– Бұл ретте Мемлекет басшы­сының «Egemen Qazaqstan» га­зетінде жарияланған сұхба­тын­дағы күнделікті міндет­терден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың мәні зор екендігі, ұлттың стра­те­гиялық бағдарынан жаңылмау қажеттігі жайлы пайымынан елдің бола­ш­ағын ойлайтын кез келген саналы азамат тиісті қорытынды шығарғаны жөн деп білемін. Біз өткен жолымызды қорытындылап және қазіргі қалыптасқан жағ­дай­ды талқылай келіп, әрі мемлекет пен қоғамның бүгінгі даму деңгейін ескере отырып, ОСК-нің ұзақмерзімді болашаққа ар­налған даму стратегиясын бел­гілеген жөн деп шештік. Бұл кез­дейсоқ шешімдердің, жаңылыс қа­дамдардың алдын алуға, сөй­тіп жүйелі түрде алға басуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, стратегиямыздың пайым, миссия, құндылықтар, қағидаттар, мақсаттар, басымдықтар сияқ­ты элементтерін айқындап алдық. Біздің миссиямыз – азаматтардың еркін сайлау арқылы мемлекетті басқаруға қатысуына жәрдемдесу. Осы миссия ОСК-нің пайымын сайлауға қатысу демократиясын ілгерілетудің кәсіби инс­титуты ретінде айқындайды. Құн­дылықтарымыз – азамат, әділдік, демократия, сенім. Қа­ғи­даттарымыз – заңның үс­тем­­дігі, тәуелсіздік, ашықтық, ин­клю­зив­тік, алқалылық, кә­сібилік. Мақсатымыз, яғни өз іс-әрекеті­міз­дің нақты да өлшенетін нәтижесі – аза­мат­тардың рефе­­рендумдар мен сайлау ба­ры­сында еркін таң­дауына жағ­дай туғызу. Біз мұны орындау жолында негіз­гі ба­сым­дықтарымызды да ай­қын­дадық. Біріншісі – еркін, әділ референдумдар мен сайлауды басқару. Екіншісі – сайлаушылар сеніміне ие болу. Үшіншісі – институционалдық даму: инклюзивті сайлау стандарттары, кәсібилендіру, цифрлық технологиялар. Төртіншісі – аза­маттардың сайлау мәдениетін көтеру. Бесіншісі – қоғаммен, ұлттық және халықаралық инс­титуттармен өзара іс-қимыл жасасу.

– ОСК-нің эмблемасын да өзгерткен екенсіздер...

– Мемлекеттік елтаңба сияқ­ты мемлекеттік орган­дар­дың эмблемаларының да қазіргі заман шындығына сай рәміздік мағынасы болуға тиіс. ОСК-нің жаңа эмблемасы «Біз – бір үлкен шаңырақ астында байырғы қазақ жерінде өмір сүріп жатқан Қазақстанның бір­тұтас халқымыз, мұнда әркім өз таңдауын еркін жасайды» деген мағынаны білдіреді.

– Конференцияда ТМД Бас хат­шысының бірінші орын­басары Леонид Анфимов: «Қазақстанның Орта­лық сайлау комиссиясы ТМД кеңіс­ті­гіндегі сайлау қызме­тін­де шын мәнінде флаг­ман­дардың біріне айналды», деді. «Сырт көз – сыншы». Мұны ОСК ке­йінгі екі жылдай уақыт ішінде енгізген бірқатар жаңа­шыл­дыққа берілген баға деп білеміз. Олардың нәти­же­лері өз көңіліңізден шыға ма?

– Біз қолға алған жаңашыл­дық­тардың бәрі еліміздегі конс­ти­туциялық реформа аясында іске асырылып келеді. Сайлау органдары облыстық деңгейде – толық, аудандық деңгейде ішінара кәсібилендірілді. Бұл біз үшін – қағидатты мәсе­ле. Сондай-ақ еліміздің жаңар­тылған Ата заңында ОСК төра­ғасы мен мүшелерінің саяси пар­тияларда, кәсіподақтарда болуына және кез келген саяси партияны қолдауына тыйым салынды. ОСК жанында 2022 жылы құрылған жаңа диалог алаңдары – Сарапшылық кеңес пен Жас сайлаушылар клубы жүйелі жұмыс істеп келеді. Мү­гедектігі бар адамдардың сай­­лау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының қыз­меті де қағидатты түрде қай­та құрылды. Нәтижесінде өткен Президент сайлауында кө­ру қабілеті нашар жандардың Брайль шрифтімен дайындалған трафаретті қолданып, бюллетеньдермен дауыс беруі алғаш рет 10 мыңнан аса сайлау учас­ке­сінің барлығында жүзеге асы­рылды. Сондай-ақ ОСК өз жұ­мысын заманауи бұқаралық коммуникация құралдарын пайдалана отырып, барынша ашық жүргізіп келеді және тікелей онлайн арқылы көрсетілетін іс-шаралардың бәрі сурдоаудармамен сүйемелденіп отыр.

Сарапшылық кеңестің отырыстарында халықаралық бай­қаушылардың еліміздің көле­мінде өткен сайлаулар туралы әзірлеген қорытындыларын кеңінен және ашық талқылау дәстүрге айналды. Бұған қоса ОСК мүшелерінің бар­лық өңірдің жұртшылығы өкіл­дерімен және жастарымен кездесулерін өткі­зу жолға қойылды. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, осылайша халықтың әртүрлі топтарымен ашық диалог жүргізіп, айтылған сыни ескертпелер мен ұсыныстарды сайлау үдерісін және сайлау заңнамасын жетіл­діру мақсатында ескеріп отырмыз.

– ЕҚЫҰ Қазақстанның сайлау жүйесіне өз ұсынымдарын да беріп жүр. Сондай ұсыным­дар­­дың қайсысын орындап, қай­сысын қабыл алма­ды­ңы­здар?

– ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссия­лары ұсынымдарының бір бөлігі еліміздің жаңартылған Ата заңы мен заңнамасында ескерілді. Атап айтсақ, Пар­ламент Мәжі­лісіндегі Қазақ­стан халқы Ассамб­лея­сы­ның квотасы жойылды, енді Мә­жі­лістің бүкіл құрамын ха­лық тікелей сайлайтын болды. Саяси партиялардың Парламент Мәжілісіне өту шегі 7-ден 5 па­йыз­­ға дейін төмендетілді және қолдаушылардан жинайтын қажетті қол саны 4 есе – 20 мың­нан 5 мыңға дейін қыс­қар­тыл­ды. Бұл саяси партияларды құру рәсімін едәуір жеңілдетті.

Әйтсе де, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Мис­­сия­ларының кейбір ұсы­ным­дарында біздің елдің сая­си шындығы, халқымыздың мен­талитеті жете ескеріле бер­­­мейді. Сол себепті ондай ұсы­­нымдар ОСК жанындағы Сарап­шы­лар кеңесі мүшелерінің тара­пынан сұрақ туғызып жүр. Шынын айтсақ, кейбір ұсы­ным­дарды тіпті жаңа буын – жастарымыздың өздері де қа­был­­дамайтынына көзіміз же­тіп отыр. Мәселен, ел өңірле­рін­дегі жастар арасында сауал­нама жүргізгенімізде оған қа­тыс­қандардың 74,6 пайызы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Қазақстан Прези­дент­тігіне кандидаттар үшін мемлекеттік тілді білуге арналған лингвистикалық ем­ти­хан­ның күшін жою туралы ұсынымын қолдаған жоқ. Сондай-ақ бұрын сотталған азаматты әкім, депутат, Прези­дент сияқты сайланбалы лауа­зымдарға сайлау туралы ұсы­нымға жастардың басым көп­шілігі – үштен екі бөлігі қар­сылық білдірді.

– ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссия­сының басшысы Оуэн Мер­фидің: «Қазақстанда жү­зеге асырылған реформалар елеулі. Орталық сайлау комис­сия­сының сайлау мәсе­лелері бойынша жұрт­шылықпен арадағы көпір қызметін атқаратын Сарап­­шылық кеңесті ұйым­дас­тыру жө­ніндегі бастамасын құп­таймын», дегені жадымызда. Сындарлы да әділ пікір. Алайда былтырғы Мә­жіліс және мәслихаттар сай­лауының қоры­тындысына сенімсіздік біл­діріп, дау-дамай айтқан кандидаттар да болды. Осы жайлы не айтасыз?

– Бұл орайда елімізде 1998–2006 жылдары қолданылған аралас пропорциялық-мажори­тар­лық сайлау жүйесіне араға 17 жыл салып қайтып орал­ға­нымыз қоғамда зор саяси өрлеу туғызғанын айтпау әділдікке қиянат болар. 29 бірмандатты сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына 609 кандидат ұсынылды, яғни бір депутаттық мандатқа орта есеппен 21 үміт­кер таласты. Соның ішінде 525 кандидат өзін-өзі ұсынды. Осы цифрларға қарап-ақ өткен Мәжіліс сайлауының аса тартысты болғанын бағамдауға болады. Мәслихаттар сайлауы да азаматтардың айтарлықтай белсенділігі жағдайында өтті. Өкінішке қарай, ескі мен жаңа күреске түсіп жатқан қазіргі өтпелі кезеңде болған сайлау барысында кейбір өңірде бұзушылықтарға жол берілмей қоймады. ОСК оларды бірден түзетіп қана қоймай, канди­дат­т­арға сотқа шағымдануға ке­ңес беріп отырды. «Көш жүре түзе­леді» демекші, өз стратегиямызда көрсетілгеніндей, қазір аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының тәуел­сіздігі мен кәсібилігін қам­­тамасыз етуге күш салып отыр­мыз. Бұл да – біз үшін қағи­датты мәселе.

– Былтыр қанатқақты режімде өткізілген аудан және облыстық маңызы бар қала әкім­дерін сайлау нәтижесі қа­лай болды?

– Еліміздегі демократиялық өзгерістер эволюциялық жолмен жүзеге асырылып жатыр. Ауыл әкімдерін сайлауды енгізген соң аудан әкімдерін сайлауға көшіп жатқанымыз – соның айғағы. Бұл жаңашылдықтар халықтың билікке деген сенімін арттыратыны анық. Қазір тұрғындардың өздері сайлаған ауыл әкіміне араша түсіп жатқан мысал да бар. Осы бастамалар Әділетті Қазақстан орнату жолындағы өте маңызды қадамдар екендігі сөзсіз.

Былтырғы 5 қарашада алғаш рет қанатқақты режімде 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың әкімдерін сайлау өткі­зілді. Олардың тізбесін об­лыс­тық мәслихаттар айқын­дап, бекітті. Сайлау баламалы негізде болып, 1 орынға ке­мін­де 2-3 кандидат таласты. Сай­лау­шы­лардың 62,79 пайызы дауыс­ беруге қатысты. Сайланған әкімдердің орташа жасы – 46,7 жас.

– Дауыс берудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуде тек қағаз бюллетеньмен дауыс беру жеткіліксіз емес пе?

– Қазір ОСК электрондық және қашықтан дауыс беру сияқ­ты баламалы нысандар­дың артықшылықтары мен кем­шіліктерін, мәселенің қаржы­лық жағын зерттеп жатыр. ОСК-нің 30 жылдығына орай өткізілген Халықаралық ғылыми-прак­ти­калық конференцияға арнайы шақырылып, сөз берілген ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сарапшысы Давид Дуэнас-Сид: «Интернет-дауыс беру жүйесі дауыс беру қорытындысына заңсыз ара­ласуға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан оны қолданбас бұрын жан-жақты жетілдіру қажет», деді. Ал Еуропаның демократиясы дамыған Ұлыбритания, Германия, Норвегия сияқты елдері электрондық дауыс беруден бас тартып, дәстүрлі қағаз бюллетеньмен дауыс беруге қайта оралды. Сондықтан біз алдағы уақытта электрондық дауыс беру мен қағаз бюллетеньді қатар қолдану мәселесін жан-жақты зерттеп-зерделеуді жал­ғас­тырамыз.

– Биыл 1 ақпан – Дүние­жү­зілік сайлау күні. Сіздер бұл датаны атап өтесіз­дер ме?

– Еуропа елдерінің сайлауды ұйымдастырушылар қауым­дас­тығының (ЕЕСҰҚ) 2005 жылы Будапешт қаласында өткен конференциясының ше­ші­міне сәйкес жыл сайын ақ­пан­ның бірінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Қазақстан – ЕЕСҰҚ-ның толық­құқылы мүшесі. Сон­дықтан да бұл күн – еліміздің сайлау ұйымдастырушылары үшін де кәсіби мереке. Оның аясында өткізілетін іс-шара­лардың барлығы халық­тың электоралдық-құқықтық мәде­ниетін арттыруға бағыт­талады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»