Оқиға • 31 Қаңтар, 2024

Ботақарадағы жарылыс

143 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен түн ботақаралықтар үшін жайсыз болды. 30 қаңтар күні сағат 00:07-де екі қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйдің екінші қабатындағы 10-пәтерде газ баллоны жарылды. Жарылыс салдарынан бір ғана пәтердің емес, тұтас үйдің ортасы опырылып түсті. Өкінішке қарай, оқыс оқиға кезінде екі адам көз жұмды.

Ботақарадағы жарылыс

Аяқ астынан болған апат түннің жарымында елді алаң­датып-ақ тастады. Әуезов кө­шесі, 8а мекенжайында орна­ласқан бұл үй 2014 жылы пай­далануға берілген. Аталған үй әлі орталықтандырылған жы­лыту қазандығына мүлдем қо­сылмаған.

Жалпы, үйде 46 адам тұ­ра­ды екен, жарылыс кезінде 35 адам болған. Жарақат ал­ған бес адам үйінді арасы­нан құт­қа­рылып, үш бала ауру­ха­наға жедел жеткізілді. Құтқару жұ­мысына 139 адам, 32 техника жұмылдырылған.

– Үйінділер тазартылды. Жергілікті атқарушы органдар барлық қажетті техниканы уақтылы ұсынды, соның арқасында бес адам құтқарылды. Адамдар үйінділердің астында, плиталардың арасында қа­лып қойған. Крандар мен үш экскаватор тартылды. Бү­гін­гі күні Төтенше жағдай­лар де­партаменті мен полиция қыз­меткерлері тексеру жүргізіп жатыр. Жарылыстың алдын ала себебі – газ баллонының дұрыс жұ­мыс істемеуі. Газ баллоны су­ықтан жылы бөлмеге кіргізіл­ген. Болған оқиғаға кім кінәлі екенін құқық қорғау органдары анықтайды, – дейді об­лыстық Төтенше жағдайлар депар­таменті бастығының орынбасары Аманбек Бейсембаев.

Жоғарыда айта кетке­ні­міздей, газ баллоны жарылған пә­тердің ғана емес, жалпы үйдің төбесі опырылып, басқа да пә­терлердің қабырғалары сө­гілген. Қазір жергілікті си­паттағы төтенше жағдай жа­рия­­ланды. Апатты үйдің тұр­ғындары туысқандарының үйі­не орналастырылды.

– Зардап шеккен отбасы­ларға көмек көрсетіледі. Пәтер жалдап тұрамыз десе, оны да төлеп береміз. Қазір келтірілген шығынды бағалайтын комиссия құру жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге үйде KazMIRR мамандарының көмегімен тек­серіс жүріп жатыр. Сарап­шы­лар үйді қалпына келтіру мүм­кін еместігін айтса, жаңа үй салуды ойластырамыз, – дейді Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали.

Апат кезінде көз жұмған марқұмдардың есімі анық­талды. Ерлі-зайыпты Төле­ген Тұрсынбекұлы мен Ал­ма Омарқызының мезгіл­сіз дү­ниеден өткендігі есті­ген жан­ды есеңгіретті. Қара­ғанды об­лыстық Полиция депар­таменті өздерінің, әлеуметтік же­лі­дегі парақшаларында Бұ­қар жырау аудандық поли­ция басқармасының жедел уәкілі Дәурен Төлегенұлына ата-ана­­сының мезгілсіз қайтыс бо­­луына орай қайғысына ор­тақ­тасып, көңіл айтыпты.

– Облыстағы медициналық мекемелерге зардап шеккен бес адам түсті. Оның үшеуі – бала. Екі бала амбулаторлық емге шығарылды, бір бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Екі ересек науқас Бұқар жырау аудандық ауруханасында стационарлық ем алып жатыр. Біреуінің денесін 80 пайыз күйік шалған. Жағ­дайы ауыр. Екіншісінің жағ­дайы қалыпты, 26 пайыз күйік шалған. Жарақат алған жан­дарға барлық медициналық көмек көрсетіліп отыр, – дейді об­­лыстық Денсаулық сақтау бас­­қармасының басшысы Би­бігүл Төлегенова.

Қалай десек те қауіпсіздік қаперімізде болмай тұр. Былтыр тұрмыстық газ баллонының жарылуы бес рет қайталанған. Жа­затайым оқиғалардың көп­шілігі жоғарыдағы секілді тұрғын үйде оқыстан орын алып жатады. Газ баллоны отқа оранбай тұ­рып, ауа ағынымен жарылған күн­нің өзінде де адамға қаупі аса зор екен.

Төтенше жағдайлар депар­таментінің мамандары қатты ес­кер­теді: газ баллонын кө­лік стансаларында толтыру аса қа­уіпті! Өйт­кені газ құ­ты­сына небәрі 80-85 пайыз кө­ле­мінде ғана тол­ты­рылғаны ма­ңызды. Және ондай жерлерде газ жабдығының қауіпсіздігі тексерілмейтіні аян.

Сондықтан сақтанған абзал, ағайын!

 

Қарағанды облысы

Бұқар жырау ауданы