Қазіргі электронды тестілеуде талапкерлердің жинаған ұпайлары тестілеу соңында экранға шығарылады. Сонда көрсетілген қорытындысымен келіспеген жағдайда тестіленуші сол мезетте апелляцияға бере алады. Апелляцияға беруге тест нәтижелеріндегі сұрақтардың мазмұнына немесе техникалық кемшіліктерге қатысты мәселелер себеп болуы мүмкін. Сұрақтардың мазмұны бойынша апелляция тестілеу аяқталғаннан кейінгі алғашқы 30 минутта беріледі. Апелляция дәлелді түсініктемемен негізделуі керек. Ал егер тестіленуші дұрыс жауапты табуға кедергі келтіретін тапсырма шарттарында фрагменттің (мәтін, схема, сызбалар, кестелер) жоқтығын анықтаса, техникалық себептер бойынша апелляцияға беруі қажет.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев аталған мәселеге қатысты: «Апелляцияны тек қызық көріп немесе қосымша ұпайларға үміттеніп, тиісті негіздемесіз беруге болмайтынын атап өткен жөн. Апелляция сұрақтардың немесе жауаптардың сәйкес келмеуі, сондай-ақ техникалық себептер бойынша ғана берілуі керек. Апелляциялық сұрақтардың барлығын Республикалық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды», деп түсініктеме берді.
Тестіленуші сертификатын апелляциялық шағым туралы шешім қабылданғаннан кейін жеке кабинетінен көре алады.
Еске сала кетейік, қаңтар айындағы ҰБТ басталғаннан бері 53 мыңнан аса адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 73,6%-ы қазақ тілінде, 26,3%-ы орыс тілінде, 35 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Шекті ұпайды 73%-ға жуық талапкер жинады. Орташа ұпай 65-ті, ең жоғары ұпай 134-ті құрады. Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» және «Биология-Химия», «Математика-Информатика» бағытын таңдаған. Ең аз таңдалғаны «Химия-Физика» бағыты болып тұр.
Орталық басшысы Р.Емелбаевтың айтуынша, 63 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 43 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 20 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар болған жоқ.
Айтпақшы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге де тестілеуді өзге замандастарымен бірдей тапсыруға жағдай жасалған. Мысалы, қаңтардағы ҰБТ-ны дәл осындай 158 талапкер тапсырыпты.
2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін биылғы қазан айының соңына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылатынын атап өткен жөн.