Пайдалы қазбалар • 31 Қаңтар, 2024

Алтынды өңірдің халқы не дейді?

230 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада Күршім ауданының Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасы құрылысының жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Тыңдауға 100-ден аса тұрғын қатысып, 19 адам ресми түрде тіркелді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы билік өкілдері де болды. Айта кетерлігі, тыңдауға қатысқан халықтың ұсыныстары ескеріледі.

Алтынды өңірдің халқы не дейді?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жоба тау қойнауындағы ш­е­каралық ауданға серпін беріп, өңірдің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуына ықпал етеді де­се­ді. Алтын өндіруші бұрынғы тың­­даулардағы тұрғындардың ұсы­ныс пен тілектерін ескере отырып, бірқатар шараны іске асырған еді. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстар бо­йынша да жоспарлар құрып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, зауыт құрылысына 2022 жылы 26 шілдеде ШҚО бойынша экология департаменті рұқсат берген. Ол рұқсаттың мерзімі 2022 жылдың 31 желтоқсанында аяқ­талды. Бірқатар себептермен зауыт құрылысы уақытында аяқ­тал­мады. Осыған байланысты кәсіпорынға жаңа экологиялық рұқсат алу қажет еді. «Маралиха» және «Маралиха кен алқабы» кен орындарындағы өнімділігі жылына 250 мың тонна кенді өңдеу фабрикасы бірінші санаттағы объект болып табылады. Сол себепті экологиялық кодекстің 96-бабы, 1-тармағына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама басталғанға дейін немесе оны жүзеге асыру үдерісінде қо­ғамдық тыңдаулар өткізу мін­детті.

Қоғамдық тыңдаулардың бас­тамашысы – «ВСАМ Продакшн» ЖШС. «Востокказнедро» меке­месі жүргізген зерттеулер негі­зін­де ШҚО әкімдігінің 15 жел­тоқсандағы №285 қаулы­сы­мен су қорғау аймағы мен белдеуі белгіленді. Ұсатқыш алаңы ішінара су қорғау аймағына кірді. Бірақ бұл су кодексінің талаптарына еш қайшы келмейді. Жоба «Ертіс бассейндік инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 4 қаңтардағы қорытын­ды­сымен арнайы бекітілді.

Бүгінде фабрика құрылысын тоқтатуға еш негіз жоқ. Жобада су объектілерін қорғаудың бар­лық шарасы қарастырылған. Сот­тың шешімі бойынша фабрика салуға рұқсат бар.

Тыңдау кезінде келіп түскен ескертулер, ұсыныстар, сұрақ­тар хаттамада көрсетіледі. Қо­ғамдық тыңдау хаттамалары жасалып, қол қойылады және экологиялық порталға енгізіледі. Қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы қағидалардың 23-тармағы ескеріле отырып, заң аясында өтті. Бұл жобаның шекаралас ауданның дамуына үлкен серпін берері анық. Жалпы, кез келген инвестициялық жоба – ең алдымен, қосымша салық әкелетін көз, қосымша жұмыс орындары, өңірдің өркендеу көзі.

Алтын өндіру фабрикасының құрылысы бизнесті көлеңкелі экономикадан шығарып қана қоймай, Маралды ауылының тұрғындарына да әлеуметтік кепілдіктер береді. Бұған дейін «Maralicha» тау-кен компаниясы» ЖШС атқарушы директоры Марат Асаубаев компания Маралды ауылындағы жолдарды жөндеуге міндеттенетінін айтқан болатын.

– Сондай-ақ біз Қойтастағы көпірді қайта жаңартуды, жергі­лікті мектепті материалдық-тех­ни­калық жарақтандыруға қара­жат бөлуді, ауылдық округ түлек­терін жоғары оқу орындары мен колледждерде оқытуды жос­парлап отырмыз, – деген Марат Асаубаев тыңдаулардың бірінде.

Кәсіпорын өз мойнына алатын әлеуметтік мін­дет­те­мелердің қа­та­рында меди­ци­налық нысандарды жөндеу, мүге­дектерге тұр­ғын үй алып беру де қарас­ты­­рылған. Алай­да эко­­ло­гия­ға алаң­да­ған ха­лық көне қоя ма?

– Иә, фабриканың салынуы­на қарсымыз. Тұрғындарды жұ­мыспен қамтығанымен, таби­ғатқа төніп тұрған қауіп бар. Бұл жердің қойын-қонышы – толған өсімдік. Ішінде Қызыл кітапқа енгені қан­ша­ма? Біле­сіздер, алтынды цианид деген химиялық қоспамен жуады. Ол төмендегі Маралды өзеніне ағып төгіледі. Одан басқа бастау, бұлақтар бар. Фабрика салынған жағдайда, өзенде балық қалмайды. Ал қо­ғам­дық тыңдауда халық пі­кі­рі ес­ке­рілмейді, – дейді ауыл тұр­ғыны Әділ Қожақов.

Кәсіпорын қызметінің заң­ды­­­лығын аймақ билігі жіті қада­ға­лайтынын айтады. Жер­гілікті билік, облыс басшы­лығы әр­да­йым қолданыстағы заң­нама та­лап­тарының қатаң сақталуын, эко­ло­гия­лық қауіп­сіз­­дікті қамта­ма­сыз ете­ді және халықтың мүддесін бас­ты назарда ұстайды. Десе де, тұр­­ғын­дар­дың дені алтын өндіру фабри­ка­сының құрылысына қарсы. Қар­сылықтарын соңғы тыңдауда да ашық білдірген.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы,

Маралды ауылы