Акваөсірудің пайдасы
«Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс», деді Мемлекет басшысы Жолдауда.
Қазір балық шаруашылығымен айналысуға ынта қойғандар жеткілікті. Керегі қолдау ғана. Президент тапсырмасынан соң Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Балық шаруашылық комитеті балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау түріндегі қосымша мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ балыққа қатысты инвестициялық жобаларға бюджеттік кредит беру мүмкіндігін көздейтін өзгерістер енгізді. «Акваөсіру туралы» заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына ұсынылды.
Көл мен теңіз, өзен мен арық сияқты табиғи су қоймаларындағы балық қорын шектен тыс пайдалану, қиындыққа әкеп соғады. Қазір бұл жағдай әр өңірде де шаң берді. Балық түрлерін көбейтіп, одан шығар өнімді арттырамыз десек, акваөсіру шаруашылықтарын көбейту маңызды. Ал бұл бағытта елде атқарылған жұмыстар аз емес.
Комитеттің мәліметінше, былтыр акваөсіру өнімділігі мен өнім сапасын арттыруға бөлінген қаражаттың көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге (400 млн теңгеден 1,8 млрд теңгеге дейін) өссе, инвестициялық субсидиялардың көлемі 2,5 есе (750 млн теңгеден 2 млрд теңгеге дейін) ұлғайған. Балық шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция көлемі 2 есе өсіп, 2022 жылмен салыстырғанда 10,4 млрд теңгеден 20,2 млрд теңгеге дейін артыпты.
Иә, жоғарыда айтқандай, балық шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған соң кәсіпкерлердің балық өсіруге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Көл-тауарлы және тор қоршамада балық өсірумен айналысатын елімізде шамамен 500-ден аса шаруашылық бар. Сондай-ақ қуаты 17 мың тонна балық өндіруге қауқарлы 20-дан астам ірі инвестициялық жоба іске қосылып, 200-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Жалпы, өткен жылы балық шаруашылығы субъектілері 20,2 мың тоннадан астам тауарлы балық өсірген. Ал бағдарлама бойынша 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін балық өсіру, ішкі тұтынуды 134 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Экспорт әлеуеті
Қазақстанда балық экспорттау ағында үлкен рөл атқаратын су айдындары – Каспий, Кіші Арал теңізі мен Балқаш сияқты ірі көлдер жүйесі екені түсінікті. Ауланған һәм өңделген балық өнімдерінің 100-ден астам түрін біздің кәсіпорындар 21 шет мемлекетке артып жүр. Олардың ішінде ең ірі тұтынушылар – Ресей, Германия, Нидерланд, Литва, Қытай. Ал былтырғы жылдың 11 ай қорытындысымен алсақ, 22,3 мың тоннаға жуық өнім шамамен 70 млн долларға экспортталған.
Өткен жылы көксерке мен жайын экспорты үшін 6 айға шектеу енгізіліп, балық өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ балық аулауды және өңдеуді жүзеге асыратын субъектілер үшін қосымша құн салығы 70 пайызға төмендетіліп, балық өнімдерін қайта өңдеуді субсидиялау жұмыстары қолға алынды.
Экспорт демекші, өңірлерден мысал келтірсек, балық аулауда айтарлықтай орны бар Қызылордадағы Арал ауданында жылдық қуаты 23 900 тоннадан асатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның бесеуі балықты қатыру, мұздату, ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады. Ал Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еурокод» белгісі тек екі кәсіпорында ғана бар. Оның бірі – «Арал балық өңдеу зауыты» болса, екіншісі – «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС. Былтыр Арал теңізінен (Кіші Арал) 6 484 тонна балық ауланса, оның 4 727 тоннасы өңделген. Ал экспортталғаны – 2 378 тонна.
– Ең дәмді балық Аралдікі. Уақытында әкелеріміз жылына орташа есеппен 20 мың тоннаға дейін балық аулаған. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері қарай теңіз суы тұзданып, ашыған соң, балық біртіндеп жоғала бастады. Бекіре, қаяз, майбалық сияқты түрлері құрыды. Ал Арал өңірі үшін ең маңызды болған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы іске асып, теңізге «Көкарал» бөгеті түскен соң су қайта тұщыланды. Көл мен дариядағы балық теңізге қайта түсті. Тұздылығы азайған соң балық та көбейеді емес пе? Бұл – балықшы ағайынның нағыз қуанышы. Аудан төңірегінде балық зауыттары, цех, мұздатқыштар қайта ашылды. Қазір теңізден ауланатын 16-дан астам балық түрі бар. Экспортқа филе, қақталған, ысталған өнімдерді шығарып жүрміз, – дейді балық шаруашылығының ардагері, Арал ауданының Құрметті азаматы Әділбек Әйімбетов.
Олар 14 кило балық жейді, ал біз…
Әділбек ақсақалдың айтуынша, Аралда тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін 7 көл тізімге енген. Атап айтатын болсақ, «Ақшатау-Сорғақ», «Домалақ», «Тұщы», «Қаракөл», «Алаша», «Ақбілек», «Шөмішкөл». Қазір мұндай шаруашылықтарды ұйымдастыру бойынша қажетті жұмыстар жүріп жатыр.
Балық – дәруменді, жеңіл тағам. Буын саулығы мен көздің жақсы көруі осы балық етіне байланысты. Жас та, жасамыс та жей беру керек. Кейіпкеріміздің айтуынша, тағы бір кемшілік, бізде тауарлы балық өсіру тым кенжелеп қалған. Әлемдік деңгеймен қарасақ, тауарлы балық өсіруде Қытай мемлекеті алда екен. Халқын да қосымша балық өнімімен асырап отыр. Ал көрші Өзбекстанда бұл жұмыстар өте қарқынды. Ондағы көл жүйелері тауарлы балық өсіруді әлдеқашан қолға алған.
Бүгінде Аралда да тауарлы балық өсіретін шаруашылықтарды ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-ның «Тауарлы балықты өсіру және өңдеу комплексін ұлғайту» жобасы. Бұл жоба 4 компоненттен тұрады. Бірінші, балықты терең өңдеу цехы, екінші, «Домалақ» көлдік-тауарлық көксерке шаруашылығын құру, үшінші, «Қамбаш» тоған шаруашылығы, туристік демалыс орталығы, соңғысы тоңазытқыш цехы мен жатақхана салу. Құны 450 млн теңге болатын жоба 4 жыл бұрын басталған. 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Дегенмен бірінші және соңғы компоненттері іске қосылды. Қалған компоненттердің жұмысы кезең-кезеңімен басталады.
Деректерде шетелдіктердің бір жылда 14 кило балық өнімін жейтіні айтылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған мәлімет бойынша әр адам жылына 16 кило балық тұтынуы қажет. Ал өзіміз жылына 4 кило жейміз бе, жемейміз бе?
Өкініштісі, су түбін сүзіп жүрген кәнігі балықшылар балық қоры бұрынғыдай емесін айтады. Әрі салмағы 10 килоға жуықтайтын ірі балықтардың қарасы да сиреген. Суға салған аудың да көзі бұрынғыдан тарыла түскендей. Мұның барлығы балықшылардың майда балыққа дейін аулайтынына бірден-бір дәлел. Бірақ...
Балық ресурстарының өсімін молайту жөніндегі шаралар жоқ емес. Мысалы, былтыр елімізде шамамен 100 млн дана шабақ өсіріліп, табиғи мекендеу ортасына жіберілген. Сондай-ақ мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындарын сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерін (арал пілмайы және арал қаязы) жасанды өсіруге байланысты жұмыстар қолға алынып жатыр.
Жағымды жаңалықтың бірі, былтыр 1 шілдеден бастап мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындарының негізгі салалық қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына 100 пайыз қосымша ақы белгіленген. Сонымен қатар салалық комитет Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Атыраудағы мемлекеттік бекіре зауытының өндірістік базасын жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді бастаған. Ең бастысы, балық кәсібіне қатысты қабылданып жатқан барлық іс-шара инвестиция тартуды арттырып, балық өнімдерін өндіру мен экспорттың өсуін, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың балықты көптеп тұтынуына оң әсер береді деген сенім бар.