Фото. aqmeshit-zhastary.kz
Қолжетімді бағадағы көкөністермен барынша қамту үшін өңірлерде жәрмеңкелер басталады. Осы ретте сәуір айының екінші жартысынан бастап «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы Өзбекстан мен Тәжікстаннан импорттау жұмысын жүргізеді. Атап айтқанда, Қазақстанның ерте көкөністерге қажеттілігін қамтамасыз ету үшін ұсынылған көлем: картоп – 8,2 мың тонна (сәуір-маусым), пияз – 5 мың тонна, (мамыр-маусым).
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, өткен жылдардағы тәжірибені ескеріп, «QazTrade» картоп пен пиязды ішкі нарыққа жеткізу мүмкіндіктерін пысықтаған, жеткізу схемасы әзірлеген, оның ішінде шекаралық шарттармен бірге бірқатар логистикалық мәселелер ескерілген.
Кеңесте сондай-ақ қанттың ең төменгі көтерме бағасын белгілеу мүмкіндігі талқыланды. Серік Жұманғарин осы мәселеге қатысты түрлі пікірлерді ескеріп, бірлескен шешім әзірлеу үшін салалық қауымдастықтар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп министрліктері және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен кеңес өткізуді тапсырды.
Сондай-ақ өңірлік комиссиялардың қызметі туралы да баяндалды. Жыл басынан бері өңірлерде 74 комиссия отырысы өткізіліп, шекті тауар бағасынан асып кетудің 67 фактісі анықталған. Олардың басым бөлігі Павлодар, Түркістан облыстарында, Шымкент, Алматы және Астана қалаларында тіркелді.
Жалпы, жыл басынан бері әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасының өсу динамикасы 0,2%-ды құрады. Өткен аптаның қорытындысы бойынша баға индексінің көрсеткіші тұрақты.