Зерде • 31 Қаңтар, 2024

Қайран қарттарым!..

170 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сөз бостандығы
Қаңтар айының басында-ақ «Прав­да» газеті атындағы колхоздың жылды қо­ры­тындылайтын, алдағы келген жаңа жылдың бағыт-бағдарын белгілейтін өн­дірістік жина­лысы өтеді. Ұмытпасам, 1951–1952 жыл­дардың бірі болатын. Колхоз қара­таяқ­тарын айтпағанда, озат қойшы, малшылар мен көп өнім алған диқандар арнайы шақырумен келсе, басқа үлкен-кіші едені жер, төбесі аласа клуб үйіндегі қатар-қатар қойылған ұзынша орындыққа сыйғандарынша отыра береді.

Қайран қарттарым!..

Шопан әні. Молдахмет Кенбаев 1956 жыл

Біз үшін де ол күн шағын мереке іспет­ті. Класс жетекшіміз Бижамал апай оқы­татын төрт сабағын жылдамдатып бітіріп, бізді босататын. Күйеуі әрі мектеп директоры Ғазиз Сүлеев ағамыз өндірістік жиналыс атаулының тұрақты бас баяндамашысы болғаннан кейін бе, әлде ол күні мектебіміздегі айналдырған 5–6 мұғалімді де жиналысқа арнайы шақыра ма, әйтеуір мектеп үйреншік­ті әдетінен жаңылып, дұрыстап сабақ өткізбейді десе де болады. Біз үшін кіші­гірім мереке дейтінім, біріншіден, ол күні сабақ оқып жетістірмейміз, екіншіден аулымызға араға ай салып әрең келетін кино дейтін ынтығымыз жиналыстан кейін көрсетіледі. Әрине, жиналыста колхоздың қандай табыс­тары таразыға тартылып, қандай алар асулары белгіленіп жатыр, мақталатын­дар кімдер, датталатындар кімдер, онда біздің шатағымыз шамалы. Есіл-дерті­міз кино. Жиналыстан кейін қандай кино қойылады, ол қалай аталады, онда да біздің жұмысымыз жоқ. Бізге кино болса жетіп жатыр. Жиналыстан кейін орындықтар қойылмаған тақтақ жерге отырып алып: «Әне, біздің әскер­лер, қазір фашистердің әкелерін танытады», деп пікір білдіреміз. Немесе қыз бен жігіт бір-біріне жақындап, құшақтаса бастаса: «Қазір «пацалуй береді» деп елеурейміз. Орындықта шіреніп отырған үлкен­дер­дің: «Шуламаңдар ей, оңбағандар!» деген ескертпелерін пәлен рет тың­дап, ­ор­нымыздан тұрамыз. Кино көбіне орыс тілін­де жүріп, ештеңе ұға қоймасақ та, өзіміз­ше талқылаған боламыз. Жина­лыс­тың аяқталуын күтіп, жылтыңдап, есік-терезеден қарап қойып, қайта айналып соғып жүреміз.

Ғазиз ағайымыз кейде бізді: «Өңшең колхозшының ши түбінде өскен көләгән балалары», деп ұрысып, ашуланғанда пальтосының жеңімен ғана бүйіріңнен нұқып қалатын мінезі болса да, біз үшін ол – бүкіл Жарсудағы ең оқымысты, ең білімді адам. Себебі колхоздың 8 март па, 1 немесе 9 май ма, әйтеуір жиналыс атаулының бәріне баяндама жасау сол кісіге тапсырылады.

Жиналыс өтіп жатқан клубтың есі­гінен бір қарағанымызда, ол ұлы көсе­мі­­міз Сталиннің сара басшылығының ар­­­қа­сында және сүйікті Компартия­ның пә­­­лен­байыншы пленумының шешім­де­рін жү­зеге асырудағы совет халқының ком­му­низмге бет алған қарышты қадамы туралы бұлжытпас дәлелдермен баян­дап тұр екен. Содан кейін ғана аудан­ның жетістіктерін тізіп келіп, колхоз бас­шылары мен бухгалтериясынан алған мәліметтерге тоқталып, қай шопан қанша төл алғаны мен қанша жүн қы­рық­­қанын, диқандардың мемлекет қой­­масына қанша астық құйғанын, бұл көрсеткіштердің өткен жылмен салыс­тыр­ғанда біршама жоғары екендігін мақ­танышпен атап өтіп еді, бұл мәліметті жаңа естігендей колхоз бастығы бір қоз­ға­лақатап қалып, қол соғып еді, клубта отыр­ғандар шошып оянғандай дүр-дүр шапалақ соқты. «Алайда, – деп баяндамашы сөзін жалғады. – Биыл қыстың қаһары алабөтен. Мал азығы жетпей­тін түрі бар. Ойдан шабылған пішеннің бес-алты-ақ маясы қалыпты. Енді Ертіс пен Жайдақтың құнарсыз құрағынан жиналған маялар көп малды қыстан алып шыға алар ма? Демек жаз айларында пішеншілер мал азығын жеткілікті даярлай алмаған. Оның үстіне мемлекетке ет, сүт, жұмыртқа тапсыру жоспары да орындалмаған».

Бекер обалы қане, баяндамашы жос­парды орындай алмаған бригадирдің аты-жөндерін әйгілеп, атай бастаған.

– Әй, бұлар әлі жарыссөзге шығып, біраз езеді. Барып, аз уақыт сырғанақ теуіп қайтайық, – деді Меңғали. – Бізге керегі екеуіміздің әкелерімізді де озат шопандар қатарында атап өтті ғой.

Біз тағы бір айналып келіп, есіктен қарап, жиналыс барысына барлау жүр­гізгенімізде, колхоздың әлде бригадир, әлде шаруашылық меңгерушісі ме, Ағзам ағамыз мінбеге шығыпты. Стақандағы судан бір ұрттап алып, сөзін жалғаған.

– Колхозшы жолдастар, біз мал азы­ғын даярлауға жеткілікті мән бере алмай жүрміз. Ұлы көсеміміз Сталин жолдас «Қыстың қамын жазда ойлаған шаруа еш­қашан ұтылмайды» деген болатын, – деп сәл тыныс алған кезде отырғандардың ішінен қайсыбірінің күлгені, қайсы­бірі­нің күбір-сыбыры естіле бастаған кезде әлдебіреу шешенге сөз жүгірткен.

– Ақа, ұлы көсемнің еңбектерін оқып қана қоймай, керекті сөздерін жаттап алыпсың ғой, – деді. Бұл қоштау емес, мысқылды пікір екені анық еді.

– Әй, кітапты оқығанды қойып, «Прав­да» газетінің бетін ашпайтын сен надан не білуші едің? Сенбесең ұлы көсемнің жетінші томын алып, 442-бетіне қара, – дегенде отырғандар тағы бір жымың­­да­сып, жеңіл күлкіге ерік бере бастап еді, президиумда отырған колхоз бастығы ты­ныштыққа шақырды.

Жарыссөзге Қапсемет Қалиұлы дей­тін әлі мектепті бітіре қоймаған, бірақ мек­­теп қана емес, колхоз көркемөнерпаз­дары­ның белді мүшесі атанған бозбала шы­ғып, колхоз басшыларының жас­тар­ға көбі­рек көңіл бөлуін, көркемөнерпаз­дар­дың ферма орталықтарына барып, ­концерт қойғылары келетінін, бірақ оларға көлік ұйымдастырып бермейтінін, тіпті колхоз орталығына кино қоюшылардың сирек келетінін айтып, мінбеден түскен. Сол кезде ортадан почтальон Қали ақсақал орнынан тұрып:

– Маған сөз беріңдерші, – деген батыл үн қатып.

– Келесі сөз атақты майдангер, еңбек майданында да алдыңғы шепте жүрген почтальонымыз Қали Төленов жолдасқа беріледі, – деп жиналыс басқарушы ха­барлай бергенде-ақ қос балдағына сү­йенген Қалекең жіті басып, сахнаға кө­терілді. Кідірген жоқ, бірден бастап кетті.

– Жаңа ғана менің алдымда сөйлеген шешен Қапсемет Қалиев жолдас өте дұрыс айтады...

Жұрт ду күліп, біреуі: «Оу, майдан­гер, ұлыңды өзің қолдамасаң, кім қол­дай­ды» деп дауыстаған. Қалекең неменеге күлесіңдер дегендей аңқиып тұрып қалған...

 

Заман талабы

Тағы да совхоздың жылды қоры­тындылау жиналысы болатын. Бұл кезде өзінше ірі шаруашылықпын деп жүрген «Правда» колхозын толайымымен өзіне қосып алып, ірілендірілген «Азаттық» совхозының бір мүшесіміз. Мектептен соң жоғары оқуға түсу үшін екі жыл жұмыс істеу қажет деген Мәскеудің пәр­менімен совхоздың «анда бар да, мұнда бар» деп, әр шаруаға жегіп жүрген жұмысшысы кезіміз.

Жарсудың баяғыдай саман кір­піш­тен соғылған тоқал там-клубы емес, Қара­бұлақтың салтанаты бөлек, тақ­тай еденді, кең де жарық клубына жи­нал­ған жұрт залды лық толтырған. Пре­зи­диумда аудандық партия және ат­қару ко­митеттерінен келген, галстуктері тоқ­пақтай атқамінерлердің қара костюм, ақ көйлектері олардың аса жауапты қыз­меткер екендіктерін әйгілегендей. Дәл солардай киінген совхоз бастауыш партия ұйымының хатшысы жиналысты ашық деп жариялап, совхоз директоры Қабақай ағамызға сөз берді. Директорымыз ша­руа­шылықты алға сүйреген іскер, әрі үлкен-кішінің тілін оңай табатын жұртқа жағымды жан болатын. Ол отырғандарды жанарын қыдырта бір шолып шықты да:

– Құрметті жолдастар, қазір заман талабына байланысты және ауданнан келген өкілдердің өтініші бойынша баяндамамды орыс тілінде даярлап едім, – деп бір жымиып қойды. – Оның үстіне ортамызда өздеріңіз Көзмә деп атайтын ұлы орыс халқының бір ұлы Кузьма Иванович отыр, әрі соның құрметіне мен баяндаманы орысша оқиын, ал сіздер жарыссөзді қазақша айта беріңіздер...

Қарабұлақ атты үлкен ауылдағы жал­ғыз орыс отбасы осы Көзмәнікі болатын. Қ, ң сияқты орыс тіліне шалқақтап, бағынғысы келмейтін үш-төрт әріп бол­маса, ол таза қазақша сөйлейтін. Бала­ларының алды қазақша мектепті бітіріп, қазақша мүдірмей сөйлесе де, кейіндері өз ұлтының қыздарына үйленіп, Өскемен асып, таза орыс болып кетіпті десетін. Сол сияқты біздің Жарсуда да Даша есімді жалғыз орыс кемпірдің Барыс есімді ұлы да қазақ мектебін бітірердегі орыс тілінен «үштік» деген баға алған екен, сонда Сарбасов Ризабек есімді мектеп директоры «Қымбатты Борис Николаевич, ұлтыңды сыйлағандықтан ғана орыс тілінен «үштікті» әрең қой­дық» десе, біздің Барыс: «Осы шіркін­нің «оканчаниелерін» ұқпай-ақ қойдым» депті. Сол Барыс та Өскемен асып, Борис Николаевич болғаннан кейін орысшаға судай ағатын болыпты деседі. Бұрын жә деген домбырашы еді, қазір балалайканы безілдететін болыпты...

Сол Көзмәнің бұрын қандай қызмет істегенін біз білмейміз, әйтеуір зейнеткер болатын. Бұрындары бірді-екілі доңыз баласын ұстаған екен, көршілері: «Мына пәлекеттеріңнің сасық иісі қолқамызды қауып барады» дей берген соң, «ал, ендеше» дегендей оларын шыңғыртып пышаққа іліндіріпті. Содан бері төрт-бес ешкі, екі-үш сиыр баласын ұстайды екен. Еңбекқор, тізе бүгіп отыруды білмейтін қария жалғыз көк есегімен шапқан шөбін тасып, малдарын жүдетпейді десетін.

Есек демекші, ол кезде ауылды қо­йып, аудан аумағында бұл қадірсіздеу жануардың тұқым-тұяғы болмайтын. Біз Зайсандағы орта мектепке барып, оқи бастағанда қаладағы Жеменей өзенінің арғы бетінде тұратын бір сыныптасым: «Үш-төрт жыл бұрын кешкілік еш ха­йуан­ның үніне ұқсамайтын бір жабайы да­уысты естіп, зәреміздің зәр түбі­не кет­кені бар. Ішін тартып, ышқына ақыр­ғанда арыстан екен деп шошып едік. Сөйтсек, Павел дейтін көршіміз қайдан әкелгені белгісіз, екі есекті алып келіпті» дейтін.

Жұрттың айтысы, Көзмәнің көк есегі сол Павелдің есектерінің қодағынан өсір­ген көлігі екен...

Директор баяндамасын орысшалап бастаған кезде жұрт жалтақтасып, бір-біріне қарасып қалысқан. Сол кезде Көз­мәнің қарлығыңқы дауысы естілген:

– Ай, Каке, орысшага тилинди бура­май-ак, казакша айта бермейсин бе? – демесі барма. Директор да бөгелген жоқ.

– Кузьма Иванович, заман талабын түсінуіңіз керек, – деп жауап берді. Алайда өзі ерекше бір мысқылға ұқсас күлген. Ал ауданнан келген үлкен бас­тық­тардың бірі үстелді тықылдатып, жұрт­ты тәртіпке шақырды.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты