Қоғам • 31 Қаңтар, 2024

Бейнесөйлесу бәле болып тұр...

228 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жол­дауында: «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге ай­рық­ша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұн­дай қатерлерді анықтап, қыл­мыскерлерді құрықтау үшін ақпа­рат­тық-сараптама жұмы­сын күшей­туі қажет», деген бола­тын.

Бейнесөйлесу бәле болып тұр...

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Президент сол жылғы 12 жел­тоқ­сан­да Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында сөйлеген сөзінде осы мәселеге тағы да ерекше көңіл бөліп, кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажетін және оған толықтай ты­йым салған кейбір елдердің тәжірибесін зерттеуді тапсырған еді.

Алайда Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау бойынша мүдделі мемлекеттік органдар қол­данған шаралардың нәтижесі көңіл көн­шітерліктей емес. Бас прокура­ту­ра Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, 2022 жылы елімізде 20 559 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген болса, былтыр бұл көрсеткіш 21 777-ге жетіпті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпарына сүйенсек, өткен жылдың қазан айында онлайн-микрокредиттердің көлемі 197 млрд теңгені құрап, қарыз алушылар саны 1,09 млн адам болған. Оның ішінде 297 мың адамның 37 млрд теңге сома­сын­дағы проблемалық микро­кре­ди­ті бар. Былтыр 15 мыңға жуық қаржы алаяқтығы тіркелген, соның 6 мыңға жуығы кредит алуға байланысты.

Бұл ретте бір айта кетерлік жайт, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылы алаяқтардың алдауына түсіп, зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау мақсатында барлық алаяқтық кредит бойынша сотқа талап арыз беруді және олар бойынша сыйақы есептеуді тоқтату туралы талап қабылдаған. Банктер, микроқаржы ұйымдары мен аталған агенттік арасында жасалған арнайы меморандумға сәйкес қаржы реттеушісі азаматтар интернет-алаяқтық дерегіне байланысты құқық қорғау органдарына жүгініп, қылмыстық іс қозғалған кезде алаяқтардың алдауымен алынған кредит бойынша сыйақыны есептеуді сот талқылауы толық аяқталғанға де­йін тоқтата тұруы мүмкін. Егер сот ондай азаматтарды интернет-алаяқтар алдағанын растаса, онда жәбірленуші кредит төлеуден босатылады. Бұған қоса интернет-алаяқтардың арбауымен онлайн-кредит алудан өздерін алдын ала сақтандырғысы келетін адамдарға мұндай мүмкіндік беріліп отыр. Ол үшін eGov «Электрондық үкімет» веб-порталына кіріп, банктер мен микроқаржы ұйымдарының кре­дит­теріне 6 айға дейін бұғат салу қажет.

Алайда әзірге интернет-алаяқ­тар­дың айлаларын асыру жолда­рының бәріне тосқауыл қойылған жоқ. Соның бірі – арамзалардың кез келген адамның смартфон арқылы бейнесөйлесуін заңсыз пайдалануы. Бұған бір мысал келтірейік.

Астана қаласындағы университет­тер­дің бірінде оқитын Т. деген студент достарымен смартфон арқылы бейнесөйлесуді ұнататын. Онысы басына бәле әкелетінін қайдан білсін. Мұны өткен жылғы 8 мамырда елорданың Есіл аудандық полиция басқармасының тергеушісі телефон соғып, әңгімелесуге шақырғанда бір-ақ білді. «Сіздің Еура­зия­лық банкте ашылған шотыңызға биылғы 14 сәуірде 3 млн теңге аударылыпты. Осы сома сол күні Алтын банктегі бір шотқа аударылған», дейді тергеуші. Ақшаның иесі Қарағанды қаласының А. деген тұрғыны екен. Ол интернет-алаяқтардың алдап-арбауымен бір қаржы ұйымынан 3 млн теңге кредит алып, оны бірден өзі білмейтін әрі ешқашан көрмеген Т-ның атына Еуразиялық банкте ашылған шотқа аударып жіберген көрінеді. А. алданғанын кейін біліп, арызданған соң, Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданы полиция бөлімінің оңтүстік-шығыс бөлімшесі қылмыстық іс қоз­ға­ған екен.

Ертеңіне Т. Еуразиялық банкке барып, өзінің атынан белгісіз біреулер сол жылғы 14 сәуірде 2 шотты онлайн ашқанын білді. Бірақ сол күні де, одан кейін де смартфонына аталған банктен өз атына шот ашылып, ақша аударымы түскені туралы ешқандай SMS-хабарлама келмегеніне қайран қалды. Сөйтсе, интернет-алаяқтар арам ойларын іске асыру үшін оның смартфоны арқылы бір бейнесөйлесуін көшіріп алып және дербес деректерін тауып алып, пайдаланған екен. Ал Еуразиялық банк қызметкерлері шот ашу үшін қолданылған нөмірі, ұялы телефон кімдікі екенін тексермеген. Ал Т-да ондай смартфон ешқашан болған емес.

Содан кейін Т. «Мобайл Телеком-Сервис» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігінен интернет-алаяқтар қол­данған смартфонның иесі туралы мәлімет сұра­ға­нында ұялы байланыс операторы мұндай дерек қолданыс­та­ғы заңнамаға сәйкес қызметтік ақпа­рат­қа жататынын айтып, оны бе­ру­ден бас тартқан. Осы себеппен оның Еуразиялық банк­те өз атына ашылған шоттан Алтын банкке ауда­рыл­ған қаражаттың кімнің шотына түскенін анықтауға тырысқан әре­кетінен де нәтиже шықпаған. Ал Еуразиялық банк Т-ның атына шот ашу кезінде қолданған бейнесөйлесудің жалғандығын әшкерелеу үшін ішкі істер органдарының киберқылмыстармен айналысатын мамандарының көмегі қажет болып шықты.

Осы орайда интернет-алаяқтардың алдауымен кредит алған А-ның өтініші бойынша қылмыстық іс қозғаған Қара­ған­ды қаласы Қазыбек би ауданы полиция бөлімінің оңтүстік-шығыс бөлімшесі Т. қылмыстық іс бойынша тер­гелмегенін және оның осы істегі мәртебесі айқындалмағанын хабарлапты. Бұл қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр.

Соған қарамастан жәбірленуші А. жауапкер ретінде Т-ның үстінен Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының №2 сотына талап арыз түсірген. Сол бойынша азаматтық іс қозғалып, оны қараған судья Т-ны кінәлі деп танып, одан А-ның пайдасына 3 млн теңге өндіріп алу тура­лы шешім шығарған. Осылайша, бейнебайланыспен сөйлесуге құмар студент жігіт ойламаған жерден от бас­ты. Әрине, әлі тергеліп жатқан қыл­мыстық іс бойынша тіпті күдікті ре­­тінде танылмаған адамды оның қор­ғау­­­шысының келтірген уәждерінің анық-қанығын тексерместен, кінәлі деп таныған судьяның шешіміне байланысты жоғары тұрған сот органына аппеляциялық шағым түсірілді.

Өкінішке қарай, смартфонмен бей­не­сөйлесуді әдетке айналдырудың салдарынан интернет-алаяқтарға жем болған – жалғыз ол емес. Сондықтан біріншіден, туыс-туғанымыздың, дос-жаранымыздың бет-жүзін көргіміз келіп тұрса да, ұялы телефонмен бей­­не­сөйлесуді шектегеніміз абзал. Екін­ші­ден, қолданыстағы заңнамаға құқық қорғау және сот органдарын қаржы ұйымдары интернет-алаяқтыққа байланысты айғақ ретінде ұсынатын бей­несөйлесу жазбаларының растығын арнайы сараптама арқылы анықтауға міндеттейтін норма енгізілсе, құба-құп. Бұған қоса заңнамаға интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталмай тұрып, біреу күдік келтірген адамды азаматтық іс бойынша жауапқа тартуға жол бермеу бойынша да түзету енгізу қажет болар.

Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің банк­тер­ді ақпараттық қауіпсіздік рәсім­дерін бұза отырып, алаяқтық жолмен ұрланған кредиттер бойынша ақ­ша­лай қаражатты өтеуге міндеттеу туралы ұсынысы да орынды деп білеміз. Шынтуайтында, онлайн-кредит алу оңай болмағанымен, мыңдаған отан­да­сымызға опық жегізіп жатқанын ескерсек, оған мүлдем ты­йым салу мә­се­лесін көпшілік талқысына салатын кез жеткен сияқты.