Пікір • 01 Ақпан, 2024

Кәсіби мамандарға құлақ түрейік

217 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел газеті «Egemen Qazaqstan»-да үнемі толғандырған тақырыптар төңіре­гін­дегі, түрлі мәселе хақындағы, танымдық тұрғыдағы, кәсіби мамандар мен сауатты сарапшылар сараптаған тұшымды мақалалар жария­ланады. Халық соны міндетті түрде оқуға тиіс. Мен бұл ойды газеттің тұрақты оқырманы ретінде айтып отырмын.

Кәсіби мамандарға құлақ түрейік

Жақында басылым бетінде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сұхбаты жарық көрді. Онда саяси маңызға ие, ел тағдырына, болашағына қатысты біраз мәселе ашық айтылды. Салмақты сұхбатта сараптайтын дүние өте көп. Қарапайым халыққа бә­рін тәптіштеп тұрып түсіндіру керек. Менің ойымша, «Egemen Qazaqstan» газеті осы үдеден шығып отыр. Бірақ, «бір кем дүние», дәл халыққа керек ай­тыл­ған ойдың, жазылған жайдың көбі ел құлағына жетпей қалатын сияқты. Насихаты кемшін бе деймін. Шынында, газетті бәрі оқымайды. Қазір адамдар ақпаратты жеңіл-желпі жаза беретін әлеуметтік желілерден оқып қана ой қалыптастырады. Ол рас па, өтірік пе бағамдай бермейді. Сондықтан газет оқитын әрбір оқырман жақсы дүниенің таралуына септігін тигізсе деп ойлаймын. АЭС салу мәселесінде халықтың пікірі екіге жарылған. Қарап отырсақ, көбі қарсылығын білдіріп жатыр. Бірақ дәл не үшін қарсы екенін, АЭС салудың маңызы неде екенін жете түсініп жатқан жоқ. Президент сұхбатында: «Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жа­­­йына айрықша мән беремін. Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қар­сы­лық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядро­лық полигонының қасіретін ұмыта қой­ған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен эко­ло­гияға әсерін қаперден шығаруға болмайды», деп атап өтті.

«Egemen Qazaqstan» газеті осы та­қы­рыпты ортаға салып, дөңгелек үстел ұйымдастырған екен. Газеттің 25 қаңтардағы санында жарияланған мақа­лада саланы жетік білетін ғалым­дар, арнайы мамандар келіп, сауатты пікір айтып, тамаша сараптама жа­сал­ған. Халыққа керегі де – осы. Қар­сылық білдірген жұрт сол сараптаманы оқыса, мәселенің байыбына барып, АЭС салудың мәнін, маңызын әбден түсінетін еді. Ғалымдардың, ма­ман­дардың сөзін оқымай тұрып, менің де пікірім басқа болатын. Бірақ олар ғылымға негізделген дәлелді ойларын қарапайым тілмен көпке түсі­нік­ті етіп тамаша жеткізді. Сарап­шы­­лар қазіргі жағдайда қалай әрекет етуі­міз керегін және қандай шешім қа­был­да­уы­мыз қажетін кәсіби тұрғыда айтып берді. Олардың «бүгін АЭС керек емес деген халық, ертең электрге қатысты бар­лық тіршілігі тоқтап, қараңғыда қал­са не істейді?», деген сауалы өте орынды.

Профессор Манарбек Қалымұлы: «Бұл мәселеге тәуелсіздікті сақтап қалудың бірден-бір жолы ретінде қара­ған жөн. Елге қажет энергияның шикі­заты мен басқа да маңызды атри­бут­­­тары өзімізде бола тұрып, оны дұ­рыс пайдалана алмасақ, елдігімізге сын әрі зор мүмкіндікті жіберіп аламыз. Осында отырған маман, ғалым азаматтар «АЭС құруды 10 жыл бұрын бастауымыз керек еді. Сонда қазіргідей энергия тапшылығына ұрынбаған болар едік», деді. Мен бұл ойды құптаймын. Әлемдік саясат күрделі болып тұрған кезде түрлі себеп болған шығар. Ал енді дәл бүгін іске кіріспесек, өрке­ниет­ке ілесуден кеш қаламыз. Десе де халыққа ақпаратты түзу жеткізу жағы аздап кемшін бе деген ой да жоқ емес. Өскеменде АЭС-ке қатысты жиынға әдейілеп барып қатыстым. Сонда интернеттен, әлеуметтік жеңіл-желпі желілерден ақпараттарды там-тұмдап оқып алып, кейбіреулер соны жалаулатып отыр. Оның бірде-бірі дәлелденбеген, жалған мәліметтер. Қазіргі ғылыми жетістіктер мен энергия қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екенін жайдары тілмен түсіндіріп айтып берген едім, көкірегі ашық, көңілі ояу көпшіліктің беті бері қарады», деп айтып отыр. Сондықтан осыны барлығы түсіну үшін жазылған жайды жетеріне жеткенше тарату керек.

Бану Нұрғазиева да әлемдік форум­да­ғы жайды баяндап, Қытай келесі жылы атом энергиясын өндіруден әлем бойынша бірінші орынға шығуды көздеп отырғанын айтты. «Ондағы халық АЭС-сіз болашақ жоқ екенін түсінген. Біздің елде жыл сайын 400 мыңдай бала дүниеге келеді. Бұл жарты Астана халқына жуық. Иә, өсейік, өнейік, бұдан да көбейе бергеніміз жақсы. Бірақ ертеңгі күніміз не болады? Осыны байыптап ойлайтын кез келді», дегені рас сөз. Қорқыныш пен қажеттіліктің аражігін ажырата білгеніміз дұрыс. АЭС адамзаттың игі­лігі үшін. Соны бәріміз ұғынуымыз керек.

Арман Телев: «Қазіргі заманда көмір жағып, одан энергия алу қоршаған ортаға, табиғатқа, жалпы жер әлемге қауіп төндіріп тұр. Сондықтан АЭС – экологиялық әрі экономикалық та мәжбүрлік» десе, Асуан Сиябеков: «Біз тек көмірден ғана энергия алып отыра берсек, сауда мен қарым-қатынас, басқа да тіршілік қиындай түседі. Мысалы, салық мөлшері өлшеусіз өсуі ық­тимал. Сондықтан жасыл энергияға көшуді кідіртуге әсте болмайды. Бұл – бүкіл­әлемдік үрдіс», деп бәрін ашық түсіндіріп беріп отыр.

Осыларды мән-жайды білетін ға­лымдар мен істің ортасында жүрген маман­дар айтпаса, кім айтады. Міне, «Egemen Qazaqstan» газеті халыққа жетуге тиіс ойды дәл беріп, маңызды дү­ниені талқыға салған. Басылымның осындай түсіндіру, ағартушылық бағы­тын­дағы жұмысының маңызы зор. Біздің тілегіміз – соны оқыған көзі ашық азаматтар дәлелді дүниенің таралуы­на мүдделі болса екен. Соның бәрі халықтың санасында сайрап тұру үшін үгіт-насихатын арттырса екен. Тіпті об­лыстарда, ауыл-аймақтарда, әрбір мектеп, жоғары оқу орындарында айтылуы керек деп есептеймін. Мемлекеттік өзге­­ріс­терді халық шынайы қолдауы қажет. Сондықтан оның мәнін түсіндіру керек.

 

Асылы ОСМАН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор