Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай
Тікелей шетелдік инвестиция аз тартылған өңірлердің қатарында Жетісу облысы да бар. Жаңадан құрылған өңірдің бұл бағытта баяу ілгерілеп келеді. Ресми қонақтарға жылы құрметін білдірген облыс әкімі Жетісуда 5 стратегиялық бағыт бойынша өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
«Логистикалық және транзиттік тұрғыда Жетісу өңірі геостратегиялық жағынан да, геоэкономикалық жағынан да тиімді орналасқан. Сонымен қатар аймақтың табиғи-климаттық жағдайы қолайлы, топырағы құнарлы, суы бар, мұның бәрі ауыл шаруашылығының белсенді дамуына оң ықпал етеді. Жанымызда екі үлкен нарық – Ресей мен Қытай орналасқан. Оның үстіне, біздің аумақ арқылы Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралі өтеді, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы, сондай-ақ «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы табысты жұмыс істеп жатыр, мұнда Қытаймен шекарадағы теміржол және автомобиль өткелдерін айтпағанның өзінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті барлық инфрақұрылым бар. Арнайы экономикалық аймаққа ет комбинатын орналастыруға болады, бұл жер экспортқа бағытталған өнімдерді өткізуге ыңғайлы», деді Б.Исабаев.
Өз кезегінде «Мосцибродыдағы ет комбинаты» отбасылық кәсіпорнының президенті, Польша Республикасы Парламентінің депутаты Кшиштоф Борковский жылы қабылдау үшін алғыс айта отырып, күркетауық пен тауық етін өңдейтін экспортқа бағытталған зауыт салу ниетін жеткізді. Сол сияқты құс басын өсіру үшін фабрика салатын да ойлары бар.
«Сапалы әрі пайдалы өнім шығару үшін кәсіпорынға озық технологияларды енгіземіз. Сол жабдықтарда тауық пен күркетауықтан басқа сиыр етін де өңдеуге болады. Өнімімізді жергілікті нарыққа, сонымен қатар Қытай мен Ресейге сатқымыз келеді. Біз сондай-ақ жасанды су қоймаларында тұқы балығын өсіруге маманданғанбыз, мен өз елімде осы салаларда жұмыс істеймін, бұдан бөлек менің екі ет комбинатым жұмыс істеп тұр», деді поляк инвесторы. Оған қоса ол жергілікті фермерлерді күркетауық өсіру әдістеріне үйретуге дайын екенін жеткізді.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы саласына, соның ішінде ет пен сүт өңдеуге инвестор тарту өңірдегі басым бағыттың бірі. Бұл жобалардың қызығушылық тудыратынын баса айтқан аймақ басшысы мал азығы қорын құру мәселесін жергілікті шаруалардың көмегімен шешуді ұсынды, олармен кәсіпкер тиісті келісімшарттар жасай алады.
«Мұндай жобалар біздің облысқа керек. Еліміздің заңдары аясында Сіздерге қажетті қолдау көрсетуге, ашық ынтымақтастыққа дайынбыз. Әзірге кәсіпорынды орналастыруға қатысты қолда бар мүмкіндіктеріміз бен ұсыныстарымызды егжей-тегжей зерделеп, сондай-ақ сіз ұсынып отырған жобаларды жүзеге асыру жолдарын бірлесіп жан-жақты пысықтауымыз қажет», деп түйіндеді сөзін Б.Исабаев.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы шешім қабылдап, инвесторлардың жақын арадағы аймаққа сапары жөнінде уағдаласты.
Жетісу облысы