Фото: pixabay.com
Еліміздің солтүстік өңірлерінде жем-шөптің таусылып, далада қардың беті жаппай мұз құрсанып, жылқылар тебіндей алмай, толықтай қолға қараған, өлім-жітім көп деген ақпараттар келіп жатыр. Шаруалар онсыз да жем-шөбі жоқ, жөнді субсидия берілмейтін жылқы малынан айырылып қалу қаупі бар. Өйткені жем-шөбі таусылған фермерлер де, қорадағы малына қараған ауыл адамдары да жылқыны арзан бағаға болса да соғым орнына жаппай сатып жатыр.
Ақмола облысының бірнеше ауданында жылқы басының азайып бара жатқанын айтып, дабыл қаққандар көп. Зеренді ауданындағы Ақадыр, Васильков, Заречный, Шағалалы сияқты ондаған ауылда жұрт жем-шөп таппай, қиналып отыр. Ақкөл ауданы малшыларының жағдайы да мәз емес. Шөптің бағасы тым шарықтап кетіп, бір орамы 20 мың теңгеге дейін жеткен көрінеді.
Бұған басты себеп – жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы. Тіпті жайылым жерінен мүлдем айырылып қалған көп ауылда (Зеренді ауданындағы Ақадыр, Айғыржал, Ортақ, Қошқарбай, Раздольный, Күсеп, Первомайский) жылқылар қолға қарап тұр. Елдің іргесіне дейін егін егіп тастаған. Жанармай құны 300 теңгеден асып, аспандап кеткен. Осындай қыс қыспағы мен қиын-қыстаудың кесірінен әр ауылда жылқылар өліп жатқаны, қолындағы бар жылқысын тұяқ қалдырмай түгел сатып жіберген фермерлер жайында ресми басылымдар да жазып келеді. Яғни көптеген ауыл тұрғыны көтерем болып жатқан көп жылқы көктемге жетпей қалуы мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Ресми мәлімет бойынша, ешқандай мал шығыны жоқ, бәрі тамаша. Дегенмен бізге жеткен хаттар мен «Egemen Qazaqstan», «Қазақ үні», «Айқын» газеттеріндегі ақпараттар басқаша сөйлейді.
Ендеше, төніп тұрған қауіптің алдын алу үшін Үкімет деңгейінде шұғыл түрде кешенді шаралар қажет. Біріншіден, Үкімет пен құзырлы министрлік, ведомстволар, әкімдіктер қазаққа қадірі артық жылқы малын аман алып қалу үшін арнайы «Жол картасын» жасауы керек. Екіншіден, бүгіндегі ең үлкен мәселенің бірі – шаруалар бейнеттеніп өсірген жылқысын лайықты бағасына сата алмауы. Сондықтан жылқы етін мемлекеттік сатып алу тізіміне міндетті түрде енгізу қажет. Тағамын таңдап ішер хан-сұлтандар мен батырлардың сүйікті асы болған, жеңіл қорытылуы мен денсаулыққа пайдасы ғылыми дәлелденген текті жануар жылқы еті тауық пен шошқа етінен кем болғаны ма?! Үшіншіден, Үкімет жылқыға субсидия беру мәселесін қайта қарауға тиіс.
Бізде мал шаруашылығында құс тұқымдарына да, тіпті шошқаға да субсидия бар, ал төрт түліктің төресі жылқыға мардымды субсидия жоқ. Республикалық бюджеттен 2023 жылы жылқыға бар болғаны 52,9 млн теңге бөлінсе, шошқаға 2,1 млрд теңге бөлінген. Яғни шошқаға бөлінген қаржы жылқыдан 40 еседей көп. Еліміздің басым бөлігі жемейтін шошқа етіне деген соншалықты ерекше қамқорлықтың сыры неде?
Биыл мал шаруашылығы үкіметтен мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айырылатын түрі бар. Өйткені 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, енді мал шаруашылығын субсидиялау төтенше жағдай жарияланған немесе гидрометеорологиялық қызмет растаған өңірде ғана, мал азығын дайындауға теріс әсер еткен ауа райының қалыптан тыс жағдайлары болған кезде ғана беріледі. Сонда шаруалар субсидия алу үшін ауа райы қашан бұзылады деп аспанға қарап отыруы қажет пе?
Бұл шарттар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және шаруаларды өздерінің мал азығын дайындауға ынталандыру мақсатында енгізілген. Бұлай жемқорлықты желеу етіп, Үкіметтің субсидияны тоқтатып қоюының кесірі өте ауыр болатынын ескертеміз. Бұл «Мәсісін жамау үшін кебісін кесіп алыпты» дегендей, кері кеткен мәселе болғалы тұр. Жемқорлықты жою керек, әрине. Бұл – құзыретті органдардың ісі.
Жайылым мәселесі үшін мемлекеттік комиссия құрылып, жердің қаншалықты, қалай жаратылып жатқанын түпкілікті тексеріп, нақты шешу керек.
Жылқы малын қыстан аман алып қалу үшін Үкіметтен шұғыл кешенді шаралар күтеміз.
Қазыбек ИСА,
«Ақ жол» партиясы фракциясының депутаты