Тұлға • 01 Ақпан, 2024

Қайраткерлік өнегесі

310 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елдігімізді еңселендірген тұлғалар қатарында халқымыздың ардақты перзенті Қаратай Тұрысовтың алар орны ерекше. Тұрысовтың табиғатын танытатын бір ғана түйінді сөзді іздер болсақ, қазақтың тұлға деген асыл ұғымы ойға оралады.

Қайраткерлік өнегесі

Мемлекет басшысы өткен жылы Рес­публика күніне орай салтанатты жиын­да: «Біз қазір Әді­лет­ті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сон­дықтан өткен заманның қай­рат­кер­­леріне, олардың еңбегіне лайықты, әді­летті баға беріп отыруымыз керек. Азат­тық жылнамасында Салық Зиманов, Серік­болсын Әбділдин, Қаратай Тұры­сов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, ­Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұл­тан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княги­нин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмір­бек Байгелды, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек», деген еді.

Шындығында да мемлекеттіліктің нығаюы жолында тер төккен қайраткер­лерді бағалай білуіміз керек.

Ол шын мәнінде нағыз тұлға еді. Қаратай Тұрысов кәсіби биік өрісімен, ұйымдастырушылық қарым-қабілеті­мен, елім деген, жерім деген перзенттік жүрегімен, қоғамдық белсенділігімен елдігімізді еңселеткен ерлеріміздің ортасынан ойып тұрып өз орнын иеленді. Мемлекетіміздің дамуына іскер басшы ретінде де, экономист-ғалым ретінде де, дара бітімді депутат ретінде де ерекше еңбек сіңірді. Замандастары Қаракеңді асыл адам, ардақты елағасы ретінде жо­ғары бағалайтын.

Қаратай Тұрысов осынау абырой жолына қалай жетті? Балалық шағы, отбасы туралы ол төмендегіше баяндаған еді:

«Абырой дейсің бе, дәреже дейсің бе – тоқетерін айтқанда, мұның бәрі маң­дайдың терімен, таза еңбегіңмен келетін дүниелер. Әлімсақтан сондай. Әйтпесе бізді қай көкеміз тіреп тұрды дейсің. Қарапайым шаруаның баласымын. Әкем оқымаған, молдалығы бар, бірақ тіке айтатын дуалы ауызды, құдай деген кісі еді. Жамбылдың іргесіндегі қырғызбен шекаралас «Жас өркен» деген колхозда өмірін мал бағумен өткіз­ген. Анам Күлімхан сауыншы, кейін қызылшашы болды. Анаммен бірге қар­шадайымнан сиыр бақтым. Кейін қы­зылшашы болғанда бүкіл бала-шаға таңнан кешке дейін жұмыс басында жүретінбіз. Жалақы деген жоқ. Тек қант беретін. Сол соғыс басталарда 1940 жылы мектепке бардым».

Қаршадайынан еңбекпен шыңдал­­ған Қарекең адал еңбек етті. Адал еңбегі­­нің арқасында абыройлы болды. Биік белес­ке де маңдай терінің арқасында жетті. Әділетсіздікке төзген жоқ. Әкесінен жұқ­қан осы қасиеті елдік мәселе тара­зы­ға түскенде қаймықпауға үйретті. Соның бір дәлелі ел басына күн туған Желтоқ­сан кезінде болды. 1986 жылы Желтоқ­сан көтерілісі басталған күні Мәскеу­дегі аузы дуалы, сөзі уәлі әр ұлт өкілдер­інен құралған делегацияны бастап Алматы­ға ұшқанды. Ондағысы – алаңдағы жас­тарды әділетсіздіктен арашалау еді. Бірақ Мәскеудегі қауіпсіздік қызметі ұшақ­ты Қарағандыға қондырды. 18 желтоқсан­да Бас хатшы Горбачев «Алматы зиялы­ла­ры мәскеуліктерді араластырмай, алаңға шыққан жастармен өздері мәселені шеше­міз деді», деп хабарласқан соң, амал жоқ, Мәскеуге қайта оралған. Бұл Қаратай Тұрысовтың Бүкілодақтық кәсіп­одақтары Орталық Комитетінің хатшысы қызметінде жүрген кезі-тұғын.

1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы­ның 42-сессиясында Кеңес одағы атынан мінберге шығып сөз сөйледі. Құрамында депутаттар мен одақтың айтулы азаматтары енген КСРО-ның делегациясын кезекті сессияға басқарып барған болатын. Сапар барысында БҰҰ Бас хатшысы Хавьер Перес де Куэльярмен кездесу өткізген. БҰҰ 1986 жылды «Бейбітшілік жылы» деп жариялаған. Өз сөзінде Қ.Тұрысов нағыз бейбіт заманға жақындау үшін жаппай ядролық қарудан бас тарту­дың бағдарламасын ұсынды. Семейдегі ядролық полигонның зардаптары әлемдік мінберде сонда алғаш айтылған еді. Хакім Абайдың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» ұлағатын ғаламдық жұрт­қа жеткізген. Бейбітшілікті бәрі қалай­ды. Бейбіт заман мақсатымыз десек ядро­лық қарудан бас тартуымыз керек деген.

КОКП Бас хатшысы Михаил Горба­чев дуалы ауызды Қаратай Тұрысовты сан сынақтан өткізді. Өзі жариялаған «қай­та құру» мен «бетбұрыс» партиялық ашық саясат жүргізу кезінде 300 миллион­дық кеңестер елінде наразылықпен ереуіл­ге шыққан жұмысшылар шерулері­нің көбейген кезі еді. Сол кезде Қарекең бас­шылығында жүрген одақтық кәсіп­одақтың қатарында 120 миллион мүшесі болған. Кәсіподақ жұмысшылар мен еңбеккерлердің мүддесін қорғайды. Қарекеңнің абырой-беделі 1987 жылы «Жалақы төлеуді жетілдіру туралы» ке­ңес елінің үкіметі бекіткен 1115-қау­лы­сының толық нұсқасын дайындайтын топ­тың жетекшісі болып, оны жүзеге асырғанда ерекше өсті. Сол жылдары ол Норильск, Воркута, Кузбасс, Архан­гельск, Мурманск, Нарьян, Мар, Оңтүс­тік Сахалин, Владивосток, Түмен тағы басқа ірі өндіріс орны шоғырланған өңір­лерде болып, ереуілшілдермен бет­пе-бет сөйлесті. Жер астына түсіп кен­шілермен тәулік бойы бірге кеңесіп, екі апта жер астынан шықпай наразылық жасаған шахтерлермен келісімге келе білді. Тіптен атом қаруы бар крейсерде бас­талған матростардың кемесіне тік­ұшақпен қонып, көкейкесті проблеманы шешті.

Қаратай Тұрысов Мәскеудегі қызметі кезінде ортақ қазынаның қаржысын елі­не бұрды. Кәсіподақтар миллиардта­ры­на Қазақстанда ондаған емдеу-сауық­тыру шипажайы, жұмысшылар мен ең­­бек­керлердің демалыс үйі салынды. Алматы мен облыс орталықтарында бір­неше қонақ үй тұрғызылды. Алматыда «Түр­кі­сиб» пен «Алма-Арасан» демалыс және «Алатау» мен «Медеу» қонақүйі. Талды­қорғанда «Қарғалы» мен «Арасан-Қапал» емдеу-сауықтыру орны салынды. Сон­дай-ақ Қызылорда, Қостанай, Аты­рау мен Оралда, Семейде шипажайлар са­лынды. Әйгілі «Сарыағаш» шипа­жа­йын кеңейтіп, қосымша құрылым жа­сауға қомақты қаржы бөлгізді. Қазақ­стан­дағы экономикалық-әлеуметтік көр­­сет­кіштерде артта қалған, жағдайы на­шар шалғайдағы 30 ауданының әлеу­меттік әлеуетін жақсарту туралы одақ­­тық орталық комитеттің арнайы қау­­лысын қабылдатты. Мәскеуде жүрсе де Қазақ елінің өркендеуіне, әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізді.

Ел құрметіне бөленген кейіпкеріміз туралы кезінде замандастары да жақсы пікірін білдірген.

«Тарихымыздың сан ғасырлық шежі­ресіне зер салсақ, сол замандарда билер мен батырлардың әр айтқан сөзін халық бар ықыласымен қабылдайтын ақсақалдар болған ғой», дейді ақын, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова. – Осы қазіргі біз өмір сүріп отырған уақытымыздың ХХ-ХХІ ғасыр тоғысында сондай айтулы тұлғалардың бірі деп Қаратай Тұрысовты айтар едім. Халқымыздың қымбат та қасиетті салт-дәстүрін бойына сіңірген ерекше мінезді, бір көрген кісіні өзіне құрмет тұтқызбай қоймайтын азамат.

Қамқор еді қарындасқа, бауырларға,

Шаң басып аласарған ауылдарға.

Адалдық, әділдікпен өтті өмірден...

Жүректен жас тамады сағынғанда.

Қазаққа Қаратайдай ұл сыйлаған

Жасай бер,

«Жас өркеннің» топырағы»,

деп жырлады ақын.

«1985 жылы Шымкенттегі Қорғасын зауытының директоры едім, деп еске алады мемлекет және қоғам қайраткері Қылышбек Ізбасқанов. – Бір күні каби­нетіме ақ шашты сұсты кісі кіріп келді.

– Қаратай Тұрысовпын, – деді.

Сасқалақтап қалдым. Қазақстан­да­ғы Үкімет басшысынан кейінгі өндіріс саласындағы үлкен басшы.

– Сіз жалғызсыз ба, жаныңызда басқа ешкім жоқ па? – деппін сасқанымнан.

– Бастық деген керуен басы емес, үлкен көшпен жүретін. Мәселелеріңді естіп келдім. Зауытыңа барайық. Көрейік. Шешейік, – деді».

«Міне, сонда Қаратай Тұрысовтың нағыз мықты маман екеніне куә болдым. Жалпы, еліміздегі үлкен өндіріс орын­да­рының ашылуына, сосын олардың қа­лыпты жұмыс істеуіне үлкен үлес қос­ты. Ел өркендеуі, өсуі үшін өзінің өн­­діріс орындары болмай келешек кемел болмайды. Ән айту үшін де қарын то­йып, нан жеу керек дейтін. Сосын жалған сөйлеп, өтірік көлгірсігендерді жақтырмайтын. Нақты айтатын. Нақты сөйлейтін. Қызмет бабында талай рет куә болдым. Мемлекет басшысының каби­нетінде өтетін жабық жиындарда эко­номикалық жағдайымыздың қиындық­қа ұшырай бастағанын жасырмай жария ететін. Сол кездері кейбір әкімдер мен министрлер Президентке жағу үшін жал­бақтап өтірікті шындай соғатын. Сондай кездері Қарекең оларды бірден тыйып тастайтын. «Жігіттер, бүгінгі алдамшы қызметтерін үшін болашағымызға балта шаппаңдар. Қазір осы кемшіліктерді жаба тоқысаңдар, бүткіл өндірісіміз­ден айырылып қаламыз. Ертеңгі ұрпақ қайда барып жұмыс істейді? Шетел кезіп, нан іздеп безіп кетсін демесеңдер, экономикамыздың күретамыры саналатын зауыт пен фабрикалар жабылып қалмауын қадағалауымыз парызымыз», деуші еді. Сондай келешекті болжай білген мықты экономист-ғалымның сө­зіне құлақ асқандар аз болды. Қаратай аға­мыз да ақыры Үкімет басшылығынан кетуге мәжбүр болды. Бүгінде жастарымыз өткен 30 жылда ештеңе істелмеді деп жатыр. Міне, соны ол кісі ерте болжа­ды. Ба­рынша күресті. Бірақ жалғыз­дың дауысы көп жағымпаздың ұраны астында қалып қойды», дейді Қылышбек Ізбасқанов.

«Нарықтық экономика деп халық­­қа әлеуметтік қолдауды азайтпайық, соған барынша мұқият болыңдар», деп Үкімет мүшелері мен депутат әріптестерін қа­дағалап отыратын. Қарекең Мәжіліс­те экономика және бюджет комитетін бас­қарған тоғыз жылда Парламент мың­нан астам заң қабылдады. Соның 60 пайыздан астамы экономикаға қатысты. Үкіметтің бір қайнауы ішінде болған заң жобалары Қ.Тұрысовтың сүзгісінен өтпей, Парламенттен талай рет қайтарылған. Сенатор Әбіш Кекілбай­ұлы Парламенттің бірлескен отырысында: «Қарекең қырдағы ауыл балалары ішіп отырған сапасыз судан келешекте өмірге келер ауру ұрпақ бізді кешірмейді деп мәселе көтерген соң «Таза ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды», деген еді. Бүкіл ел үшін маңызы өткір мұндай мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады.

Қаратай Тұрысов ұлтын сүйген, қаза­­ғына адал қызмет еткен кешегі алашорда-шыл ағаларымыздың жалғасы еді. Биік биліктегі үлкен лауазымдағы қыз­мет жолын елдің тұтастығы мен бірлігіне арнады. Ешқашан еңбегін міндетсінбеді. Тек қазақ деген ұлттың мүддесіне қызмет қылды.

Ұрпаққа арнаған аталы сөзін таспа­ға түсіріп алған едік. Соны қаз-қал­пын­да келтірейік. «Мен дүние жүзін көп аралаған адаммын... Шамамен 50-60 мемлекетте болған шығармын. Бірталай халықты көрдім. Бірақ біздің қазақтай кең халықты көрген емеспін. «Осыншама жерді қалай ұстап отырсыңдар деп» бас­қа жұрт қайран қалады. Шындығын­да Каспийден Алтайға дейін созыл­ған ұлан-ғайыр жер. Баяғыда Алматы­дан Мәс­кеу­ге дейін 4 сағат ұшатын. Оның ­3 са­ғаты Қазақстанның үстінде өтеді, ­әрі қа­рай 1 сағат қана. Осыған қарап най­за­ның ұшымен, білектің күшімен қор­­ғап, қасиетті даланы кейінгілерге несібе­ге қалдырған қайран батыр бабалар­дың ру­хына бас иесің. Осыншама кең жерді ұстап тұрудың өзі ерлік қой. Жер болғанда да жай жер емес, асты мен үсті толған байлық. Біз басқаларды мақтап, өзімізді дат­тауға құмармыз. Сол мақтағандар бір уыс жеріне ие бола алмай сансырап жүр. Қазақ бірлікте болса, ешбір жау бізді ала алмайды!»

Қайраткер қай қызметте жүр­се де қарапайымдылығынан, адалдық қағи­датынан айныған емес. Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Бүкілодақтық кәсіподақтары Орталық комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Өмірінің соңғы жылдары Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызме­тін­де де өз қолтаңбасын қалдырды. «Жерді сатуға қарсымын», деп табандылық та­ныт­қан да Қаратай Тұрысов еді. Елдік мәселеге, мемлекет мүддеге келгенде ту­ра­­­шылдықтан таймайтын Қарекең­нің па­йым-парасаты, ұстанымы кейінгі­лерге өнеге болмақ.

 

Махат САДЫҚ,

журналист