Әнұран қалықтағанда
Мектеп мүдірі (директоры): «Уайымдамаңыздар, балаларыңыз тәрізді көп бала мектебімізді бітіріп кетті, қазір де, қаншамасы оқып жүр. Тәжірибе жеткілікті әрі балалар жатсынбай тез бауыр басады, қам жемеңіздер», десе де жүрек май ішкендей.
Түркияның орта білім беретін оқу жүйесі біздікінен өзгеше, үш бала үш мектепте оқитын болды. Бастауыш (илк окул) мектебі бөлек. Ортаңғы буын бөлек мектеп (орта окул), жоғарғысы басқа мектеп. Әрі қатаң талап етілетіні – бастауышта ересек адамның біреуі баланы міндетті түрде алып барып, алып қайтуы керек. Егер әлдеқалай күнделікті алып кететін адамның орнына отбасының басқа ересек мүшесі баратын болса, алдын ала мұғаліммен таныстырылып, осы адамның келетіні ескертілуге тиіс. «Құланның қасуына – мылтықтың басуы» дегендей, зейнет жасына жетуіммен қол босап, бір жыл Жәңгірімді мектебіне алып барып, алып келіп жүрдім.
Сабақ біздегідей қыркүйектің бірінен басталмайды екен. Алғашқы өзгешелік деп бір түйдік. Мектепке киінетін формалары да өзгеше, оқушылар жеңіл футболка мен шалбар киеді. Әр мектептің формасы таңдалған реңк бояумен ғана ерекшеленді. Жәңгірдің үсті қоңыр сары, шалбары қоңырқай, жүріп-тұруға жеңіл, өте ыңғайлы. Апта басы барлық оқушының сынып-сыныптарымен сап түзеп әнұран – «Истикляль маршын» (Тәуелсіздік маршы) айтуымен басталады. Апта соңында да солай. Бірақ онда сол апта аралығында мектеп ішінде немесе мектептер арасында, яки ауданаралық түрлі жарыс болса соған қатысқандар ортаға шақырылып, ата-аналар мен ұстаздар, оқушылар алдында мектеп даярлаған медаль мойындарына тағылады. Егер жеңіп әкелінген кубок болса, сол жерде салтанатпен көрсетіледі. Қысқасы, апта ішіндегі мектептің жетістіктері жария етіледі. Соңында балалар, кейде ата-аналар да қосылып тағы да әнұран айтылып, үйді-үйіне тарасады. Бұл – әр аптаның басы мен аяғында қайталанатын үйреншікті дүние. Жақсы екен, күнделікті әнұран айтылғаннан гөрі осылай бізде де қалыптастырса болады ғой дедік іштей.
Мектепке асыққан балалар
Мектеп атмосферасы өте жеңіл. Балалар еркін, мұғалімдер «чужугым» «битанім», «бебейім», «кызым», «улым» деп айналып-толғанып сөйлейді. Арада қатып қалған шекара жоқтығынан оқушылар ұстаздар алдында қысылып-қымтырылмайды, «егер түсінбей қалсаң жаныма келіп сұра» дегеннен бала да қымсынбайды. Бір-біріне деген сенім, сыйластық орнаған мектепке балалар да қуана баратын болды. «Сенбі-жексенбі тезірек бітсе екен, мектепке баратын» дегенді есту мен үшін өте бір таңданысты, жағымды жаңалық еді. Шынымен балалар тез үйренді, мүдір айтқандай, тез бауыр басты.
Лицейдің 11-сыныбына барған Нұрайымым айтады: «Біразға дейін менен сабақ сұрамады. Бірақ сыныптастарым әр кез көмектеседі. Ал алғаш математикадан сабақ айтқанымда, барлығы қол соғып маған дем берді. Математикадан сабақ айту жеңілірек, өйткені түріктердің сандары бізбен бірдей, тек аздап үнінде 1 санын «бир» дегеніндей айырмашылық бар. Сосын бізде мүгедек балалар арнайы мектептерде бөлек оқыса, мұнда олар бірге оқиды. Әрі олардан сабақты талап ету де бірдей. Тек біздің сыныпта бір ғана оқушының ойлау жүйесінде кемістігі болғандықтан, оған мұғалім арнайы сынақ сұрақтарын беретін, ал мүгедек арбасында отырған балалар бізбен үнемі бірге. Қайда барсақ алып жүреміз, оның да құқығы бізбен бірдей, ешкім кем санамайды. Сондықтан да ол балалар өздерін барлығымен тең дәрежеде ұстайды. Кемсіту, келемеждеу атымен болмайды, басқалардан айырмасы жоқ сыныптас досың ретінде қарайсың».
Мұғалімдердің де балалармен ашық ой айтып, сырласуы қалыпты дүние. Бірде ағай осы тапсырманы кім сапалы әрі тез орындайды соған балмұздақ (дондурма) әперемін деп алып берді. Ал көшеде ұстазыңды көрсең онымен сөйлесіп, кейде уақыт болса әңгімелесіп шай ішуге де болады. Мамандық таңдау, жалпы көзқарас, сән дейсіз бе түрлі тақырыпта сөйлесу еш таңсық емес.
Оқыту ерекшеліктері
Бұл енді айрықша тақырып. Түрік мектептерінің басты ерекшелігі – білім беруде пәнаралық байланыстарды бір-біріне етене етіп кіріктіру дер едім. Мәселен, бала бастауышты аяқтап, орта мектепке келгенде 5-7-сыныптарда әлеуметтік пәндер деген жиынтық бар. 8-сыныпта ол Ататүрік туралы сабақпен алмастырылады. Әлеуметтік пәндерге жаратылыстану, қоғамтану, география, тарих тәрізді пәндер топтастырылған. Әрі олар тұтас оқу жылында 10-15 күн шамасында аралық ұсақ сынақтар арқылы бекіп, ауысып оқытыла береді. Үйге тапсырма берілмейді. 7-8-сыныптарда технология сабағы бар. Балалар ауыр оқулықтар тасымайды, көлемі А-4 форматындағыдай қалың емес кітап-дәптерге тапсырмалар берілген, оны орындауда тек қарындаш қолданылады. Өшіргішпен қажетінде өзгертіп, қате жазылса дұрыстауға болады. Жалпы, бала мектепте біздегідей қалам ұстамайды.
«LGS lise giriş/gecis sınavı» деген ортақ емтихан бар. 6 сабақтан (математика, ағылшын тілі, Ататүрік және төңкеріс тарихы, Дін, нақты ғылымдар, (fen bilimleri) біздегі жаратылыстану сияқты пәндерден емтихан тапсырылады. Ең жоғарғы жиынтығы – 500 балл. Орта мектеп аяқталған соң оқушылар лицейлерге барады. Олар жалпы «anadolu» (кәдімгі лицей), «meslek» (университетке бармай осы оқудан шаштараз, аспаз, тігінші, ұста тәрізді мамандық алып шығады), «imam hatip» (ислам мектебі), «fen lisesi» (нақты пәндерді тереңдеп оқытады), «güzel sanatlar» (сурет, аспаптар тарту секілді түрлі өнерге баулиды), «spor liseleri» (спорттық мектеп) деп 6 санатқа бөлінеді.
11-сыныпта бағыт таңдалады. Гуманитарлық, математикалық және тілдерге басымдық беретін үш бағыт бар. Гуманитарлықта философия, психология, география, математика және қосымша әдебиет пен тарих оқытылса, математикалық сыныпта психология бар, бірақ сағаты өте аз. Химия, физика, биология сабақтары жүріп, математика гуманитарлыққа қарағанда терең оқытылады. Әрі әр мектептің өздері таңдаған пәні де болуы мүмкін.
Әрбір сыныпта міндетті түрде үш тақта тұрады. Біреуі маркермен жазатын, екіншісі кәдімгі жасыл тақта, үшіншісі интерактивті тақта. Парталарының астында кітап салатын бөлік бар. Қазақстандағыдай мұғалімдерде өзінің кабинеті жоқ. Оларда мектепте мұғалімдер бөлмесі деген бір ғана кабинет болады. Сол жақта асбөлме де бар, онда тоңазытқыш, газ, диван, үлкен стол, теңізге қарайтын балконы болады. Мұғалімдер де оқушылар тәрізді еркін, онда темекі тартып демалып отыра береді. Мысалы, сыныпта отырғанша, үзіліс кезінде далаға шығып достармен таза ауамен демала аласың немесе ұлдар футбол/баскетбол ойнайды. Барлық жерде еркіндік, тіпті сабақта да. Оқушылар мұғалімдермен сөйлесуге, пікірталастыруға қорықпайды. Айталық, бір бала үнемі мынамен келіспеймін, бұған қарсымын деп отырса, оның пікірін тұтас сынып тыңдайды. Әдебиет сабағында бір кітап береді, кітап клубы сияқты ғой. Сосын әрбір адам өзінің пікірін айтады. Кейіпкерлердің қайсы ұнады, несімен ұнады немесе ұнамады деп ой бөліседі. Тақтаға мүлдем шығармайды. Тек математика сабағында апай «кім шыққысы келеді?» деп сұрайды. Ешкім үн қатпаса өзі шығарып көрсетеді. Мұнда егер оқушының білмейтінін мұғалім түсініп тұрса, оны ортаға шығарып ұялтпайды. Егер ұйқың келсе, партаға жатып ұйықтап алсаң да ешкім ұрыспайды. Директор оқушылармен араласып мектепте жүреді, барлығын таниды.
Осылайша, түрік мектептерінде тұтастай моральдық-психологиялық ахуалдың орнығуы әрі баланың бейімділігі ескерілетін мектептерге бөлу, артық пәндермен 12 жыл бойына баланың миын ашытпау жеткіншектерді мектепке ұмтылдыратындай жағдай орнатқан.
ТҮЙІН. Балалар алғашқы жылдың екінші тоқсанынан бастап «рахмет белгісін» алып келді. Ал соңғы тоқсанды «мақтау қағазымен» аяқтады. Сабақты кеш бастайтындықтан аяқталуы да маусымның екінші онкүндігінде. 20-да балалар демалысқа тарайды. Жыл бойына «анаған, мынаған ақша жинау қажет» дегенді естімеу біртүрлі екен. Тек мектептен автобуспен әлдебір музейге, концертке, театрға апарамыз дегенде чатқа хабарлама жазылады. Кім жібергісі келсе ақшасын қосады. Оқушылардың туған күні де әрқалай өтеді, бірі үйіне шақырса, бірі далада, теңіз жағасында сыныптастарымен, сынып жетекшісімен бірге ойын ойнап, жеңіл тағамдар жеп көңілді өткізеді. Жалпы, ешқандай мәжбүрлеу жоқ. Бастысы балалар бір жылдың ішінде барлық пәнге үлгеріп, жақсы нәтижелерге, түрікше таза сөйлейтін дәрежеге жетті. Мұны мектептің үлкен жетістігі деп бағаладым.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
журналист