Тұлға • 04 Ақпан, 2024

Консерватория ректоры

425 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кейде бір жақсы шығарма оқып, содан алған әсерімізді бөліскіміз келіп тұрады ғой. Тура сол сияқты жан-жағына шарапатын тигізген тұлғамен сұхбат құрсақ та біршама уақытқа дейін естен кетпей, әңгімелеп беруге асығамыз. Бұл жолы сөз қайраткер, мәдениет тұлғасы Дүйсен Қасейіновтің дәстүрлі музыка мен ұлт мәдениетіне сіңірген еңбегі ­жайында болмақ.

Консерватория ректоры

Қазақ өнертанушылары, зерттеушілері ара­сында «Дәстүрлі музыка» деген жөн бе, әлде «ұлттық музыка» деп атаймыз ба?» деген пікір­талас әлсін-әлсін қылаң беріп қа­лады. «Дәстүрлі музыка» деген терминнің қалып­тас­қанына аса көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен бір жүйеге келіп, нақты тұжырым­дал­ғаны жөн сияқты.

Өткен жылдың 11-15 қыркүйек аралығында Ыстанбұл мемлекеттік университетінде IASA халықаралық дыбыс және аудиовизуалды мұрағаттар қауымдастығының және ICTMD дәстүрлі музыка және би өнері жөніндегі халықаралық кеңесінің форумы өтті. Форум аясында әр мемлекет өкілдерінің дәстүрлі өнерпаздарының концерті болды. Елу мемлекеттен жиылған төрт жүзден аса музыкатанушының алдына шығып өнер көрсетіп, дәстүрлі өнер үшін мәні терең шараға Ерлан Рысқали, Раушан Оразбай, Ернар Өмірәлі сынды танымал әнші-күйшілермен бірге біз де қатысып қайттық.

ICTMD халықаралық кеңесі қандай қызмет атқарады, оның мақсаты, көздегені не, қазақ музыкасы немесе қазақ музыкатану ғылымы үшін маңызы қаншалықты деген сұрақтарға қысқаша түсініктеме беріп өтейік.

ICTMD – 1947 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Дәстүрлі музыка мен би жөніндегі халықаралық кеңес. ЮНЕСКО-мен ресми кон­сультативтік байланысы бар әлемнің әр­түрлі елдерінде ұлттық комитеттері құрылған үкіметтік емес ұйым. Ұйым құрамында музыкатану ғылымында орны бар, беделді зерттеуші ғалымдар, сонымен қоса АҚШ, Аустралия, Латын Америкасы, бірқатар Еуропа, Африка және Азия елдерінің университеттері профессорларымен бірге 90-нан астам елдің ірі ғылыми орталықтары мен ұйымдарының жетекшілері қызмет істейді. Бүгінгі таңда ICTMD ұйымы – әлемдік этномузыкатанудың бойына қан жүгіртіп, жүйелі түрде зерттелуін қамтамасыз ететін бағыттаушы әрі ұйымдастырушы бірден-бір орталық. 2015 жылдың 16-22 шілдесі аралығында Астана қаласында өткен ICTM дәстүрлі музыка және би бойынша Дүниежүзілік 43-форумды ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрлік­тері бірлесіп ұйымдастырды. Осылайша, қазақ халқының дәстүрлі музыка мәдениетін әлемдік деңгейдегі ғылыми ортаға таныстырудың мүм­кіндігі туды десе де болады.

Ұлт үшін жасалып жатқан игі істің басында тұратын тұлғалар болады. Жалпы алғанда дәстүрлі өнерді зерттейтін әлемдік ұйымға қазақ баласын жетелеп, ICTM халықаралық кеңесіне халқымыздың дәстүрлі музыкасын таныстырып, шет мемлекеттерден келген 600-ден аса музыкатанушы ғалымдарға көшелі өнерімізді көрсетіп, ұлт өнерінің қаймағы дейтіндей өнерпаздарымызды дүбірлі додаға салып жүрген – өнер мен музыка саласының ірі ұйымдастырушысы Дүйсен Қасейінов. Біздің зерттеушілер арасында дау туғызып жүрген «дәстүрлі музыка» терминінің де түп-төркіні осы ICTM халықаралық кеңесімен байланысты болса керек. Ұйым 1947 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылғанда Дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңес деген атау алған. Бұл Дүйсен Қорабайұлының ТҮРКСОЙ Бас хатшысы қызметін атқарып жүргендегі жасаған еңбегінің бір ғана мысалы. Әйтпесе, Түркияда жүріп бүкіл түркі халқына «Мағ­жан жылын» атап өтуді үйлестіруі, қазақтың белгілі жазушы-ғалымдарының қатысуымен ақын Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай Анкарада саябақ ашқызып, ескерткіш тұрғызуы, Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойын мағыналы мәжіліске айналдырып, әнші өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптың Түркия төрінде тұсауын кесуі, Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойы аясында Анкарада күйші есіміне саябақ бер­гізуі, Түркі жұртына композитор Мұқан Төле­баев­тың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Мұқан Төлебаев жылын» жариялап, компози­тор шығармашылығының шыңы – «Біржан-Сара» операсын түрік тіліне аудартып, сахналап, мерекелік іс-шарада өнер тұлғасы туралы деректі фильм дайындатып, Тәттімбетке де Анкарада саябақ арнап, ескерткіш қойғызып, күйші оркестрін Түркияға алғызып, ұлт деңгейін көрсететін концерттерін Түркия, АҚШ, Еуропа жұртына танылуына септесіп, мәдениетіміздің қамал-қорғанындай болып қызмет етті.

Еркеғали Рахмадиевті ұстаз, Өзбекәлі Жәні­бековті үлгі тұтқан Дүйсен Қорабайұлы 1987-1997 жылдар аралығында Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерваториясын басқар­ға­ны белгілі. Жалпы, бұл уақыт кон­серватория­ның алтын кезеңіне бала­нады. Маман­дар, студенттер мұны зор құрметпен еске алды. Дүйсен Қорабайұлының ұйымдастырушы­лық феноменінің ашылған тұсы да – осы кезең. Ректор Д.Қасейінов ұйытқы болған Түркі халық­тарының фестивальдері, қазақтың маңдай­алды дәстүрлі өнерпаздарының концерттері, ғылыми конференциялар мен ұлт музыкасы хас шеберлерінің арнайы жеке дәрістері, алдыңғы шептегі музыкатану ғалымдарының топтасуы, консерваторияда қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының бой көтеруі, дәстүрлі ән-жыр кафедрасының ашылуы, білікті ұстаздар­дың кәсіби құзыреті мен студенттер деңгейі, аспи­рантураға музыка теоретиктерімен бірге өнертануды жаңа қырынан зерттейтін жас мамандарды тартуы консерватория концерттеріне қара орман тыңдарманның ықыласы, өнер ұясынан шығып жатқан ғылыми, танымдық кітаптар мен мақалалар, осы еңбектердің шы­ғармашылық ортаға әсері сөзімізге дәлел бола алады. Сол жылдары консерваториядан білім алған Дүйсағаңның шәкірттерінің арасында музыкаға өз үнімен келіп, жаңалық әкел­гендер де баршылық. Алғаш рет хор дири­жерлерінің республикалық конкурсын өткі­зіп, халықаралық үрмелі аспаптар конкурсын ұйымдастырды. Кеңес одағы тұсында үзбей өтетін фортепиано, скрипка, виолончель, вокал конкурстары қайта жанданды. Оған шетелдің танымал музыканттарын жюри етіп шақыр­тып, топжарған студенттерге жюри мүшелері­нің өз қалтасынан стипендия тағайындатты. «Симфониялық дирижерлік» мамандық ашып, аса дарынды жас дирижерлердің шетелден өнер шыңдауын қамтамасыз етті. Бұрынғы одақтас республикалардың, сәл кейінірек түркітілдес халықтардың симфониялық оркестрлерін ­жинап, бірнеше мемлекетте концерт өткізіп, өнер табалдырығын енді аттаған жас солис­тер мен композиторлардың халықаралық дең­гейде бағын ашты. Құрманғазының 175 жыл­дық мерейтойы қарсаңында «Ұлы дала сазы» ұғымын қалыптастырып, күйшінің жаңа қыр­ларын айқындады. Шетелдік және отандық ғалымдарды жинап, Жамбылдың 150 жылдығын өткізді. «Осыншама қыруар іс тындырса да, Д.Қасейінов «маған тың идея беріңдер» деп оты­рушы еді» дейді консерватория профессоры, өнер­тану докторы Саида Еламанова. Дүйсен Қора­байұлы ұйымдастырған шаралардың басым көпшілігін мемлекет қаржысына емес, демеу­­шілер, меценаттар, өнер жанашырларын қол­­қалап, достарына иек артып, керек жерін­де бе­де­лін салып өткізді. Мысалы, ICTMD халық­­аралық форумына келген 600-ден аса музы­­ка­танушы ғалымның жол шығынын өз қал­та­сынан көтерді. Жалпы, ICTMD форумы­на қа­ты­сушылар үкімет қазынасына көз сүз­бей­ді. Себебі бұл ұйым – дәстүрлі өнерге өмірін ар­на­ған музыка фанаттарының бас қосатын ошағы.

Дүйсен Қасейінов халық пен ел өнерін қадірлей отырып, консерваторияны ұлт мәде­ние­тінің қарашаңырағына айналдырды. Кон­серватория табалдырығы жас өрендер үшін киелі шаңырақтың текпершегіндей ұғынылды. Біз Дүйсен Қасейіновке дейінгі ректорлар еңбегін жоққа шығармаймыз, тек тәуелсіздік қадірін жан-тәнімен сезініп, бұрын мүмкін болмаған, әсіресе ұлттық руханият мәселесін сәтімен көтеріп, темірді қызған кезінде соққан басшының орнын ерекше атаймыз. Бұл бір халық құлағы асқақ та өжет өнерге түрілген кез еді. Жоғарыда айтқан фестиваль, концерттерде инешаншар жер болмайтын.

Ұстаз маман да, мамандыққа баулынған білім алушы да ел азаттығының, ұлт музыкалық білігінің тетігіне айналуды ойлады. Ректор Дүйсен Қорабайұлы сол ынталы, саналы музыка қауымын жігерлендіре білді. Кейін ол кісі министр, еларалық мәдениет елшісі деңгейіне көтерілгенде де ұстаз қалпынан айнымады.

 

Қайрат АЙТБАЕВ,

күйші, өнертанушы