Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Елдің басқа өңірін қайдам, Ұлытау облысында бір жағына шоңқайып жатқан шаруаның бірі – нақ осы энергетика. Облыстағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 2 820 шақырымды құраса, соның 60 пайызы тозығы жетіп әзер тұр. Егер жел қаттырақ соқса, облыстың көптеген елді мекеніндегі жарықтың жалп ете қалатыны сондықтан. Қаңтардың бас кезінде Жезді кентінің халқы 4-5 күн бойы жарықсыз қалып, әбден әбігерге түсті. Кентке жарық беру үшін кәдімгідей жанталасқан жұмыс жүргізілді. Боранға, суыққа қарамай үзілген желіні қайта жалғаған азаматтар халықтың алғысын арқалады. Бірақ жағдайдың соған жеткізілуі бұл шаруамен айналысудың ар жағында шикіліктердің жатқанын айғақтап берді.
Облыстағы электр желілері – әртүрлі меншікте. Жезқазған, Сәтбаев қалаларының желілеріне «Қазақмыс» корпорациясының «Электр желілері кәсіпорыны» (ПЭС) иелік етеді. Қаражалдағылар «Вест-2001» ЖШС-на, Жәйрем кентіндегілер «Энерготранзит компани» ЖШС-на қарайды. Ал Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының желілері – мемлекеттік коммуналдық меншікте. Бірақ меншік түрінің жеке немесе мемлекеттік болғаны сапалы қызмет көрсету тұрғысынан қарағанда бір-бірінен ешқандай артықшылығы, айырмашылығы байқала қоймайды. Әйтпесе, Жезқазған қаласындағы 1081,2 шақырым электр желісінің – 50%, Сәтбаев қаласындағы 332,46 шақырымның – 45%, Қаражалдағы 381 шақырымның – 55%, Жаңаарқа ауданындағы 669 шақырымның – 50%, Ұлытау ауданындағы 356,16 шақырымның 60%-ының тозығы жетер ме еді?
Тозығы жеткен желілерді жаңғырту, ауыстыру, жөндеу, яғни жаңалау бағытында облыста кейінгі үш жыл ішінде 2,8 млрд теңге жұмсалған екен. Бұл қаражатқа 260 шақырым желі мен 127 бірлік электр жабдықтары жаңғыртылып, жөнделген көрінеді. Ресми мәлімет осындай. Бұл жалпы тозуды 6%-ға төмендеткен екен. Сонда тозығы жеткен электр желілері мен жабдықтарын толық жақсарту үшін әлі қаншама қаражат керек? Негізі бұл жұмыс тариф есебінен атқарылады. Инвестициялық бағдарлама сомасы тарифтерге байланысты бекітіледі. Өткен жылдары қанша қаражат жұмсалғанына қарап, облыстағы осы бағытта атқарылып жатқан шаруаны бағамдауға да болады. 2020 жылы – 900 млн теңге, 2021 – 1 млрд теңге, 2022 жылы – 900 млн теңге, ал 2023 жылы 2 млрд теңге жұмсалған екен. Демек, кейінгі үш жылдағы барлық жұмсалған қаражаттың басым бөлігінің 2023 жылға тиесілі екені жағдайды дұрыстау бағытындағы қозғалыстың қарқын ала бастағанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде облыстағы электр мәселесі оң шешімін табады дейтін сенімді нығайта түседі. Дегенмен түйткілді тұстар да, жауапсыз сұрақтар да жоқ емес.
Айталық, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының желілері мемлекеттік коммуналдық меншікте екенін жоғарыда айтып өттік. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша, Ұлытау облысынан сайланған Мәжіліс депутаттары Ерболат Сатыбалдин мен Аманжол Әлтайдың күш-жігер жұмсауымен Жаңаарқа ауданындағы Атасу кентінің электр желілерін жаңғыртуға – 3,4 млрд теңге, Ералиев ауылына 934,4 млн теңге қарастырылды. Бұл қаражат биылдан бастап игеріле бастайды. Ал Ұлытау ауданында мұндай қаржыландыру қарастырылмаған. Неге?
Мұның мәнісін Ұлытау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмаз Жандарбеков: «Электр энергетикасы туралы» еліміз заңнамасы шеңберінде «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» АҚ («ЖезТЭК» АҚ) кәсіпорнына Ұлытау ауданының электр желілері мүлкін беру бойынша жол картасы әзірленіп, облыс әкімдігі мен «Қазақмыс энерджи» ЖШС тараптарынан бекітілді. Ұлытау ауданы мүлікті бағалау мәселесін шешіп, «ЖезТЭК» АҚ-қа өткізеді. Содан соң «ЖезТЭК» АҚ желілерді күтіп ұстау, жаңғырту жұмыстарын тариф есебінен өздері жүзеге асырады», деп түсіндірді.
Дұрыс-ақ. Бірақ ол сондай-ақ Жаңаарқа ауданына қарасты электр жүйесін де «ЖезТЭК» АҚ-қа беру, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіне қарасты электр желілерін мемлекеттік меншікке қайтару бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Осы орайда түсініксіздік туындайды. Бұл электр желілерінің меншік иелерін нақтылауға қатысты. А.Жандарбековтің айтуынша, Жаңаарқадағы қазіргі тозығы жеткен желілер Үкіметтің есебінен жөнделеді, бірақ кейін жекеменшік компанияға, яғни «ЖезТЭК» АҚ-қа өткізіледі. Ал Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі жекеменшік компаниялар тоздырған электр жүйелерін мемлекет меншігіне қайтарып алу көзделіп жатыр. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі компаниялар ешқандай жауапкершілікке тартылмай ма? Мұндағы желілерді бүгін мемлекетке қайтарып, жөндеп, жаңартып болғасын қайтадан жекеменшікке береміз бе? Бұл сұраққа нақты жауап болмады.
Мұндай жауапсыз қалған сұрақтар мұнымен шектелмейді. Сондай сұрақтың бірі – тұтынушылар тарапынан пайдаланылған электр қуатына төленген төлемнен тыс, қызмет көрсетуші компанияға деп төленетін қаражаттың қайда кеткені, қалай жұмсалғаны жөнінде тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген мәселе. Егер олардың қызметіне сай төлемін төлеп отырсақ, электр желілері, құрал-жабдықтары неге жаңартылмайды?» дейді халық. Орынды сауал. Осы сұрақтың жауабын алуды А.Жандарбеков Ұлытау облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаментіне немесе «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» АҚ-қа сілтеді. Сәті түскенде, бұл сұрақ сол мекемелерге де қойылатыны анық, бірақ білдей бір облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының өзіне қойылған сұрақты өзгеге қарай ысыра салуы оның бұл мәселеге ешқандай назар аудармай отырғанын көрсетеді. Ал мұндай мәселенің бұл басқармаға еш қатысы жоқ па? Бұлай деп ешкім айта алмаса керек.
Тағы бір көңілдегі түйткілді сұрақтардың бірі «жасыл энергияға» қатысты. Кейінгі кезде балама немесе жасыл энергия аталған жаңа көздер Ұлытау облысында да қанат жайып келеді. Мысалы, қазірдің өзінде Жезқазған қаласында 10 МВт «Кеңгір» күн электр стансасы жұмыс істеп тұр. 1,2 МВт «Жез-Солар» күн электр стансасы салынды. «Bereke Business Group» ЖШС құны 14 млрд теңге тұратын 100 МВт күн электр стансасын салуға ниет білдіріп, қазір жер телімі қарастырылып жатыр. «Mezgilder Qushteri» ЖШС қуаты 100 МВт жел электр стансасын салуды бастап кетті десе де болады.
2023 жылы Жезқазған қаласының оңтүстік өндіріс аймағында 20 га жерге жел электр стансасының мұнараларын шығаратын зауыттың капсуласы қаланды.
Жаңаарқа ауданының территориясында 1000 МВт жел электр стансасын салу үшін жер телімі бөлінді. Құны 500 млрд теңгені құрайтын бұл екі жобаны «ТехноГруппСервис» ЖШС қытай инвесторларымен бірге атқарып шығуды жоспарлап отыр.
Әрине, мұндай ізденістер көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ бұлардан өндірілген электр қуаты қандай қажеттілікке пайдаланылады? Бірыңғай өндіріс қажетіне жұмсала ма? Қарапайым халыққа қандай тиімділігі бар? Айталық, сол «жасылдардың» арқасында жеке тұлғалардың электрге төлейтін тарифтері төмендей ме, жоқ па? Бізде осындай мәселелерді халыққа жария түсіндіру дәстүрі қалыптаспағандықтан, жасырын, жұмбақ күйінде қала береді.
Жезқазған – Сәтбаев қалаларына ортақ №2 Жылу электр стансасын салу туралы көптен бері айтылып келеді. Тіпті 2015 жылы энергетика саласы ардагерлерінің бірі «Әзербайжандық кәсіпкерлер салатын болды, қаражатты да өздері құяды екен» деп алқалы бір отырысқа қатысушылардан сүйінші сұрағанына куә болғанбыз. Қазір ол кісі марқұм болып кетті.
Жуырдағы Үкімет отырысында Энергетика министрі Жезқазған қаласында 2029 жылдың соңына дейін қуаты 500 МВт болатын жаңа жылу электр орталығының салынатыны жөнінде хабарлады. Жылу электр орталығының құрылысы үшін Жезқазған және Сәтбаев қалаларының аралығынан 1 000 гектар жер учаскесі анықталып, энергетика басқармасында рәсімделді. Бүгін болмаса ертең іске асатын жобаның қолға алынғаны, әрине, өте сүйінішті-ақ.
Ұлытау облысындағы реестрде тіркеліп тұрған 15 монополиялық кәсіпорынның бесеуі энергетика саласына қатысты кәсіпорындар екен. Атап айтқанда, «ЖезТЭК» АҚ, «Kazakmys Distribtion» ЖШС электр желілері кәсіпорны, «Вест-2001» ЖШС, «Энерготранзит компани» ЖШС және «Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылық кәсіпорыны» коммуналды мемлекеттік кәсіпорны. Ал осы кәсіпорындардың жай-күйлері қандай?
«Бұл кәсіпорындарда қазіргі таңда өз шығынын ақтамау, жабдықтар мен желілердің тозуы, тарифтердің шектелуі, энергетика кадрларының сиреп бара жатқаны, жалақының төмен болуы сияқты көптеген проблема бар», дейді Ұлытау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы. Демек, «Жедел жәрдемге де жәрдем керек» демекші, аталған кәсіпорындардың ахуалын жақсартпай, облыстағы жалпы энергетика саласының түйінді тұстарын тарқату оңайға соға қоймайды-ау...
Кейінгі кездері байқала бастаған аз-кем оң өзгерістер көңілге жылтыраған үміт отын жаққанмен толыққанды сенім ұялата қоймайды. Өйткені Ұлытау ауданына қарасты электр жүйесін «ЖезТЭК» АҚ-қа өткізу туралы әңгіме басталғалы кемі 10 жылға тақады. Облыс әкімі мен «ЖезТЭК» АҚ арасында жақында ғана қол қойылған Жол картасына көп үміт артылып отыр. Бұған дейін де бірнеше мәрте осындай қадам жасалғанмен ақырына жетпей қалып еді. Көңілдің күдіктен арыла алмайтыны да содан. Дегенмен бұл жолы бәрі оңынан шешіледі деп сенейік. Бірақ «балапанды күзде санайды» дегендей, бәрі қағаз жүзіндегідей түзілген тәртіппен іске асқанша жарықтың жайы қаншалықты жақсаратыны ұлытаулықтарды мазалауын қоймайтыны анық.
Ұлытау облысы