Руханият • 04 Ақпан, 2024

...Бәрі кітапқа қызмет етуі керек

646 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Былтыр Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы балалар әдебиетіне қатысты үлкен мәселе көтере келіп, жас ұрпақты, қоғамды кітап оқуға шақырды. Кітаптың орнын ешқандай смартфон, планшет толтыра алмайтынын қадап айтты.

...Бәрі кітапқа қызмет етуі керек

­Елімізде «Ұлттық рухани жаңғыру» идеясының бір тармағы ретінде «Оқитын ұлт» жобасы жақсы қолға алынып келе жатқаны баршаға аян. Қазір көпшілік арасында «ешкім кітап алмайды», «балалар мүлде кітап оқымайды» деген пікір қалыптасқан. Ол пікірмен өз басым келіспеймін. Себебі біздің Ұлттық академиялық кітапхана­ға келушілердің арасында үлкендер де, ­студент жастар да, оқушылар да бар. Соңғы уақытта кітап оқуды көбіне ин­тер­нет желісі­нің жаңалықтары алмас­­тыр­ғанын да жоққа шығармаймыз. Алай­да адамзат мәдениетіндегі ең ұлы дүние кітап екендігін мойындайтын көзі ашық, кө­кірегі ояу оқырманның да қарасы көп екенін айтпай кетуге болмайды.

Академиялық ұлттық кітап­хананың құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Былтырдан бері кітапханамызға 11 мың жаңа оқырман тіркеліпті. Бұл үлкен жетістік. Қазір Ұлттық академиялық кітапхана оқырман­дарының саны, тұрақ­ты және виртуалды оқырмандарды қосқанда 42 пайызға артып, 600 мыңға жуықтап қалды. Оқырман саны артуының басты себебі – кітапхана қорын цифрландыру бағытындағы белсенді жұмыс деп білемін. Біздің кітапхананың ең басты қызметі – Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана жобасы. Осы кітапхананың базасында жүзеге асып отырған KazNEB ақпараттық порталын әлемнің 110 елінен 800 мыңға жуық оқырман пайдаланады. Бұл тек электронды кітапхана емес, кітапхананың кітап алу, кітап беру сияқты ішкі жүйесін реттейтін ақпараттық жүйе. Барлығы бір жүйенің ішінде жұмыс істейді. Жуырда KazNEB-тің жаңа мобильді нұсқасы іске қосылды. Жаңа нұсқа қолдануға өте ыңғайлы, ешқайда тіркелмей-ақ App Store мен Android қосымшалары арқылы базадағы бар ақпараттарды күні-түні пайдалана беруге болады. Ұлттық академиялық кітапхана жыл сайын то­лық мәтінді отандық, ресейлік және шетелдік электрондық дерекқорларға жазылады. Атап айтсақ, Ресей мемлекеттік кітапханасының электронды дис­сер­­тациялар базасы, East View қашықтағы мәліметтер базасына, сондай-ақ шетелдік Passport (Euromonitor International), Oxford University Press (OUP) Оксфорд университеті баспасынан шығатын толық мәтінді журналдар базасына жазылуға келісімшарт жасалды. Мұнымен қатар біз электронды кітапхананы толықтырумен де айналысамыз. Толықтыру жұмысы авторлық құқық шеңберінде тікелей авторлармен келісімшарт жасау арқылы іске асады. Бұлар негізінен өз авторларымыз бен Қазақстанның тарихы, мәдениеті жайлы жазған шетелдік ­авторлар да болуы мүмкін. Міндетті түрде Қазақстанға қатысты, елімізде ба­сылып шыққан кітап, газет-журналдар болуы керек. Өңірлердегі инсти­туттар мен кітапханалар өлкетану құжат­тарын авторлардың келісімін алып, сан­дық нұсқаға түсіріп бізге жібереді. Біз осы бөлімде түскен құжаттардың барлығын жинақтап, беттері толық па, келісімшарты бар ма деп тексереміз. Барлығы заңды екеніне көзіміз жеткен кезде ғана базаға саламыз. Түрлі баспадан шыққан кітаптардың барлығын базаға жүктемейміз, алдымен іріктеп аламыз. Ол кітап ұрпаққа берері мол, әдеби не тарихи шығарма, өлкетану бағытында жазылған құнды, мағыналы, мәнді дүние болуы шарт.

Сондай-ақ «Түркітілдес елдер әде­биеті» деген айдарымыз бар. Түркітіл­дес мемлекеттер ұсынған құжаттар сол жер­де жинақталады. Мәселен, был­тыр Өзбекстандағы Халықаралық Орта­лық Азиялық зерттеулер инс­титутымен ­ын­тымақтастыққа қол қойдық. Сонымен қатар еліміздегі бірнеше ғы­лыми зерттеу институттарымен, баспалармен де дәл осындай келісімшарт­қа отырдық. Ең бас­тысы, KazNEB пор­талына мемлекеттің «Әлеуметтік маңы­зы бар әдебиеттерді басып шыға­ру және ­тарату» деген кіші бағ­дар­ламасы бойынша және «Мәдени мұра» бағдарламасы бойын­­ша шыққан барлық кітап енгі­зіліп отыр. Бұл – қазіргі кітап­ха­налардың қа­ғаз түріндегі ақпа­рат­тық қойма түрі­нен электронды ақпараттар орталы­ғына айналып келе жатқандығының белгісі.

Кітапханамызда іске асырылып жат­қан іс-шаралар мен түрлі жобалар жайлы әңгімені бір мақаланың көлеміне сыйдыру мүмкін емес. Мәселен, кітап оқуды кеңінен насихаттайтын «Kitap Time», балаларға арналған «Оқитын ұлт» жобасы, 2007 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясының оқырмандар өміріне қосып келе жатқан үлесі зор. Әсіресе көк­темде ғана ауыл кітапханаларына қол­дау көрсету мақсатында жыл сайын өт­кізілетін «Eurasian Book Fair» Еуразия халықаралық кітап жәрмеңкесі үш күн бойы қала өмірін сән-салтанатқа бөледі. Қолы жетпей, таппай жүрген кітабымен қауышқан мың сан кітапсүйер қауым, жәрмеңке аясында жаңа кітаптарының тұсауын кесіп жатқан қажырлы, аға буын қаламгерлер, жас буын ақын-жазушылар бір-бірімен қауышып, байғазы сұрасып қарық болды. Сол жәрмеңке Абайдың «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп келетін «Жазғытұры» өлеңінде сипатталатын көрікті көктем келбетін көз алдыңызға әкеледі.

Сонымен қатар Ұлттық акаде­мия­­лық кітапханада оншақты жыл бұрын құнды сирек басылымдарды жинау, сақтау ­­жә­не ғылыми өңдеу мақсатында құрыл­ған қолжазбалар мен сирек кітаптар қоры жұмыс істейді. Бұл жерде араб әрпімен жазылған мыңға жуық көне кітаптар мен қолжазбалар бар. Көпшілігі зерттелмеген тың материалдар. Филологтер мен түркітанушылар, шығыстанушылар үшін аса құнды дүниелер. Осындай құнды кітаптардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлының 1909 жылы жарық көрген «Қырық мысал» кітабы мен 1926 жылғы «Әліпбиі», ұлы Мұхтар Әуе­зов­тің «Абай» романының 1942 және 1945 жылдары жарық көрген нұсқа­ла­ры да бар. Сирек қор өткен жылы «1929-1940 жылдары жарық көрген ла­тын қарпіндегі қазақ басылымдары» атты екі томдық кітаптар мен га­зет-жур­нал­дардың библиографиялық көр­сет­кішін құрастырып шығарды. Бұл үл­кен ізденіс пен қажыр-қайратты қа­жет ете­тін еңбек. «Сирек кітаптар сөй­лейді» айдары «Аnа tili», «Egemen Qazaqstan», «Aikyn» газеттеріне жиі шы­ғып, оқырманды атқарылып жатқан шара­лардың барлығынан хабардар етіп отыр.

Былтыр «Шетелдерден Қазақ­стан­­ның тарихына қатысты ұлт мұрасын жинау» халықаралық жобасы жасалды. Жоба жұмысы аясында Б.Ельцин атындағы Санкт-Петербургтегі Прези­дент кітап­ханасынан 200 құжат, Мәс­кеу қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапха­­насынан 110 құжат, Татарстан элек­­тронды кітапханасынан 140, Түркия ұлт­­тық кітапханасынан 190, Беларусь, Түр­­ікменстан, Қырғызстан секілді тағы бір­қатар елдің кітапханаларынан алынған Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты сан мыңдаған құжаттың онлайн каталогін жасақтадық. Болашақта шетел мұрғаттарында сақталған бес мыңға жуық сирек құжаттың көшірмесін алу жоспарланып отыр. 2023 жыл жаман нәтиже берген жоқ. Ұлттық академиялық кітапхана басшылығы Ресейдегі Б.Ельцин атындағы Президент кітапханасымен ынтымақтас­тыққа қол қойып, е-көшірме алмасу жолымен 270 құжаттың көшірмесі KazNeb қорына келіп түсті. Сондай-ақ Түркиядағы «TURKTAV» түркі та­рихы мен мәдениеті халықаралық қо­рынан 100 құжаттың е-көшірмесі алын­ды. Осы жылдың ақпан айында Қа­зақ ұлт­тық университетімен жасалған ын­ты­мақтастық келісімшарты арқылы KazNeb пор­талына 800 жаңа кітаптың е-көшір­месі алынады деп жос­парланып отыр.

Кітапхана қорына былтырғы жар­ты­­жылдықта 8 987 жаңа кітап келіп түс­кен. Бір өкініштісі, сырттан кітап сатып алу, жаңа кітаптармен қорды толықтыру­да қаражат мәселесі қолбайлау болып келе жатыр. Жоғарыда өткен жылы кітапханамызға
11 мың жаңа оқырман тіркелгенін айттық. Бұл көрсеткіш жыл­дан-жылға артуға тиіс. Қазір кітапхана қызметін пайдалану­шы­лар саны көбейді. Біздің ендігі міндет осы қорды әлемдік стандартқа сай толық­тырып, оқырманға барынша жағдай жасау.

Қорыта айтсақ, өткен ғасырдың ортасынан бастап әлем ғалымдары адам санасының функциясын атқаратын жасанды интеллект ойлап табуға барынша тырысып келді. Технологиялары ға­рыштық жылдамдықпен қарыштап дамыған жаңа ғасыр адамның кітап оқуға деген құмарлығын шектеудің түр­лі тәсілін ұсынып отыр. Қазір жасанды интеллект пен табиғи интеллект тайталасы басталды. Жасанды ителлектіге қызығушылардың, оны зертеушілердің саны күрт артып келеді. Кей салаларда оған кәдімгідей қажеттілік туындап отыр. Алайда әлі олар кітап жаза ала ма, жоқ па белгісіз. Сол себепті заманауи қандай озық техника болсын, мейлі ол жасанды интеллект болсын, басқа болсын – барлығы түптеп келгенде, кітапқа қызмет етуге тиіс.

 

Ғазиза НҰРҒАЛИЕВА,

Ұлттық академиялық кітапхананың директоры