Байқау • 04 Ақпан, 2024

Арқадағы жыршылар жарысы

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы «Достық» үйінде халық ақыны Жәкен Байтуовтың «Бөрі батыр» дастанын жырлаудан облыстық жыршылар сайысы өтті. Ақын да, батыр да ұлықталған бұл байқаудың басты ерекшелігі мынада: екі аталымнан үздік шыққан қос жеңімпаздың жетегіне жылқы байлады.

Арқадағы жыршылар жарысы

Мәдени іс-шараны «Арқа» айтыс ақындары мен жыр­шы-термешілер мектебі ұйым­дастырып отыр.

– Былтыр Кенесары баба­мыздың 220 жылдығына орай жыршылар байқауын өткіз­генбіз. Жас жыршыларымыз Доскей Әлімбайдың «Хан Кенесін», Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанын жырлаған еді. Өте жоғары деңгейде өнер көрсетті дей аламыз. Биыл да Бөрі батырдың ұрпақтарымен бірігіп, Жәкен Байтуовтың дастанын насихат етіп отырмыз. Бұл іс-шарамыз арқылы ақынды да, батырды да ұлықтай алдық, – дейді айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов.

Жыршылар сайысына өңірі­­міз­дегі отыздан астам өрен қаты­сып, бақтарын сынады.

Жыршы, профессор Ерболат Шалдыбеков Астанадан арнайы келіп қатысып, қазылар алқасына төраға болды. Белгілі профессор сайыстың қоры­тын­ды кезеңінде Арқадағы жас жыршылардың талабы­на­ таңданысын білдіріп, жыр­шы-термешілер мектебіне сәт­ті­лігін тіледі.

Байқауға бас демеуші бол­ған Аян Қиынбеков әуле­тінің атынан екі жылқы және Бөрі батыр ұрпақтары 1 миллион теңге қаражат берген. Ботақара қосымша білім беру руханият орталығының оқу­шы­сы Виктория Аленина бай­қау­дың аспаппен жырлау аталымында қатарластарынан басым түсіп, бас бәйгеге, яғни жүлдеге тігілген жыл­қыға ие болды. Ал дас­танды мәнерлеп оқу аталымында Қасым Аман­жо­лов атындағы балалар му­зы­ка­ мек­­т­­е­бінің оқушысы Кәміл Тілеуқабыл озық шығып, екінші жылқының иесі атанды. Байқауға қатысқан басқа да жүлделі орын алған өнерлі өрендерге ақшалай сыйлық үлестірілді. Мұнымен қоса, облыстық білім басқармасы ауыл­дың үш баласына Көкше­таудағы «Балдәурен» респуб­ли­калық оқу-сауықтыру орта­лы­ғына жолдама табыстады.

«Алғаш рет ат мініп тұр­мын. Үйдегі ата-анам қатты қуа­натын болды. Қазақ халқы құрметтілерге ат мінгізеді ғой. Соны жақсы ырымға балап тұрмын. Жыршы-тер­ме­шілер сайысына үнемі қатысамын. «Бөрі батыр» дастанын домбырамен орындап бердім. Бүгінгі өнерім қазылар алқасының, көрермендердің көңілінен шық­қанына аса қуаныштымын», деген әсері­мен бөлісті байқау жеңім­пазы Виктория Аленина.

Ұйымдастырушылар ұр­пақ­­қа рухани азық, жыр думан сыйлаған Бөрі батыр ұрпақ­тарына алғысын жаудырды. Бас демеуші Аян ақсақал да ақ батасын жаудырды.

– Біз бабамызды осылай ұлықтайық деп шештік. Ас пен тойдан гөрі осындай ұрпаққа игілігі бар дүние жасағымыз келді. Бөрі бабамыздың батыр­лығы осы бүлдіршіндердің бойына дарысын! Іс-шараны ұйымдастырған Айтбай Бот­пайұлы және Дидар Қами бастаған азаматтарға ерекше ризамын! – деп ақ тілеуін жеткізді.

 

Қарағанды облысы