Қаржы • 05 Ақпан, 2024

«AIFC Connect: London 2024» іс-шарасы өтті

134 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2 ақпан күні «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен «AIFC Connect: London 2024» іс-шарасын өткізді. Іс-шара алаңында Қазақстан мен Орталық Азияға инвестициялау мүмкіндіктерін талқылау үшін 70 инвестициялық банктерден, халықаралық қаржы, консалтингтік компаниялардан, заң фирмаларынан 120 өкіл  қатысты.

«AIFC Connect: London 2024» іс-шарасы өтті

Фото: Ашық дереккөз

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров британдық компаниялардың өкілдеріне Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.  «Еуропа, Азия және Таяу Шығыс арасындағы стратегиялық орналасу Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одақтың, сондай-ақ Қытай мен Каспий өңірі елдерінің негізгі нарықтарына тікелей қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жаһандық геосаяси жағдай елдерді халықаралық нарықтарға жаңа жол іздеуге және дәстүрлі сауда жолдарын өзгертуге мәжбүр етеді. Бұл тұрғыда Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орта дәліз жобасы Еуразия құрлығындағы байланыстарды дамыту мен нығайтудағы маңызды бағытқа айналды. АХҚО осындай ірі инфрақұрылымдық жобаларды құрылымдау үшін таптырмас алаң деп есептеймін», деді Р.Бектұров. 

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында шетелдік инвестицияларды тартуда көшбасшы саналады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша елге құйылған  тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 млрд долларға жетті.  Бұл  соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш саналады.  2023 жылдың тоғыз айында  ел экономикасына 19,7 млрд доллар соммасына тікелей инвестициялар тартылды. Инвесторлар тау-кен, өңдеу өнеркәсібіне, көтерме және бөлшек саудаға, қаржылық және сақтандыру қызметіне белсенді қызығушылық танытты. АХҚО шетелдік инвесторларға таныс юрисдикцияны, оның негізінде Англия мен Уэльстің жалпы құқығы негізінде тәуелсіз сот жүйесін, сенімді құқықтық базаны, дамыған қаржылық инфрақұрылымды, инновацияларды, оның ішінде жасыл қаржы саласындағы сараптаманы ұсыну есебінен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

арасына  

Ұлыбритания – елімізге қомақты қаржы құйған  ең ірі 10 инвестордың қатарына кіреді. 2005 жылдан бастап 2023 жылдың 9 айына дейін Ұлыбританиядан Қазақстанға инвестициялардың жалпы ағыны 17 млрд долларға жетті.  Бүгінгі таңда АХҚО юрисдикциясында White Нill Capital Ltd, BV Technology Limited, VРЕ Capital Fund Management Limited, т.б. секілді британдық 62 компания тіркелген. Ағылшын бизнес өкілдері қаржы, консалтинг, тау-кен өндірісі, IT саласында қызмет көрсетіп келеді.  

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ашылғалы бері Қазақстан экономикасына 10,9 млрд доллардан астам қаражат тарта білді, оның шамамен 40%-ы Astana International Exchange (AIX) биржасында  тартылды. J.P. Morgan, Bank of New York, State Street, Citi, BNP Paribas және Northern Trust сияқты әлемдегі ең ірі кастодиан банктер AIX-тің депозитарлық клиенттеріне айналды және биржада бағалы қағаздарды ұстайды. АХҚО шетелдік және еліміздің инвесторлары сауда жасайтын интеграцияланған капитал нарығын құрды.  Мәселен, 2023 жылғы қарашада AIX-те сауда-саттықтың 61%-ы  шетелдік инвесторлардан түсті.   

Іс-шара аясында үш панельдік сессия өтті, онда ірі шетелдік және отандық компаниялардың өкілдері отандық капитал нарығын дамыту перспективаларын, сондай-ақ Орталық Азияның белсенді дамып келе жатқан өңіріндегі қаржылық қызметтер саласындағы өзгерістерді талқылады. Спикерлер арасында Киян Зандиех (Sturgeon Capital Ақпараттық технологиялар жөніндегі басшысы), Анджела Найт (AFSA тәуелсіз директоры), Хью Моррис (Z/Yen ғылыми серіктесі), Ник Кауфманн (WOOD&Company акционерлік капитал нарықтары бойынша басшысы), Евгений Монахов (Polymetal International plc Инвесторлармен байланыс жөніндегі директоры), Марат Диқанбаев («ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ қаржы департаментінің директоры), Иван Старцевич (Citi акционерлік капитал нарықтары жөніндегі басшысы), Джанет Хекман (AIX тәуелсіз директоры), Сейітжан Жаныбеков («Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ атқарушы директоры), Виктор Сабо (Аbrdn Инвестициялар жөніндегі директоры), Ботагөз Әбішева («Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары), Сәуле Жақаева («Ситибанк Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы), Дэн Ангелаш (Debtwire Проблемалық берешектер жөніндегі үйлестірушісі) секілді қатысушылар бар.  

«Қазақстан мен Орталық Азиядағы қаржылық қызметтер: АХҚО ойын ережелерін өзгерте ала ма?» деп аталатын бірінші сессияда қатысушылар қаржы орталығының өңірдің қаржы секторын дамытудағы басты рөлі мен сын-қатерлерін талқылады. Екінші сессия Қазақстандағы акционерлік капитал нарығын дамыту болашағын талдауға арналды. Үшінші сессияда қатысушылар Қазақстандағы борыштық капитал нарығын дамытуға өз ойлары мен ұсыныстарын білдірді. Жоғары пайыздық мөлшерлемелі  нарықтық жағдайларға қарамастан, 2023 жылы AIX биржасында листингтер саны, сауда-саттық көлемі және бизнес тартқан капитал көлемі сияқты рекордтық көрсеткіштер тіркелді. 

АХҚО биржасы іске қосылған сәттен бастап тартылған борыштық капиталдың жалпы көлемі 4,2 млрд долларға жетсе, үлестік капитал 365 млн-ға тең болды. 2023 жылы ең көп сатылатын бағалы қағаздар Polymetal International акциялары болып тіркелді. Олар сауда-саттықтың жалпы көлемінің 31,1 %-ын құрады. Екінші орында 30,7%-бен «ҚазМұнайГаз» тұр. Ал «Қазатомөнеркәсіп»  18,2% көрсеткішпен жоғары сұранысқа ие.   

Қаржы нарығының алдыңғы қатарында бола отырып, АХҚО Қазақстан экономикасына инвестициялар тартуға, қор нарығын қоса алғанда, елдің қаржы саласын дамытуға, сондай-ақ халықаралық капитал нарықтарымен ортақ жұмыс істеуге мүдделі әрі бұл бағытта дами береді.    

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу әрі жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы мен дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. АХҚО-да тіркелген компаниялардың саны әлемнің 78 елінен 2400-ден асты. 

2023 жылы АХҚО Орталық Азия және Шығыс Еуропа өңірінде (Global Financial Centres Index рейтингіне сәйкес) көшбасшылықты сақтап, бизнесті, іскерлік ортаны ашу әрі жүргізу, инвестициялар тарту, адами капиталды дамыту үшін тиісті қолайлы құқықтық, реттеуші ортаның және дамыған инфрақұрылымның жоғары деңгейін көрсетті.  Сондай-ақ АХҚО Жасыл қаржы орталығының тиімді жұмысының арқасында Астана Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде Жасыл қаржы жаһандық рейтингінде (GGFI) 1-ші орынға табан тіреді. 

2023 жылы Қазақстанның FATF/EAG өзара бағалау рәсімінен өтуі жөніндегі жоба сәтті аяқталды. АХҚО юрисдикциясы ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық стандарттарға (АЖ/ТҚҚ) сәйкес деп бағаланды. 

АХҚО салық режимі экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) салықтық ашықтығының жаһандық стандарттарына сәйкес деп танылды. 

АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) дауларды шешу үшін беделді әрі тиімді алаң ретінде танылды. АХҚО сотының төрағасы Лорд Бернетт Мэлдонский, ал ХТО төрағасы Томас Крюммель.