Аймақтар • 05 Ақпан, 2024

Спорт кешені ашылды

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде 320 орындық заманауи Денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Енді кент жасөспірімдері спорттың сан алуан түрімен айналысады.

Спорт кешені ашылды

Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын арнайы қатысып, 82 жастағы спорт ардагері Вик­тор Уркунов және дзюдодан ха­лықаралық жарыстардың жүлдегері Ерғанат Молдағұловпен бірге жаңа нысанның лентасын қиды.

Жаңа кешеннің пайдалануға берілуі елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударылғанын, бұқаралық спортпен шұғылдануға бетбұрыс барын аңғартады. Жасыратыны жоқ, бұған дейін ботақаралықтарға спортпен айналысатын жер же­тіспей келді. Сондағы екі жалпы білім беретін және балалар мен жасөспірімдердің спорт мектеп­терінің залдары үнемі лық толы болатын. Жастардың, жалпы кент тұрғындарының спортқа деген ынтасы зор. Міне, енді осы жаңа кешеннің ашылуымен бұл ыңғайсыздықтар жойылмақ.

6 300-ден аса тұрғыны бар кенттің жас-кәрісі жаңа кешен ішінде сан алуан спорт түрімен айналысады.

Республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттердің қар­жысына салынып, бой көтерген жаңа ғимаратта күрес және бокс залы, үстел теннисі, тағы да басқа каби­неттер бар. Жақын арада мұнда волейбол, баскетбол, шағын футбол, үстел теннисі, шах­мат сек­циялары ашылып, ұлт­тық спорт түрлерін дамыту да қолға алынады. Болашақта аудан­ның барлық тұрғынын қамту үшін аталған Денешынықтыру-сауық­тыру кешенінің базасында спорт клубын ашу да жоспарда тұр. Ке­шенге келушілерді әзірге 7 жат­тық­тырушы баптап, спортқа бау­лыса, келешекте штат саны мен секциялар да көбейтіледі.

Салтанатты іс-шара соңынан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Бейсембайұлы мен Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұл­танғалиев кешен ішін аралап көрді. Жергілікті жас спортшы­лар жиналған жұрт алдында бозкілемде жаттығу тәсілдері мен шеберліктерін көрсетті.

 

Қарағанды облысы,

Бұқар жырау ауданы