Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ұзақ уақыт бойы елімізде жұмыссыздық 5%-ға жуық төмен деңгейді сақтап, өткен жылдың екінші жартысында 4,7%-ға тұрақтады. Бұл, тіпті кейбір дамыған елдердің деңгейінен әлдеқайда төмен. Мысалы, Еуроодақта қазан айында еңбекке жарамды бейресми жұмыссыздар 6%-ға жетті. Финляндияда бұл көрсеткіш – 7,5%-ды, Данияда 5,4%-ды құраған. Global Economy деректері бойынша 2022 жылы әлемдегі жұмыссыздық деңгейі біздің елдегіден едәуір жоғары болған. Айталық, Түркияда – 10%, Бразилияда – 9,5%, Францияда – 7,5%, Швецияда – 7,4%, Эстонияда 5,6% деп көрсетілген. Осы ретте Halyk Finance талдау орталығы дағдарыс пен жұмыссыздықтың тығыз байланысын халықаралық тәжірибенің өзі растап отырғанда еліміздегі дағдарыстардың жұмыссыздық көрсеткішіне соншалықты әсер етпеуіне күмәнмен қарайды. Оған қоса республикамыздың 2030 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы жобасында әлемдік қаржы дағдарысы, теңгенің құнсыздануы және коронавирус пандемиясы кезеңінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны күрт өскені баяндалған. Көрсетілген кезеңдерде жалдамалы жұмысшылар саны төмендеген, бұл олардың бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына ауысуымен анықталса керек. Демек, статистика мен шынайы жағдайдың арасындағы сәйкессіздіктің себебі осымен түсіндірілуі мүмкін.
Еліміздегі «жасырын» жұмыссыздық проблемасы жұмыспен қамтылғандардың бір бөлігі іс жүзінде өнімділігі төмен жұмысшылар болып отырғанымен байланысты. Яғни біздегі жұмыссыздық деңгейі проблеманың нақты ауқымын көрсетпейді. Зерттеушілер дағдарыс кезеңінде өзін жұмыспен қамтығандардың бұлайша өсуі ‒ бұл құбылысты субъективті бағалаудың нәтижесі деген ойда. Дұрысын айтқанда, жұмыссыздық деңгейі негізінен нақты жұмыссыздар санымен емес, жұмыссыз ретінде тіркелгендер санымен есептеледі. Респонденттердің бір бөлігі өздерін жұмыссыз деп санаудың орнына өз бетінше жұмыспен қамтылғандар ретінде көрсеткендіктен, бұл сайып келгенде елдегі жұмыссыздық деңгейі туралы деректерді айтарлықтай бұрмалайды. 2019 жылы заңнамада өзін жұмыспен қамтығандар ұғымы тәуелсіз қызметкерлерге немесе өз қызметін мемлекеттік тіркеусіз табыс алу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын жеке тұлғаларға ауыстырылды. Сөйтіп, ресми статистикада тәуелсіз қызметкерлер де, жеке кәсіпкерлер де өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың құрамына енгізіле бастады. Ресми статистика өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында өнімсіз жұмыспен қамтылғандарды ‒ ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатындарды және нәтижелі жұмыспен қамтылғандарды бөліп көрсетеді. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың барлығы дерлік (2023 жылдың 3 тоқсанының аяғында 221 мың адам) ЖК емес, тәуелсіз қызметкерлер болып саналады.
«Жасырын» жұмыссыздық жұмыс күшінің өнімділігі төмен және негізінен бейресми еңбек нарығында жұмыс істейтін бөлігін сипаттайды. Халықаралық зерттеулер «жасырын» жұмыссыздықтың еңбек нарығына, жалпы экономикаға көптеген жағымсыз әсері барын байқатып отыр. Өйткені ол өнімділікті, кірісті, тұтынуды және салық түсімдерін азайтады. Сонымен қатар халықтың бұл бөлігі еңбек нарығының толыққанды қатысушылары ретіндегі ресурсқа ие бола отырып, өздерінің барлық еңбек әлеуетін толық пайдаланбайды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мәселелердің шиеленісуіне де әкеледі. Өзін өнімсіз жұмыспен қамтығандардың саны Қазақстандағы барлық тәуелсіз жұмыскерлер мен жұмыссыздардың жартысына жуығын құрайды. Сондықтан мемлекет осы жағдайға назар аударып, оны жою бойынша тиімді шаралар әзірлеуі қажет. Бұл тарапта барлық күш-жігер өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өнімсіз еңбектен алшақтауына бағытталуы керек деп санайды сарапшылар.
Азаматтардың өзін жұмыспен қамтығандар мәртебесінен жұмыссыздарға ауыспауына жұмыссыздық бойынша жәрдемақылардың төмен мөлшері немесе осы жылдың қаңтарына дейін түрлі салықтардың орнына ай сайын бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу мүмкіндігі секілді түрлі факторлар себеп болғаны анық. Табыс деңгейіне тәуелді емес, бірақ еңбек өтілін жинақтауға және медициналық сақтандыруды пайдалануға мүмкіндік беретін БЖТ-ның жеңілдігін тұрақты табысы жоқ және жұмыссыздар санатына жатқызылуы мүмкін азаматтардың әрбірі сезінді. Олардың барлығының дерлік табысы жалдамалы жұмысшылардың орташа жалақысынан төмен болған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 16%-ы (кемінде 350 мың адам) ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз соманы қанағат тұтып келген.
Биылдан бастап жұмыс күшінің өзін-өзі жұмыспен қамтыған бөлігі өзін жеке кәсіпкерлер қатарына қосуға немесе жұмысқа орналасуға мәжбүр болады. Мұндай жағдай жұмыспен қамтылғандар құрылымының өзгеруіне әкеліп, олардың тарапынан салықтық және әлеуметтік аударымдарды ұлғайтады. 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жеңілдікті кезеңнің тоқтауы, арнайы салық режімін қолдану өз бетінше жұмыс істеп жүргендерді нақты жұмысы бар халық қатарынан шығарып, мәселенің жай-жапсарын ашуға ықпал етуге тиіс. Енгізілген өзгерістер нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бір бөлігі ресми түрде жұмыссыздар санатына өтуі мүмкін. Кірістердің жалпыға бірдей декларациясы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебесіндегі кейбір өзгерістер олардың «көлеңкеден» шығып, әлеуметтік қорғаумен, тұрақты еңбекпен қамтылуына септігін тигізеді деген үміт бар.