Шымкент • 06 Ақпан, 2024

Ескі мешіт еңселенеді

164 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында ХІХ ғасырда салынған Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешітінің жанындағы қосалқы ғимараттың бұзылуына байланысты түсініктеме берілді. Әлеуметтік желідегі «тарихи нысан рұқсатсыз бұзылып жатыр» деген дабылдың анық-қанығы белгілі болды.

Ескі мешіт еңселенеді

Бұзылған мешіттің өзі емес, қасындағы апатты жағдайда тұрған қосалқы ғимарат. 1980 жылы салынған бұл ғимаратта 1998 жылға дейін балалар медресе есебінде оқып келген. Алайда апатты жағдайына байланысты кейін балаларды оқыту тоқтатылып, бүгінге дейін ғимарат бос тұрған. Халық арасында туындаған түсініспеушілікті болдырмау үшін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылыс алаңына арнайы барып, сол жерде БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Шаһар басшысы қосалқы ескі нысанның орнына салынатын жаңа ғимараттың құрылысын бір жылға созбай, әрі кетсе екі айда бітіру керектігін мәлімдеді. Сонымен бірге әкім ел ішінде теріс пікір мен дау туғызған бұл мәселенің негізгі шығу себебі адамдардың ақпаратты дұрыс түсінбеуінде деді. Мегаполистегі әрбір құрылысқа бірінші кезекте жауапты екенін баяндаған қала басшысы тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын дер кезінде жүргізбеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкенттегі өкілдігіне ескерту жасады.

Қаланың бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша, мешіт жанындағы апатты ғимаратты бұзуға біріншіден «Tech-Inspection» мекемесінің сараптамалық қорытындысы рұқсат берсе, екіншіден Шымкент қаласы әкімдігі де «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислам діни бірлестігінің жергілікті филиалына жолдаған хатында мешіттің ескі қосалқы ғимаратын сүріп тастауға қарсы еместігін білдірген. Сондықтан мегаполистің наиб-имамы әлеуметтік желіні шулатқан «көне мешіт бұзылып жатыр» деген ақпараттың негізсіз екенін хабарлады.

Тарихи мешітті салған Дәуітұлы Шыңғысбай қажының шөбересі Сейдахан Мамытов мешіт бұзылып жатыр деген хабарды әлеуметтік желіден естіген бойда сонау Төлеби ауданынан келіпті. Құлауға шақ тұрған көне ғимаратты бұзып, орнына жаңасын салу үшін демеушілер іздеп, тер төгіп жатқанда кейбір әлеуметтік желіні пайдаланушылар жоқ жерден елді дүрліктіріп жатқанына алаңдаулы екенін айтқан ол жал­ған ақпарат таратушыларды тауып, жазаға тарту қажеттігін де еске салды.

Кезінде осы мешітті салу үшін Ферғанадан арнайы ұсталарды жалдаған. Міне, содан бері мешіт 140 жыл бойы халыққа қызмет көрсетіп келеді. Тек Екінші дүниежүзілік соғыста құлшылық үйі казармаға айналса, 1948 жылы бұрынғы мәртебесін қайта алған. Мешіт алаңында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан қос медресе болған. Оның біреуі 2014 жылы жаңғыртудан өткен. Қазір бұл ғимаратта балалар оқып жатыр. Ал екіншісі апатты жағдайда қалып қойды. Сүрілген осы нысан. Әлеуметтік желіде де дүрбелең туғызып жіберген осы ғимараттың бұзылуы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жергілікті филиалы өкілдерінің айтуынша, енді оның орнына заманауи зәулім медресе бой көтереді.

Сәулет өнерінің білікті маманы, Қа­зақстанның құрметті сәулетшісі Асқар Ма­мыр­байдың айтуынша, мұндай нысан­дардың құрылысын жоспарлағанда міндетті түрде тиісті сарапшылардың қатысуымен кеңес өтуі қажет. Қала құрылысына қатысты кеңес бұрын болған. Бірақ кейін таратып жіберген. Енді қала әкімдігі қайтадан сол кеңесті жандандыруды қолға алып жатыр. Алайда құрылым әлі толық құрылып бітпеді. Сол себепті бұл құрылыс алдын ала ешқандай мамандармен, сарапшылармен келісілмеді.

«Өз басым сүрілген нысанның орнын көзіммен көрген жоқпын. Бірақ әлеуметтік желіден бәрін байқап, көріп отырдым. Бұзылған мешіттің өзі емес, көше бойындағы екі қабатты бастырма. Оның бірінші қаба­тында намаз оқыған. Алайда бүгінде қабыр­ғасы жарылып, апатты жағдайда болған дейді. Оны бұзып, жаңасын салатын болыпты. Дегенмен әлеуметтік желіге жүктеген болашақ ғимараттың жобасын көргенімде қаланың орталығында, тарихи-мәдени нысандар орналасқан аймақта тұрмақ, шеткі ауылдардың өзіне де татымайтын жоба екен дедім. Шынын айтқанда өте ұят. Еш­қандай сәулеттік сәні жоқ, кәдімгі төрт бұ­рышты қорапқа ұқсаған бірдеңе. Нысан мешіт аумағында бой көтеретіндіктен ең болмағанда шығыс үлгісіне жақындатып салынуы керек еді. Негізгі ғимарат мешіт болғандықтан айналасындағы нысандар да соның сәулетіне сай болуға тиіс. Бұл пікірімді әлеуметтік желіге де жарияладым. Бірақ пікіріме құлақ асып жатқан бір адам жоқ. Тарихи-мәдени, сәулеттік маңыздылығы жоғары мұндай жобалар конкурстық негізде жасалуы керек. Қаланың тарихи аймағында орналасқан ғимараттар байқаудан өткеннен кейін салынғаны дұрыс. Оның үстіне қала әкімі нысанды екі айдың ішінде салып бітіруге тапсырма беріпті. Мұндай төрт бұрышты қорапты асығып дәл қыста салудың ешқандай қажеті жоқ. Бұл жер қаланың ескі аумағы саналады. Шаһардың тарихы да осы ескі қаладан бас­талады. Сондықтан осында бұзылып қай­та салынатын нысандардың барлығы ескі қаланың сәулетіне тән болу керек. Сол себепті жаңа медресенің жобасын салмай тұрып қайта қарау қажет», деді сәулетші.

Қала әкімі Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешіті тарихи-мәдени нысанға жататынын айтты. Алайда құжат бойынша іргетасы қаланғанына ғасырдан астам уақыт өткен құлшылық үйі ешқандай тарихи-мәдени нысан екенін растайтын тізімге енбеген. Бұл туралы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлмира Лазар айтып берді. Маманның мәлімдеуінше, өңірде республикалық маңызы бар 7 нысан, жергілікті маңыздағы 8 тарихи нысан бар. Республикалық маңызы бар ескерткіштер негізінен қала іргесіндегі Сайрам аумағында орналасқан.

«Жалпы, Қошқарата өзені бойында Жәми мешіті не республикалық, не жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарына алын­баған. «Мәдени мұра» орталығынан осы жөнінде сұрау салғанбыз. Олардан нысанды тізімге енгізу үшін сараптамалық комиссияның қорытындысы керек деген жауап келді. Көне ескерткіштерді талдаумен министрліктен лицензия алған жеке компаниялар айналысады. Компания құрамында білікті мамандары бар сарапшылық жұмыс тобын құрады. Шымкенттен әзірге бір-екі нысан ғана тарихи ескерткіштер тізіміне алынды. Ал көне мешіт әзірге қала құрылысының жай нысаны болып табылады. Дегенмен басқарма біртіндеп мегаполис ішіндегі осындай тарихи нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізуді бастап келеді», деді маман.

Ресми мәлімет бойынша, Шымкентте 92 мешіт бар. Бұл құлшылық орындарының барлығы да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тіркелген. Ал ел арасында Қошқарата мешіті деген атпен белгілі Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешіті солардың ішіндегі ең көнесі саналады.

 

ШЫМКЕНТ