Үкімет • 06 Ақпан, 2024

Үкіметте осы уақытқа дейін қанша Премьер-министр ауысты?

246 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұған дейін 11 Премьер-министр болған. Қазір олардың арасында әлі шенді қызметте жүргені де, сотталып кеткені де бар, деп жазады Egemen.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап. 

Үкіметте осы уақытқа дейін қанша Премьер-министр ауысты?

фото: https://primeminister.kz/

Сергей Терещенко Тәуелсіздік алған 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап 1994 жылға дейін басқарған. Ол - Қазақстан тарихындағы алғашқы Премьер-министр. Сарапшы Айбар Олжаевтың сөзіне сүйенсек, Терещенконың кезінде экономика төрт жыл бойы қатарынан құлаған. Ал Қазақстан тарихындағы ең үлкен құлдырау, минус 12 пайыз 1994 жылы болған.

Саясаттағы жұмысынан кейін Сергей Терещенко кәсіпкерлік қызметке кеткен. Ол жаңа өндірістер ашып, фермалар мен су электр станцияларын салған. Ол былтыр 72 жасында қайтыс болды. 

Екінші премьер шетелде тұрады. Қазақстан тарихындағы екінші Премьер-министр - Әкежан Қажыгелдин. Ол 3 жыл, яғни 1994-1997 жылдар аралығында Үкімет басшысы болды. Сарапшы Айбар Олжаевтың пікірінше, Қажыгелдин - елді минустан плюске шығарған алғашқы премьер.

1998 жылы ол президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынды. Кейін партиялардың құрамына өтіп, төраға қызметін де атқарды. Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, 1999 жылы оған халықаралық іздеу жарияланды.

Сонымен қатар деректерде оның 20 жылдан аса уақыт бойы Ұлыбританияда тұрып жатқаны айтылады. Дегенмен бұрынғы Үкімет басшысы әлі күнге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстан туралы пікірін білдіріп тұрады.

Үшінші премьер де қайтыс болған. Қазақстан тарихындағы үшінші премьер-министр - Нұрлан Балғымбаев. Ол 2015 жылы 68 жасында Атырау қаласында қайтыс болды. 

Төртінші премьер - қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1999-2002 жылдар аралығында Премьер-министр қызметін атқарды. Тоқаев 2019 жылы Президент болып тағайындалды. Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз ел тарихында экономиканың бір жылдық өсу қарқынын 10 пайыздан асырған алғашқы премьер болды.

Бесінші премьер ең аз уақыт отырған. 2002-2003 жылдар Үкімет басшылығына Иманғали Тасмағамбетов келді. 

Былтыр Иманғали Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы қызметіне кірісті. Ал бұған дейін Ресейде елші болды.

Алтыншы премьер ШҚО-ны да, Үкіметті де ұзағырақ басқарған. Даниал Ахметов 2003-2007 жылдар аралығында Премьер-министр болды.

Былтыр 16 маусымда Даниал Ахметов ШҚО әкімі қызметінен босатылды. Ол 2014 жылғы қарашадан бастап ШҚО әкімі қызметіне тағайындалған еді. Даниал Ахметов қазір жеңіл атлетика федерациясының президенті болып отыр.

Жетінші премьер сотталып кеткен. Кәрім Мәсімов 2007-2012, 2014-2016 жылдар аралығында Қазақстан Үкіметін басқарды. Алайда ол Қаңтар оқиғасынан кейін сотталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы қызметін атқарған Кәрім Мәсімовке былтыр 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарған болатын. 

Сот істі «Аса құпия» деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайды және мүлкі тәркіленеді. Кәрім Мәсімов генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан да айырылды. 

Сегізінші премьер де жазасын өтеп шыққан. Серік Ахметов 2012-2014 жылдар аралығында Премьер-министр болды.

Ахметов те сотты болған еді. Экс-премьер министрге қатысты іс 2015 жылдың 10 тамызында басталған болатын. Нәтижесінде Серік Ахметов 10 жылға сотталды.

Ал бірнеше айдан соң Серік Ахметовтің келтірілген шығынды өтегені - қазынаға 430 миллион теңгеден аса ақша төлегені белгілі болды. Кейінірек экс-премьердің жақындары мен достары мемлекетке тағы екі миллиард теңге төледі. Сот осының барлығы ескере отырып, сотталған Серік Ахметовтің жазасын 10 жылдан 8 жылға қысқартты. Осылайша Серік Ахметов 2017 жылдың 21 қыркүйегінде бостандыққа шықты.

Тоғызыншы премьер шенді қызметте. Бақытжан Сағынтаев 2016-2019 жылдар аралығында Үкіметті басқарды. Жуырда Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қызметіне сайланды. Бұл туралы РФ президенті Владимир Путин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте айтты. Бұған дейін Сағынтаев Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды.

Оныншы премьер шетелде жиі көзге түсіп жүр. Асқар Мамин 2019-2022 жылдар аралығында Үкіметті басқарды. Қазір ол әлеуметтік желі арқылы шетелден жиі көзге түседі. Мәселен, бұған дейін Ташкенттегі марапаттау салтанаттарының бірінде жүрді.

Ал кейін футбол федерациясының экс-президенті Әділбек Жақсыбеков пен экс премьер-министр Асқар Мамин Ыстанбұлда өткен Чемпиондар лигасында жүрген жерінен көзге түсті. Одан кейін тағы да Премьер-министрдің Түркия елінде жүргені жайлы видео әлеуметтік желіде тарап кетті.

Он бірінші Премьер-министр - Әлихан Смайылов. Ол 2022-2024 жылдар аралығында Үкіметті басқарып, кеше отставкаға кетті.