Айбын • 07 Ақпан, 2024

Бітімгерлер белесі

261 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігінің бітімгершілік операциялар орталығының (KAZCENT) базасында БҰҰ миссиясына қатысу үшін ұлттық бітімгершілік контингенті дайындалды. Өткен жылы сәуірден қыркүйек айына дейін «Бітімгер» оқу полигонында жан-жақты дайындалған 250 әскери қызметші халықаралық миссияны орындауға сақадай сай.

Бітімгерлер белесі

Осы 6 ай уақыттың үш айы жауын­гер­лік даярлық бағдарламасы бо­йынша және үш айы бітімгершілік даярлық бойынша өтті. Контингент жеке құрамы ағылшын тілі, күш қолдану ере­желері бойынша оқытылып, ха­лық­аралық, гуманитарлық заңнама нор­маларын зерделеді. Офицерлер мен сержанттар бітімгершілік базаны күзетуді қамтамасыз ету, блокпост­тарды ұйымдастыру, патрульдеу, жа­рылғыш құрылғыларды залалсыз­дандыру, бейбіт тұрғындарға көмек көрсету және эвакуа­циялау жөніндегі мін­деттерді тәжірибе жүзінде пы­сық­тады.

Сонымен бірге соғыс қимылдарын жүргізудің қағидалары мен ережелерін, құралдары мен әдістерін, гуманитарлық көмек пен бейбіт тұрғындарды қор­ғау жол­дарын тереңнен зерттеді. Кон­тин­гент штабының офицерлері прак­тикалық дағдылар мен жедел үйле­сім­ділік деңгейін арттыру мақсатында жедел-тактикалық деңгейдегі бітімгер­шілік бөлімшелер (батальон, бригада) үшін әскери шешімдер қабылдау бо­йынша сабақтар өткізді.

впа

Ұлттық әскери контингентті орна­ластыру алдында бітімгершілік даяр­лау толық көлемде және БҰҰ талап­тары мен стандарттарына сәйкес жүр­гізілді. Жалпы, контингенттің жеке құрамы далалық дағдыларын, мо­тивация мен дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті.

Әскери қызметшілерді оқытуға орта­лықтың нұсқаушы құрамы ғана емес, сонымен қатар минадан та­зарту және әскери медицина орталық­тары­ның өкілдері де қатысты. «Көгілдір ту» кешенді бітімгершілік оқу-жат­тығуы­ның қорытындысы бойынша кон­тингенттің жеке құрамы бітімгер­шілік күштер құрамында қойылған мін­деттерді орындауға «дайын» деген баға алды.

Контингенттің дайындығын баға­лаудағы шешуші сәт өткен жылдың желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйы­мы делегациясының сапары бол­ды. Сарапшылар бітімгершілік опе­рацияларға қатысуға жоспарланған қа­зақстандық әскери қызметшілердің материалдық-техникалық базасының жай-күйін және дайындық деңгейін жан-жақты тексерді. Бір апта ішінде бітімгерлерді жарақтандыруға, техникамен, қару-жарақпен, оқ-дәрілермен, заттай, инженерлік, медициналық мү­лікпен және РХБ-қорғаныс құрал­дары­мен жабдықталуына инспекция жүргізілді. Бітімгершілік дайындық әдіс­темесі мен жүйесіне, ағылшын тілін меңгеру деңгейіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ БҰҰ инспекторлары бітімгерлердің әртүрлі прак­тикалық міндетті орындау және кіріспе тапсырмаларды орындау ке­зін­дегі үйлесімділігін тексерді.

Айта кету керек, біздің контингент БҰҰ стандарттарына сәйкес келетін қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен жабдықталған. БҰҰ сарапшылары да бітімгершілік кон­тингенттің жеке құрамын даярлау­дың және нұсқаушының кәсібилігінің жоғары деңгейін атап өтті.

Өткен жылдың желтоқсан айында және осы жылдың қаңтарында ҚМ Бітімгершілік операциялар орталығына Сенат пен Мәжіліс депутаттары келіп, оның қызметімен, сондай-ақ бітім­герлерді даярлау үдерісімен және әс­ке­ри қызметшілерді қару-жарақпен, әс­ке­ри техникамен және мүлікпен жа­рақ­тандыру барысымен танысты.

Қазақстан бітімгерлерінің БҰҰ мис­­сиялары­на қатысу тарихына қыс­қаша тоқталып өтсек, ең ал­ғаш­ рет 2007-2009 жылдары Непал мем­лекетіндегі бітімгершілік миссия­сы­на қатысқан болатын. Одан соң 2014 жылдан бастап Батыс Саха­ра­дағы, 2018 жылдан бері Ливан Рес­пуб­ликасындағы, 2022 жылдан бері Орталық Африка Республикасындағы, 2023 жылдан Конго Демократиялық Республикасындағы миссияларға жыл­ сайын қатысып келеді. Оның ара­сында 2015-2017 жылдары Кот-д'Ивуар және 2022-2023 жылдары Мали Рес­пуб­ли­касында да біздің бітімгерлеріміз өз міндеттерін сәтті орындап шықты. Жалпы, осы 16 жыл ішінде 600-ден астам әскери қызметшіміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысқан.

Ал биыл еліміздің бітімгершілік қызметі тарихында тұңғыш рет ұлттық контингент БҰҰ бітімгершілік операциясына өз бетінше қатысады. Бұл біздің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесіміз болмақ.