Жастар • 06 Ақпан, 2024

Мамандықтан қателеспе, жас түлек

928 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір көптеген талапкердің грант үшін сұраныстағы мамандық­қа ағылып түсіп жатқаны ақиқат. Алайда оқуды тәмамдаған соң елге қажетті маман бола алмай қалатыны да жалған емес. Оқушылар өздерінің болашақта кім болатынын, қай бағытта еңбек ететінін ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырғаннан кейін емес, сынаққа дейін ертерек айқындағаны абзал.

Мамандықтан қателеспе, жас түлек

Осы мәселенің төңірегінде Фридрих Эберт қоры «Қазақстан жастары: құндылықтарын, се­німін, мақсатын бағалау» атты зерттеу жүргізген екен. Оған 14-29 жас аралығындағы 100-ге жуық адам қатысқан. Сондағы ақпаратқа сүйенсек, жастардың 41,9 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Олардың үштен бірі «жұмыс табу оңай» десе, 10,5 пайызы «өте қиын» деп жауап берген. Нәтижесінде, көпшілігінің мемлекеттік сек­торға қарағанда, жеке секторда жұмыс істегенді құп көретіні анық­талды. Расында мектеп оқу­шы­ларының көбі қай салада жұ­мыс істегісі келетінін нақты білмейді. Сол себепті мамандық таңдау кезінде қиындыққа тап болады.

– Бұл мәселенің шешімі – дұрыс кәсіптік бағдар беру. Сон­дықтан әр мектепте кем дегенде бір профориентатор жұмыс істеуге тиіс. Ол баламен тікелей байланыс орнатып, түрлі тестінің көмегімен әлсіз және мықты тұстарын анықтауына сеп болады, – дейді көпшілікке әлеуметтік желі арқылы танылған химия пәнінің оқытушысы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ұлан Үсенов.

Білім алушы ұнататын пәні­нен бұрын әуелі қабілеті мен қызығушылығы бар салаға мо­йын бұрғаны дұрыс. Әрине, бола­шақ бағытын айқындауда ата-анасының, ұстазының, орта­сының, әлеуметтік желіден көр­ген-білген ақпаратының да әсері болады.

– Адам мамандықты дұрыс таңдамаса, өмір бойы өзге адам­ның өмірін сүріп өтеді. Жылдың басында өтініш жазып, оқудан шығып жатқан студенттерді көп көрдім. Жауаптары: «бұл сала­ға өзім қалап келген жоқ­пын», «грант көп болғасын таң­дап едім», «оқи келе менің маман­ды­ғым емес екенін ұқтым» деп жалға­сып жатады. Бұл – мектепте, отба­сында кәсіптік бағдардың болма­ғандығының айқын көрі­нісі. Біздің алдымызға әзірше тек 11-сынып оқушылары келіп жатыр. Барлық білім алушыға да, ата-анаға да айтатыным, ма­мандық таңдауға едәуір ертерек қимылдаған дұрыс, – дейді профориентолог маман Динара Оспанова.

Бұған қоса ол елімізде профо­риентациялық үдеріс енді-енді қарқын алып келе жатқанын айтты. Ал дамыған елдерде қалай? Мәселен, Финляндияда бала 9-сынып бітіріп, әлі де өзінің қай салаға барғысы келетінін білмесе, мектеп тағы бір жыл уақыт береді. Сол уақыт аралығында баламен кәсіби кеңесшілер жұмыс істейді. Сонымен қатар 7-сыныптан бас­тап кәсіби бағдар курстары өтеді. Курс негізінде әр оқушы міндетті түрде 1-3 апта өзі қалаған сала­­да жұ­мыс істеп көреді. Ал Жа­­понияда оқушылардың маман­дық таңдауында үш фактордың маңызы зор: өзіңді зерттеу, ма­ман­дықты зерттеу және кәсіби сынақ. Әр жылда 7-9-сынып оқу­шылары 16 салада бақ сынай­ды. Осылайша, үш жыл ішінде әр бала 48 саланы ішінара зерттей­ді. Нәтижесінде, оқушы алған тә­жірибесін анықтайтын тест тап­сырады. Сондай-ақ оларды бақы­лаған мұғалімдері де ба­ға береді. Екі бағалау тестінің нәти­жесі са­лыс­тырылып, бала­ның жеке баға­лау индексі көрсе­тіледі. Осы индекске сәйкес әрі қарай оқу бағ­дар­ламасы ұсы­нылады.

Кейбір елдерде оқушының гуманитарлық бағытқа бейім екені анықталса, жоғарғы сыныптарда жаратылыстану пәнде­рінен босатылып, өз саласында жетілуіне себі тиетін 4-5 пәнді ғана оқиды.

– Меніңше, 9-сынып бітірген­ше оқушыға жалпылама білім берілуі керек. Өйткені адамның көзқарасы есейе келе өзгеруі мүмкін. Ал 10-11-сыныпта толық мамандық бағытына қарай білім алғаны дұрыс. Кәсіби бағдар бойынша біздегі жоғары оқу орындары өзінің бейінді, жаңа мамандықтарын дәріптей білуі керек. Өкінішке қарай, мемлекет біздің университеттерді мем­лекеттік грантпен бағып отыр. Сондықтан олар білім алушыға мұқтаж емес. Онсыз да мемлекеттен грант келеді, грантпен бірге студент келеді. Егер әрбір түлектің келуі маңызды болса, университеттер өңірлерге барып, өзінің мамандықтарын дәріптесе, жағдай мүлдем басқаша болар еді, – дейді «Qazbilim group» компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжан.

Мемлекет басшысы республи­ка­лық педагогтер съезінде: «Бала­ла­ры­мыз заманға сай озық білім алуы қажет. Қазір еңбек нары­ғы өте жылдам өзгеріп, көптеген салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Бұл үдеріс жылдан-жылға қарқын ала беретіні сөзсіз. Бүгін жоғары сұранысқа ие мамандық ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмастырады деген болжам айтып отыр. Сондықтан азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек. Бұл – өте маңызды міндет», деген болатын.

Жаңа кәсіпорындар ашып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін білікті мамандар қа­жет-ақ. Үкімет кадрларды даяр­лау мақсатында мамандарға қажет­тіліктің өңірлік карталарын құру жұмыстарын қолға алды. Мектептерде ерте кәсіптік бағыт берілсе, дипломы бар жұмыссыз жастардың саны азаяр еді.

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті