Фото: halyq-uni.kz
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде АЕК мөлшері (3 692 теңге) өсті. Соған сай жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдердің көлемі артты. Бұл ретте декретке шығатын аналарға қандай әлеуметтік төлемдер берілетініне шолу жасап көрдік. Мәселен, Еңбек кодексінің 99-бабы бойынша жаңа босанған ана немесе жаңа туған баланы асырап алған ана еңбек демалысына шыға алады. Оған бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс түрлері жатады. Демалыспен бірге әлеуметтік жәрдемақылар беріледі. Мысалы, жұмыс істейтін ана жүктілігіне немесе босануына байланысты табысынан айырылса, әлеуметтік төлем беріледі. Сондай-ақ бала туылған соң республикалық бюджеттен жәрдемақы төленеді. Жүкті, босанған, жаңа туған баланы асырап алған деген санаттағы әйелдер табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем бір рет, ал бала бiр жарым жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем ай сайын төленеді.
Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен беріледі. Биыл бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК (140 296 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға 63 АЕК (232 596 теңге) беріледі. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.
Бұрын бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жасқа толғанға дейін төленіп келді. 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем 1,5 жылға ұзартылып, былтыр 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден 1,5 жылға тағайындалды. Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған, жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады. Биыл бірінші балаға – 5,76 АЕК (21 265,92 теңге), екінші балаға – 6,81 АЕК (25 142,52 теңге), үшінші балаға – 7,85 АЕК (28 982,2 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға 8,90 АЕК (32 858,8 теңге) беріледі. Декретке дейін жұмыс істеген аналардың бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның көлемі бала туғанға дейін кейінгі екі жылдағы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (Қор) әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
Бұл ретте «төлем қалай есептеледі?» деген заңды сұрақ туындайды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жүктіліктің 30-шы аптасы басталған сәттен ана елімізде декреттік демалысқа шыға алады. Декретке шыққан кезде жұмыс істейтін аналар төрт және одан да көп айға еңбекке жарамсыздық парағын алады, оған сәйкес оларға жүктілігі мен босануы бойынша біржолғы әлеуметтік төлем есептеледі.
Босанғанға дейін ресми жұмыс істеген әйелдер де әлеуметтік төлем алады, бірақ жалақыға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Бұл ретте жұмыс істейтін аналар ең төменгі ай сайынғы әлеуметтік төлемі баланың отбасында тууына байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыдан кем болмауға тиіс. Бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем негізіне 2 жылдағы Қорға әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық жалақы алынады. Оған кейінгі 24 айдағы барлық ресми кірістер қосылып, 24-ке бөлінеді. Яғни егер әйел кейінгі екі жылда ресми түрде жұмыс істесе, бұл ескеріледі. Мысалы, 6 ай делік. Жалақы мөлшері 24-ке бөлінеді. Енді бұл орташа айлық жалақыны 0,4 коэффициентіне көбейту керек, орташа көрсеткіштің 40%-ын табу керек. Бұдан әрі міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) есебіне алынған соманың 10%-ын
шегеру қажет.
Жүкті аналарға арналған әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдердің барлығын eGov порталы арқылы рәсімдеуге болады.