Қоғам • 07 Ақпан, 2024

Атты адамның ақылы төбесінде...

410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ТМД елдерінің ішінде Қазақстан жол апатынан көз жұмғандар санының көптігінен алдыңғы қатарға шығады екен. Бұл мәселенің себебі көп, салдарына бойлау да ауыр. «Egemen Qazaqstan» газетінің өткен жылғы 30 қарашадағы «Жол апаты азаймай тұр» атты мақаланы жақында көзім шалып қалды. Мұнда кейінгі 30 жылда елімізде жол-көлік апатынан 83 мыңнан аса адамның қаза тапқаны айтылады. Жыл сайын жол үстінде ажал құшқандардың саны 6 пайызға өсіп отырғандығы да дерек ретінде келтірілген.

Атты адамның ақылы төбесінде...

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұл сан салыстырмалы түрде 40 мың халқы бар, Жабай өзені бойымен 17 шақырым жерге созылып жатқан Атбасар қаласының тұрғындарынан екі есе артық. Жаның түршігеді. 2023 жылдың он айында елімізде 11 618 жол апаты тіркеліп, екі мыңға жуық адам көз жұмған.

Мақалада жүргізушілерді даяр­лау деңгейінің төмендігі, қара­пайым жол қозғалысы ереже­лерін білмеу, жүргізуші куәлігін алу орындарындағы сыбайлас жемқорлық ашық сынға алынады. Дау жоқ, жол апатының артуы­на бұл айғақтардың да тигізер салдары көп. Бірақ мұндай апаттар, заңсыздықтар көрші елдерде жоқ деп ешкім айта алмайды. Еуропа, Үндістан, Араб елдерінде болдық. Сонда байқағанымыз – жүргізушілері жол ережелерін сақ­тауға ерекше мән береді, сондай-ақ айналасына құрметпен қарайды. Әлдебіреу, жол тәртібін байқамай бұзып алса, артында келе жатқан көлігін тоқтатып, көмек қолын ұсынады. Ал бізде, өкінішке қарай, бір-біріне сы­пайы­лық таныту, жол беру некен-саяқ, қайта еліріп, айқай-шуға басып, көлігінің сигналын басып, тіпті өзіңмен өзеурей ере­гісіп, қағып кете жаздайды. Соқ­ты­ғысып қалса, көліктерінен шыға сала, ай-шайға қарамай бір-бірі­мен жұдырықтасып, төбелесе ке­те­тіндері де бар. Мұнымен қой­май, балағат, былапыт сөздерді қардай боратады. Өрелері тарылып, ақылдары кемшін тартып жатады.

Атам Тәуке: «Аттылы адамның ақылы төбесінде тұрады. Оны аттан түсіріп барып сөйлеспесең, ырыққа көнбейді», деп отырушы еді. Осыған ұқсас жайтты өз басымнан өткерген кезім бар. Әлі есімде, 1963 жылы мамыр мерекесі күні кеңшар кеңсесінде кезекшілікте отырғанмын. Бір кезде МТМ, технопарк, көкөніс қоймаларын күзетіп жүрген екі салт атты – Б.Северин мен В.Матвей келіп «7-8 бұзақы көкөніс қоймасының қақпасын бұзып, ішінде ойларына келгенін істеп, ойранын шығарып жатыр. Бізге тас лақтырып, таяқ жұмсап маңайлатпады. Не істерімізді білмей, кеңсеге келіп тұрмыз», деді. Дереу кезекшілікте тұрған жүк көлігімен жетіп барсам, тепсе темір үзетін 7 орыс жігіті ішіп алған, қолдарында бір-бір дорба, маған дөрекі сөз айтып, жұдырықтарын түйіп, таяқ-сойылдарын көрсетіп айбат шекті.

Сол екі арада бағанағы екі атты күзетші де жетті. Әлгі кү­зет­­шілердің біреуінің сілтеуге ың­ғай­­лы қамшысын алып, өзін аттан түсіріп, ертоқымның айылын тартып, үзеңгіде шірене отыру үшін бауын ұзартып, атқа мініп көрсем, қиқалақтап, кібіртіктеп дұрыс жүргісі келмейді. Оны­сы­на ырық беретін мен бе, арқам қозып, оны қамшының әрі тепкінің астына алып, есінен тандыра ойнақтатып, әлгі жеті орыстың ортасына сүңгіп кеттім. Сатыр-сұтыр шайқас бас­талды да кетті. Олардың ма­ған сойыл жұмсап жатқанында шар­уам жоқ, қызбалық ауырсындыра ма, бастарына қамшы үйіріп, жосылта соққының астына алдым. Әп-сәтте самайларынан қан шығып, беттері қан-жоса болды. Сасқандарынан бастарын қолдарымен бүркемелеп, кешірім сұрап, өкіріп жылай бастады. Алдыма түсіріп алып, сабай отырып, топырлатып екі шақырым жүгіртіп, кеңсенің алдына үйіріп әкелдім. Жұрт та жиналып қалды. Бәрінің қолдарын артына қарата байлатып, кеңсенің бір бөлмесіне қамап тастадық. Тергеу кезінде олардың іргеміздегі «Рассвет» кеңшарында жұмыс істейтін, тың игеруге келген Ресей азаматтары екені белгілі болды.

Кейін атамның «Аттылы адам­­ның ақылы төбесінде тұра­ды» деген сөзі қалай айна-қа­тесіз айтылған деген ойға қал­дым. Бүгінгі заманның аты – автокөлік. Көлік тізгінін қолға алған әр адамның арқасы қозып, қызбалыққа салынуы бекерден-бекер болмас. Бөгенбай батырдың кіндігінен тараған Саққұлақ бидің «Ғылым шала ақылды кісіні бүтін ақылды қылады. Бүтін ақылды кісіні дана қылады. Жылқы бүтін ақылды кісіні шала ақылды қылады. Шала ақылды кісіні жынды қылады. Оның сүті жел, қымызы жерік» деген сөзі де бағанадан қазбалап айтып отырған менталитетімізді дөп басып, ендігі жерде бар болмысымызды ақылға жеңдіру керектігін меңзегендей. Өркениеттің ша­рық­тай дамыған шағында, беталды далақтап жүріп қырыла бермей, санымызды өсірейік. Есірмейік. Ғылымды, жаңа технологияларды меңгеріп, дамыған елдер қатарына қосылайық. Ағалық ақылым – осы.

 

Қасым ТӘУКЕНОВ,

еңбек ардагері