Аймақтар • 08 Ақпан, 2024

Қарғын суға сақадай-сай

107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыстың кейбір аудандарында қар қалың. Күн күрт жылынса, қарғын су қаупі 71 елді мекенге төнгелі тұр. Сондықтан мамандар көктем мезгіліне дайындықты бүгіннен бастап кетті.

Қарғын суға сақадай-сай

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен 1 ақпаннан бастап болуы ық­тимал су тасқыны кезеңіне жоғары да­йындық режімі енгізілді. Әуелі, су айдын­дарына мониторинг жүргізіледі. Елді мекендердегі қар мүмкіндігінше сыртқа шығарылады. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар 54 000 текше метрден астам қарды далалы жерге апарып төккен. Су тасқыны қаупі төне қалса, облыста жедел ден қою үшін құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамының 2 334 адамы, 223 мотопомпа, 61 жүзу құралы, сондай-ақ, 735-тен астам өзге де техника топтастырылған. 34 285 дана қап, 5 974 тонна инертті материал және 328 тоннадан астам ЖЖМ дайындалды. Төтенше жағдай бола қалса, эвакуацияланатын халықты орналастыру үшін қалалар мен аудандардың әкімдері жалпы сыйымдылығы 17 600 адамға арналған 153 уақытша орналастыру пунктін да­йын­дады.

Мамандар болжағандай, Шығыс Қазақстанда су тасқыны қаупі бар 71 елді мекен нақтыланған. Құтқарушылар үйлерді аралап, су басу қаупі төнген халыққа нұсқау жұмыстарын жүргізді. Мәселен, алдымен аула аумағын қардан тазарту қажет. Әсіресе, ойда тұрған үйлердің тұрғындары арықтың бойын тазартып, еріген қар суы ағатындай етіп ашып тастағаны жөн. Мүмкіндіктеріне қарай, инертті материалдарды қапқа толтырып, сақадай-сай отырғандары абзал. Су басу қаупі төніп тұрған үй болса, жертөлесіндегі азық-түлікті құрғақ жерге сақтау керек деседі мамандар.

– Біз өз тарапымыздан су тасқыны қаупін алдын алу үшін барлық шараларды жасап жатырмыз. Тұрғындар да жауапкершілік танытса екен. Қалай десек те, тілсіз жаудың болу-болмауын дөп басып айта алмаспыз. Мамандар болжайды. Сондықтан дайын болуымыз керек, – деп атап өтті ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дина Бексұлтанова.

Кеше Төтенше жағдайлар депар­таменті мамандары Бутакова ауылының тұсында Үлбі өзенінің мұзын жарды. Себебі, дәл осы тұста мұз қалыңдығы 20-30 сантиметрге жеткен. Күн жылына өзен бетінде мұз кептелсе, арнасынан асқан суға бөгеу қою қиынға соғады. Сол үшін де алдын алу жұмыстарына ерте кіріскен.

 

Шығыс Қазақстан облысы