Денсаулық • 08 Ақпан, 2024

Бөртпе – бастапқы белгі

166 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылша вирустық инфекция болғандықтан, оны денеге шыққан бөртпеден бірден білуге болады. Тез жұғатын ауру ауа арқылы таралады және вирус адам бойында бірнеше аптаға созылады. Сондықтан болар қызылша қарқын алып тұр. Мамандар ауру белгілері байқалса, дәрігерге жүгінуге және қарсы көрсетілімдері болмаса, екпе алуға кеңес береді.

Бөртпе – бастапқы белгі

Өңірімізде қызылшамен ауыр­ған­дар әлі де тіркеліп жатыр. Был­тырдан кешегі күнге дейін қы­зыл­шаға күдікпен 1 468 жағдай тіркелді, оның 991 жағдайында ауру расталды (67,5 пайыз). Мамандар ауырғандардың 88 пайызы екпе алмағанын айтады.

– Жас құрылымында 14 жасқа дейінгі балалар басым. Олардың үлесі – 70 пайыз. Олардың жартысынан көбі – 5 жасқа дейінгі балалар. Жыл басынан бері 372 жағдай тіркелді, оның жартысына жуығы, яғни 186-сы расталды. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакциналаумен қамтудағы олқылықтарға байланысты сырқаттанушылықты тір­кеу облыстың барлық аумағында бай­қалады. Екпе алмағандардың болуы және тұрғындар арасында белсенді көші-қон инфекцияның тез таралуына ықпал етеді. Қы­зылша өте жұқпалы болғандық­тан, қызылшамен ауыратын науқас­тармен байланыста болған екпе алмаған және бұрын ауырмаған адамдардың барлығы дерлік ауруға шалдығады, – дейді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байғұтанова.

Гүлжан Жақтайқызы да ауру­дан сақтанудың дұрыс жолы вакциналау дейді. Осыған байланыс­ты аймағымызда қызылшаға қар­сы қосымша иммундау әлі де жүр­гізіліп жатыр.

– Қызылша жұқтырған бала инкубациялық кезеңнің соңғы екі күнінде, катаральды кезеңде (3-4 күн) және бөртпелердің төртінші күніне дейін, яғни 9 күн ішінде басқаларға жұқпалы болады. Алғашқы үш күнде қызылша респираторлық инфекция түрінде көрінеді. Дене қалтырап, басы ауырады. Жөтел пайда болады, мұрыннан су ағып, тамағы ауырады. Бұл кезде суық тию белгілеріне ұқсас, – дейді Қарағанды қаласының №5 емханасының педиатры Жұпар Құлболатова.

Сырқаттың алғашқы белгі­лері 3-5 күннің ішінде сезіледі. Бала тез шаршайды және дене температурасы көтерілуі мүмкін. Бұл кезеңде қызылшаның негізгі симптомы – науқастың аузында тістердің түбінде ерекше бөртпе пайда болады. Ол ертерек диаг­ноз қойып, ертерек оқшаулауға мүмкіндік береді. Қызылша жұқтырған балаларда жөтел жиілеп, дене қызуы біртіндеп 40 градусқа жетуі мүмкіндігін айтады педиатрлар.

Сырқат жұқтырған бір жастағы балаларда қызылша байқала қоймайды екен. Бөртпе де бірден білінбейді. Бірақ баланың іші өтіп, құса бастайды. Аурудың алдын алмай, асқындырып алса, ауыр салдарға алып келуі мүмкін.

– Қызылша бөртпесі бастапқыда құлақтың артында және шаштың өсу аймағында, бас терісінде пай­да болады, кейін бетке, мойын аймағына және кеудеге тарала­ды. Науқастың саусақтары, аяғының төменгі бөлігінде де пайда болады. Өңі бозарады. Денедегі бөртпелер балаларға қарағанда ересектерде анық білінеді. Аурудың ша­рықтау кезі – осы бөртпелердің пайда болған кезі. Вирустың ең ауыр кезеңі де осы сәтте жүреді. Науқасты тексеру кезінде артерия­лық гипотензия, тахикардия, бронхит немесе трахеобронхит белгілері анықталуы мүмкін. Сол себепті науқастың жағдайын асқындырмай, дер кезінде дәрігер көмегіне жүгіну керек, – дейді Ж.Сабырқызы.

Ауруды анықтау үшін алдымен сараптама алынады. Баланың қан сарысуындағы қызылша вирусына антиденелерді анықтау қажет. Қызылшамен ауырған балалар көбінесе үйде емделеді. Егер науқастың жағдайы ауыр болса ғана ауруханаға жатқызылады екен.

– Бір жасқа дейінгі балалар мін­детті түрде ауруханада ем алады. Жалпы, ауырған баланың гигиена сақтауын қадағалап, дәрумендерге бай сұйықтықты жиі ішкізу қажет. Денедегі бөртпелерге ештеңе жақ­пау керек. Бөлме температурасын­да баланы сумен жуындыру жеткілікті. Онда да температурасы түскеннен кейін ғана, – дейді дәрігер.

 

Қарағанды облысы