44 жастағы Премьер-министр Олжас Бектенов бұл мәселені шеше ала ма деген алаң көңіл бар. Мен саясаттанушы ретінде мәселе жаста емес, табандылықта дер едім. Тарихқа көз салсақ, Тұрар Рысқұлов жиырмадан асқан шағында Мәскеуде Халық комиссариаты төрағасының орынбасары болды.
Көп нәрсе Премьер-министрдің ғана емес, Үкімет құрамының табандылығына да байланысты. Қай жерге қарасаң да проблемалар бар.
Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерде бастама жетіспейтінін, жауапкершілікті өз мойнына алып, шешім қабылдаудан қорқатынын айтты. Алда шешімін күтіп тұрған мәселе көп. Президент сөзден іске көшу керектігін бұл жолы тағы да ескертті.
Ал мен кәсіпкер ретінде Үкімет құрамындағы өзгерістерге назар аудардым. Қаржы және Ұлттық экономика министрлігі басына бұрын осы саладан өткен, тәжірибе жинаған білікті мамандар келді. Билік пен қоғам арасында сындарды сұхбат болған кезде ғана қоғам алға жылжиды. Дәл қазір салық деңгейіне қатысты өзгерістерге көңілі толмайтындар көп. Бұл мәселе жаңа Үкімет құрамында оң шешімін табады деп үміттенемін. Себебі елдің қазынасын тек салықпен емес, басқа жолдармен де толтыруға болады. Заң түзуленсе, нарық делдалдардан таза болады, бизнес өседі, қанатын жаяды, кеңейеді. Біз бюджет түсімін салықпен емес, ШОБ қатарын көбейту арқылы арттыруға да басымдық беруіміз керек.
Мемлекет басшысы көлеңкелі экономиканы азайту жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс істеуіміз керектігін, егер дұрыс басқару құрылмаса, ең озық салық саясаты да тиімсіз болатынын айтты. Бизнес сегментінде көштің бағыты түзу болса, көлеңкелі экономиканың да үлесі азаяды.
Үкімет басына келген Премьер-министр Олжас Бектеновтің негізгі міндеттері барлық министрлік пен мемлекеттік органның қызметіне қатаң бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ мемлекеттік аппараттағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысын күшейту, ірі бизнестің өзара әрекеттесуімен байланысты болады деп ойлаймыз.
Экономикалық үдерістерді басқару реформалардың барысына жауап беретін вице-премьерлер институтын қалыптастыратын кез келді деп санаймын. Осы институтқа мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржы емес, түрлі жобаларға бөлінген қаржыны бақылау құзыреті берілуі керек.
Махамбет АСАБАЕВ,
кәсіпкер
АЛМАТЫ