Пікір • 08 Ақпан, 2024

Ауыл шаруашылығы саласындағы ауқымды міндеттер

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде қор­да­ланған мәселелерді шешу жолдарын атап көрсетті. Президент басымдық беріп, сөз еткен тақырыптар арасын­да отандық агроөнеркәсіп кешені мен су ресурс­тары саласы да бар.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ауқымды міндеттер

«Ауыл шаруашылығына бөлі­нетін қаржыны барынша, тіпті мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейлі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады», деді Мемлекет басшысы.

Бұны ауыл шаруашылығы саласына үлкен қолдау деп білемін. Сонымен бірге, Президент салаға мемлекеттік қолдауды «бір терезе» қағидасы арқылы жүзеге асырып, профилдік қаржы институттарының қызметтерін біріктіру қажеттігін айтты. Сол мақсатта жеңілдікпен несиелендіру мен субсидиялауды бір цифрлық платформаның шеңберінде біріктіру қажет екендігін атап өтті. Бұл ұсыныс бүгінде өте өзекті және «Ауыл» партиясы көптен бері көтеріп жүрген «Агробанк» құру жөніндегі мәселемен үндес. 

Бүгінде елімізде агроөнеркәсіп кешенін «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымдары «Аграр­лық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» қаржы­лан­дырады. Шаруалар көбіне осы ұйым­дар арасында сабылып, көктемгі егін және күзгі жиын кезіндегі алтын уақыттарын қаржы­ландыру мәселесін шешу үшін сарп етеді. Ал осы мәселе­лерді шешуде «Агробанк» сынды бір ғана мекеменің төңірегіне шоғыр­ландырылса, Президент айтқан «бір терезе» қағидаты оңтайлы жүзеге асқан болар еді. Біз «Ауыл» партиясы «Агробанк» құру бойынша ұстанымымызды бұған дейінгі Үкіметке ашық жет­кізген болатынбыз. Жаңа Үкіметке де ұсынатын боламыз. Бұл – тек біздің ғана сая­си амбициямыз емес, мыңдаған фермердің тілегі.

«Ауыл» партиясының негізгі мақсат-міндеті – ауыл шаруа­шылығы мен ауылдық елді мекен­д­ерді дамытуға бағытталған. Сон­дықтан да Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған тапсырмаларын толық қолдайды. Өйткені Президенттің жаңа Үкіметке белгілеп берген бағыты айқын, бағдары нық, талап-тапсырмалары да нақты болып отыр.

 

Серік ЕГІЗБАЕВ,

«Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты, партия фракциясының жетекшісі