Біз мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды, банк саласындағы жетістіктерімізді мақтан тұтамыз, шетелдіктерге банк картасын немесе жүргізуші куәлігін алудың қарапайымдылығымен мақтанамыз. Алайда көп салада толыққанды цифрлық трансформация жүргізілген жоқ.
Бюджеттік және фискалдық үдерістерді толығымен цифрландыру оларды барынша ашық, мейлінше бюрократиядан арылтуға жол ашады. Бюджет кодексінің жобасы және Салық кодексін талқылау тәжірибесі үдерістерді толық цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерi, тендерлер өткiзу кезiнде заң бұзушылықтар, әдiлетсiз салық салу секілді көптеген мәселені жоюға көмектесетінін көрсеттi.
Сыбайлас жемқорлық, салынған инвестиция тиімділігінің төмендігі, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізе алмау, әсіресе цифрландыру деңгейі мардымсыз ауыл шаруашылығы, суды пайдалану және экология, энергетика салаларында жиі болатынын көріп отырмыз.
Президент ауыл шаруашылығын субсидиялауға бюджеттен қомақты қаражат бөлу жоспарланып отырғанын айтты. Дегенмен, бұл ақша қарабайыр субсидияларға, мысалы, жанармай сатып алуға емес, осы отынды үнемдеуге мүмкіндік беретін технологияларды енгізуді субсидиялауға жұмсалуы керек. Министрлікке отандық инновацияларды, жаңа, серпінді технологияларды енгізу үшін өз саласына субсидия бөлу мүмкіндігін беру қажет. Бұл экономикаға жаңа серпін беріп, елдегі ғылымды коммерцияландыру үдерістерін алға жылжытады.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент атап өткен міндеттерден экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау, экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдануға басымдық берілгенін аңғардық. Өйткені қарапайым халықтың табысын арттыру және ұлттық байлықты әділ бөлуге қол жеткізуге осы іс-шаралар арқылы жете аламыз. Бұл – экономикамызды жаңа деңгейге көтеріп, шикізат тәуелділігінен арылтатын маңызды құрал.
Еркін ӘБІЛ,
Мәжіліс депутаты