Пікір • 07 Ақпан, 2024

Сапа мен нәтиженің басымдығы

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы әлемдегі күрделі жағдайды еске салды. Ыр­ға­лып-жырғалып жүретін кезең емес, ширақ қимылдап, шұғыл шешім қабылдап, нәтижеге жұмыс істейтін уақыт келгенін баса айтты.

Сапа мен нәтиженің басымдығы

«Бүгінде бүкіл әлем мемлекет­тердің алдағы ұзақ жылға даму векторын айқындайтын өте күрделі тарихи кезеңді бастан өткеріп жатыр. Біз уақыт көшіне ілесуіміз керек – тез әрі батыл. Уақытты бос сөзбен өткізбей, нақты істерді қолға алып, саяси жауапкершілік танытуымыз керек», деді Президент.

Министрлер мен әкімдердің нақты нәтиже көрсету мерзімі де бел­гі­ленсе керек. Одан кейін ұйым­­дық қорытындылар және тиісті кадрлық шешімдер қабыл­дануы мүмкін. Тығыз және нақты мер­зімдер – мемлекеттік аппаратты кәсі­билендірудің алғашқы қадамы. «Елді мекендердегі тірші­лік­ті қамтамасыз етудің бар­лық жүйесінің үздіксіз жұмы­сын қамтамасыз ету – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі функ­цияларының бірі. Дегенмен, әр жылыту маусымы бір мәселенің бетін ашады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік органдар саланы қазіргі жағдайға жет­кіз­ген жүйелі қателер мен олқы­лық­тардан сабақ алмағанын да ашық сынға алды. «Он жылдан ас­там уақыт Екібастұз ГРЭС-1 энер­гия блогін қалпына келтіре алма­дық. Екібастұз ГРЭС-2-де кеңей­ту және қайта құру жобасын уа­қтылы жүзеге асыруға қатыс­ты мә­селелер бар. Үкiметтiң басым мiн­­детi – биыл қызыл тәуекел ай­ма­ғында орна­лас­қан 19 жылу көзiн жаң­ғыр­туды аяқ­тау. Сондай-ақ 700 мега­ват­тан ас­там қосымша генерация­ны ен­гі­зу­ді қамтамасыз ету қажет. Енді ке­йінге қалдыруға болмайды», деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Тұтастай алғанда, Президент елімізде электр, жылу және суды өндіру және тасымалдау бойынша қуат тапшылығы байқалып отырғанын мәлімдеді. Бұл – Балқаш ЖЭО құрылысын аяқтаудан бас тарту, табиғи монополиялар субъек­­тілерінің жұмысында ашық­тық, сондай-ақ тарифтерді жасанды түрде тежеу сияқты үлкенді-кішілі көптеген қате есептеудің салдары. Бізге бірнеше жүйелік элементті қамтитын саланы терең реформалау қажет.

Мемлекеттік қызметтердің та­риф­­теріне қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев ресурстарды есепке алу және деректерді онлайн беру жүйе­сін енгізуді тапсырды. Оның ай­туынша, тарифтердің көтерілуі тұтыну­шыларды мақсатты субсидия­лаумен қатар жүруі керек. Бұл үде­рісті барынша жеңілдету және авто­мат­тандыру қажет. Үкімет елдің ком­муналдық-энергетикалық инфра­құрылымын қалпына келтіру және дамыту шаралары кешенін әзірлеуге тиіс. Қалаларды абаттандыруға, олардың ластануымен күресуге әкімдер де белсене араласуы керек.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты 

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жол жабық?

Ауа райы • Бүгін, 09:40

Ұстаздық ғұмыр белесі

Ұстаз • Бүгін, 08:43