Пікір • 07 Ақпан, 2024

Бірінші байлық – денсаулық

147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент аса өзекті мәселеге айрықша тоқталып, еліміздің барлық азаматына бірдей жағдай жасап, шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру – әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті екенін атап көрсетті.

Бірінші байлық – денсаулық

Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр. Кейінгі жыл­­дары әлеуметтік саладағы инфра­құры­лым­ды дамыту үшін біраз жұмыс атқа­рылды. Әлеуметтік сала маман­дарының, әсіресе педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қыз­мет­тің сапасын жақсарту қажет. Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау са­ла­сына қатысты мәселе болып жатыр.

Халықтың денсаулығы – ең маңызды мәселе. «Бірінші байлық – денсаулық» деп халқымыз текке айтпаған. Осы тұрғыдан алғанда саланы жедел жақсарту қажет екендігін ел-жұрт көріп те, біліп те отыр. Мемлекет басшысы «Міндетті әлеуметтік медицина­лық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес», деп орынды сын айтты.

Сонымен қатар көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалатынын, салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келетінін атап өтті. «Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс», деді Президент. Мемлекет басшысы ең өзекті мәселелерді атап көрсетіп, әрқайсысына қатысты өз ұсынысы мен пайымын ортаға салды.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенат депутаты