Пікір • 08 Ақпан, 2024

Экономикалық дамудың тың серпіні

114 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтырғы жұмысты қорытындылап, алдағы кезеңде әлеуметтік-экономикалық салада атқарылуға тиіс басты міндеттерді белгілеп берді.

Экономикалық дамудың тың серпіні

Ең алдымен, еліміздің сапалы экономикалық дамуын және азаматтардың нақты табысының өсуін қамтамасыз ету қажет. Президентіміз атап өткендей, ол үшін мемлекеттік аппараттың жұмысы нақты нәтижеге бағыт­талуға тиіс. Сондай-ақ экономикада мұқият зерделенген, батыл әрекет керек.

Осыған орай Үкіметке бюджет және салық саясатының тиім­ділігін барынша арттыру міндеті жүктеліп отыр. Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін әзірлеу ба­рысында инвесторларға және кә­сіп­керлерге қолайлы жағдай жа­сау мен бюджетке қажетті кө­лем­де қаржы түсірудің арасын­да теңгерім болу керектігін атап өтті.

Сондай-ақ Президент тиімді даму үшін экономиканы кешенді түрде ырықтандырудың маңызы зор екенін айтты. Мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан бас тарту қажет. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлу­ді, бәсекенің заңсыз тәсіл­дерін қолдануды да жою қажет.

Мемлекет басшысы агро­өнер­кәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану мәселесіне де баса мән берді. Алдағы уақытта ауыл ша­руа­шылығын қаржыландыру дә­йекті түрде артады. Жерді барынша тиімді пайдаланып, зама­науи агротехнологияларды енгіземін деген шаруаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл ретте үш жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу басты міндет екенін атап өткен жөн.

Аграрлық сала үшін су аса маңызды ресурс екені белгілі. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы өте өзекті мәселе. Сондықтан су үнемдеу технологиясын енгізу және суды көп қажет ететін дақылдарды азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте шет мемлекеттердің озық тәжірибелерін зерделеп, елімізде суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру жолында іргелі істерді қолға алу қажет екені айтылды.

Сонымен қатар Президент инфрақұрылымды дамыту саласында шұғыл шаралар қабылдау керектігіне назар аударды. Бұл бағытта Үкіметтің алдында, бірінші кезекте, бұған дейін басталған жылу орталықтарын жаңғырту жұмыстарын аяқтау және қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Елімізде республикалық ма­ңызы бар жолдарды жөндеу жұ­мыс­тарын аяқтау және темір­­жол саласындағы өзекті мәсе­лелерді шешу де ерекше мән­ге ие. Мұндай кешенді қадам Қазақ­станды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық хабына айналдыруға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ма­ңыз­ды бағыттардың бірі са­на­латын әлеуметтік саланы реформалау­ға да айрықша тоқталды. Қазіргі таңда республикалық бюджеттің жартысына жуығы аталған салаға бөлініп жатыр. Сондықтан мемлекет қаражатын жұмсаудың тиім­ді­лігі ерекше бақылауда болуы керек. Міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру жүйе­сінің жұмысын бақылау, халыққа көр­сетілетін медициналық қыз­мет­тердің сапасын арттыру жөнін­де де нақты тапсырмалар берілді.

Кеңейтілген отырыста Пре­зи­дент мемлекеттік сатып алу, мем­лекет пен жекеменшік серік­тестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалауға арналған маңызды заңдар қабылдау керектігін де атап өтті. Сенат депутаттары бұл бағыттағы тиісті заң жобаларын пысықтауға және Қала құрылысы кодексін әзірлеуге белсенді қатысады.

Бұл істе Сенат Үкіметпен конс­трук­тивті өзара іс-қимылды әрі қа­рай жалғастырып, Президент жүк­теген міндеттердің орындалуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін тиісті жұмысты сапалы әрі уақтылы атқаратын болады.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Сенат төрағасы