Технология • 08 Ақпан, 2024

Жасанды интеллект һәм жүлдегер жазушы

220 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ойдың киесін сөзге дарытып, қолға қалам алып жазу адамзатқа ғана тән деп ойлаушы едік. Дегенмен осы киелі кеңістігімізге технология еніп кеткендей. Жақында ғана Жапонияның белгілі әдеби сыйлығын иеленген жазушы өзіне «ChatGPT» көмектескенін мойындады.

Жасанды интеллект һәм жүлдегер жазушы

Жапон ақыны Мацуо Басе «Жүрек жарығың сөнгенге дейін жаз», дейді. Ал қазіргілерге жарық сөнгеннен кейін технология көмектеседі. Қаламгер Риэ Кудан Күншығыс еліндегі ең беделді сыйлық – «Аку­тагаваның» 17-лауреаты атанды. Ет бітіп, сүйек мүжілген соң, жапон жазушысы қызық мәлімдеме жасады. Романын жазу үшін «ChatGPT» қолданғанын мойындады. Батыл қадамға барған 33 жастағы жазушының «Токиодағы өкініш мұнарасы» романы қазылар алқасының көңілінен шыққан еді. Олар тіпті «кемшілік табу қиын» деген баға да берген.

Жазушы кітаптың шамамен 5 пайызы жасанды интеллект жа­­­саған сөйлемдерден тұрады деп мә­лімдеді. Сондай-ақ автор жа­санды ақыл-оймен жиі сөй­­лесу ешкіммен бөлісе алмай­тын ең құнды ойларын шы­­ғаруға мүм­кіндік бергенін айт­ты. Ал «ChatGPT» жауаптары ша­­быт бе­ріп, қанаттандырған екен. Тіп­ті роман ішіндегі кей диа­лог­ке арқау болған. Роман Сара Макина есімді сәулетші туралы. Ол түрме мұнарасының жобасын әзірлейді, онда заң бұзушылар оңалту мен қайта бейімдеуден өтеді. Роман ішінде де жасанды интеллект жапондықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бө­лігіне айналған.

– Жан дүниемнің бар сырын жасанды санаға ақтардым. Ол маған шабыт берді. Әрі қарай да роман жазу кезінде жасанды интеллектіні қолданамын. Оның тиімді тұсын қолданып, пайдасын көруді жос­парлап отырмын. Сонымен бірге өз шығармашылығымның толық көрінуіне де мүмкіндік беремін, – деді жазушы.

Шығармашылықтың жаңаша тынысын көпшілік әртүрлі қа­был­дап жатыр. Жазушының мәлімдемесінен кейін әлеумет­тік желілерде дау туды. «The Japan Times» басылымы «Акутагава» сый­лығы сияқты беделді марапат­тар­да мұндай бассыздыққа жол беріл­се, әдебиеттің болашағы қан­дай болатынына алаңдаушы­лық білдіретінін жазды. Көбі бұл тәжірибеге «моральдық тұрғы­дан» күмәнді деген баға беріп, «Кудан шынымен беделді жа­пон сыйлығына лайық па?» деген пікір қалдырды. Оқырмандар арасында «Ол жасанды интеллект­ті шебер қолдана отырып, кітап жазды. Бұл талант па? Күмәнім бар», деген көзқарас тарады. Ал Акутагава сыйлығын беретін ұйым жеңімпаздың мәлімдемесіне әлі түсініктеме берген жоқ. Акутагава сыйлығының қазылар алқасының мүшесі болған жазушы Кейичиро Хирано «Х» әлеуметтік желісінде болған жағдайды сынамайтынын жазды. Жасанды интеллектіні қолдану даулы мәселе деп санамайтынын және айтты.

«ChatGPT» 2022 жылы іске қосылды. 2023 жылы ең көп сатылатын триллерлердің авторы Джон Гришам және «Тақтар ойынының» авторы Джордж Мартин басқа жазушылармен бірге авторлық құқықтың бұзылуына байланысты «OpenAI» компаниясына қарсы сот ісін бастады. Ал британдық жазушы Салман Рушди жасанды интеллект өз стилінде жасаған мәтінге «қоқыс» деген баға берген. Жалпы саны 10 мыңнан астам жазушы «ChatGPT»-ге қарсы ашық-хатқа қол қойды. Онда жасанды интеллект индустриясының жетекшілері авторлардан чатботтарды оқыту және оларға өтемақы төлеу үшін мәтіндерін пайдалануға келісім сұрауға ша­қырды. Көптеген мәдениет қай­раткерлері «нағыз өнердің өлімі» деп жасанды интел­лек­тіге қорқынышпен қарап отыр.

Жапонияда жасанды интел­лектіні жақсы қолданады. Мы­салы, жақында ғана жасанды сана көмегімен жасалған манга жа­рыққа шықты. «Kyodo» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, атақты жапон манга суретшісі Осаму Тезука «Қара Жек» мангасын солай шығарған. Өнер саласында жасанды зиятқа қатысты өзге де қайшылықтар туып тұрады. Өткен жылы бір фотограф «Sony World Photography Awards» сый­лығынан бас тартып, оның жүл­делі орынға ие болған жұмысы шын мәнінде өзінікі емес екенін айтқан. «Dall-E» жасанды интеллект бағдарламасымен түсірілген цифрлық сурет екенін мойындап, басын ала қашқан еді.

Көріп отырғанымыздай, әде­биетте жасанды интеллект қол­дану өріс алып барады. Фантаст жазушы Тим Бушетке 9 айда 97 ғылыми фантастикалық кітап жазу үшін нейрондық желілерді пайдаланған. Бұл кітаптарда 2 мың­нан 5 мыңға дейін сөз бар. Бушет­тің айтуынша, бір кітапты жазу 6-8 сағатқа дейін созылады екен, ал кейде оны 3 сағатта аяқ­тауға болады.

Әдебиетте жасанды интел­лек­ті­ні қолдануға көпшілік наразы. Кей­бірі адам шығармашылығының креативтілігі мен табиғилығын өшіреді деп қорқады. Кейбірі нейрондық желілерді пайдалану жазушыларға уақыт тауып беріп, өнімділікті арттырады деп санайды. Қаншама қарама-қайшылыққа қарамастан, жасанды интеллект өміріміздің барлық бөлігіне еніп кетті. Тіпті адамзаттың әлеммен жасаған жалғыз келісімі – жазудың өзін жаулап алды.